Руханият • 18 Қазан, 2019

Жәнияның жұлдызы жарқырады

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Шалқыма» концерт залында Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың шығар­машылық кеші өтті. Қазақ музыка өнерінің көгіндегі жарық жұлдыз Қарағанды симфониялық оркестрімен бірге халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің ашылуында өнер көрсетті.

Жәнияның жұлдызы жарқырады

– Қарағандыға әрдайым ерекше сезіммен келемін. Клас­­сикалық музыкаға, менің шы­ғар­машылығыма деген сүйіс­пеншіліктеріңізге басымды иіп алғыс айтамын! Қарағанды ор­кестрімен бірге өнер көрсету мен үшін ерекше бақыт, – деді әлемге әйгілі музыкант.

Шығармашылық кеш барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұ­ло­ваның өнер майталманына арнап жолдаған құттықтау хаты оқылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халық әртісіне алтын уақытын қиып, Арқаға келіп өнер көрсеткені үшін алғыс сезімін жеткізді. Сондай-ақ ол Жәния Әубәкірова үшін Қарағанды облысының бөтен еместігін, оның әкесінің осы өңірдегі Шет ауда­нының тумасы екенін айта келіп, өнер жұлдызына шығар­машылық табыс тіледі.

Әйгілі музыканттың өзі толқынысын жасыра алмай, көрсетілген сый-құрметке шынайы алғысын білдірді. Зор тебі­реністің үстінде тұрып, Қара­ғанды облысының өсіп-өр­кен­­­деуіне тілектес екендігін жет­кізді.

– Ұмытылмас сәт! Мұндай құрмет өнер адамдарын кере­мет қанаттандырады. Мен бақыт­тымын. Әрине Қарағанды же­рінде менің өнерім мойындалатыны – мен үшін ерекше марапат, ерекше мақтаныш. Бұл мен үшін аса қымбат. Шығармашылық, шабыт, жалпы өмірім үшін өте күшті серпін береді, – деді Жәния Әубәкірова ағынан жарылып.

Еске салсақ, Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясы» 2007 жылы «Қарағанды – менің жастығымның қаласы» атты бірінші ретро-фестиваль ая­сында ашылған болатын. Мұнда бірінші болып халық әртісі Бибігүл Төлеге­нованың аты-жөні жазылған ескерткіш белгі қойылған. Сондай-ақ аталған аллеяда Роза Рымбаеваның, «Дос-Мұқасан» ансамблінің, Қай­рат Байбосыновтың, Ескен­дір Хасанғалиевтің, Мақ­пал Жүнісованың, Болат Сыз­дықов­тың және басқа да мәдениет пен өнер қайраткерлерінің атаулы белгілері бар. Ал халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты Жәния Әубәкірованың құрметіне арналған атаулы белгі «Жұлдыздар аллеясында» жағылған оныншы жұлдыз.

 

ҚАРАҒАНДЫф