Елорда төріндегі ғаламат кездесу Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың мұрындық болуымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – елімізде теннис спортының танымалдығын арттыру және жас өрендерді осы спортқа баулу. Сондай-ақ билеттен түскен қаржы балаларға арналған инклюзивті алаңдар салуға және облыстардағы аудан орталықтарында теннис спортын дамытуға жұмсалады.
2015 жылы пайдалануға берілген «Барыс Арена» мұзайдын кешеніне 11 626 көрермен еркін сияды. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті, Қазақстан құрама командасының капитаны Диас Досқараевтың сөзінше, қазіргі таңда Джокович пен Надаль матчына 8 мыңнан аса билет сатылған. Айта кету керек, кездесудің жеңілдетілген тарифтегі арзан билеттері сатылымға шығарылған аптаның алғашқы күндерінде-ақ сатылып кеткен. Ал қымбат тарифтегі билеттер әлі сатылымда.
Қазіргі таңда елімізде теннис спорты айтарлықтай деңгейде дамып келеді. Барлық облыс орталықтары мен қалаларда аталған спорт түрімен шұғылдану үшін спорт кешендері мен теннис корттары салынған. Осындай қолдаудың арқасында қазір қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жетіп жүр. Сондай-ақ Қазақстанның ерлер және қыздар құрамасы жыл сайын теннистен бейресми әлем чемпионаты саналатын Дэвис кубогы мен Федерация кубогында сәтті өнер көрсетуде. Тағы бір айта кетерлігі, жуырда ғана Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті болып қайта сайланды. Өтемұратовтың вице-президенттікке қайта сайлануы – қазақ теннисінің халықаралық аренада беделі жоғары екенін айқындай түседі.
Сонымен Джокович пен Надаль матчына оралсақ. Екі теннисші де Қазақстанға 24 қазан күні таңертең келеді. Қонақүйге жайғасып, аздап тынығып алғаннан кейін олар қаланың көрікті жерлерін аралайды. Атап айтар болсақ, сербиялық пен испаниялық саңлақ «Әзірет Сұлтан» мешітін, Тәуелсіздік сарайын, Haileybury Astana британиялық мектебін, Назарбаев Университетін, Ұлттық теннис орталығын, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры мен «Бәйтерек» монументін тамашалайды. Сонымен қатар жарыс болатын күні екі теннисші Қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз мәслихатына қатысады.
Қазіргі таңда Джокович пен Надаль әлемдік рейтингте алғашқы екі орынды бөлісіп тұр. Қос теннисші басқа турнирлерді айтпағанның өзінде «Үлкен дулыға» санатындағы (Аустралия ашық чемпионаты, Франция ашық чемпионаты, АҚШ ашық чемпионаты және Уимблдон) турнирлерде 34 мәрте топ жарған. Сондықтан қазіргі теннис жұлдыздарының кездесуіне тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік жанкүйерлер де ерекше қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ Джокович пен Надаль елордамызда жеке кездесу бойынша мерейтойлы 55-ші матчын өткізеді. Бұл да статистика сүйетін жанкүйерлер үшін қызықты әрі тарихи оқиға болмақ.
Нұр-Сұлтандағы қайырымдылық матчында Новак Джокович ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы ретінде кортқа шығады. Ал осы кездесуден кейін Рафаель Надаль әлемнің бірінші ракеткасы атағын өзіне қайтарып алады. Себебі осыдан бірер апта бұрын Новак Шанхайда өткен «Мастерс» турнирінің төрттік финалында грек Стефанос Циципасчудан жеңіліп, былтырғы титулын қорғай алмады. Осылайша Джокович АТР рейтингіндегі алғашқы орнынан айырылып қалды. Теннисшілердің келесі әлемдік рейтингі ресми түрде 4 қараша күні жаңарады. Сол күні Джоковичтен былтыр Париждегі «Мастерс» бәсекесінің қорытынды турнирінде иеленген 1600 ұпайын алып тастайды. Ал биылғы «Үлкен дулыға» мен «Мастерс» турнирінің екі бірдей жарысында топ жарған Рафаэль Надаль әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Жоғарыда екі теннисші Нұр-Сұлтанда жеке кездесу бойынша 55-ші матчын өткізеді деп айтып қалдық қой. Сол 55 матчтың 28-інде Новак Джокович жеңіске жетсе, 26 кездесуде Рафаель Надальдің мерейі үстем болған. Теннисшілердің корттағы алғашқы теке-тіресі 2006 жылы басталған. Дәл сол жылы Джокович пен Надаль «Ролан Гаррос» (Франция ашық чемпионаты) турнирінің финалында жолығып, испаниялық теннисші екі сетте 4:6, 4:6 есебімен жеңіске жеткен. Ал қос теннисші әзірге соңғы рет Италиядағы Internazionali BNL d'Italia жарысының финалында кездескен. Бұл матч та Надальдің жеңісімен аяқталған.
Елордада өтетін екі теннисші арасындағы 55-ші кездесуде кім жеңеді екен? Бұл сұрақтың жауабын 24 қазанда білетін боламыз.