Б.Бекназаров сот жүйесін жаңғырту және сот кадрларын жаңарту жөніндегі заңнамалық актілерді жетілдіру мәселелері Сенат отырысының күн тәртібіне бірнеше мәрте қойылғанын атап өтті.
2019 жылғы 21 ақпаннан бастап «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді.
«Бұл заңдар судьялардың тәуелсіздігі қағидасын одан әрі нығайтуға, оны жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-қаржылық кепілдіктерін нығайтуға бағытталған», - деді Сенат Төрағасының орынбасары.
Ол түзетулердің едәуір бөлігін Сенат «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңға енгізіп, осы мемлекеттік органның судья кадрларын тағайындау мен босатуға ұсыну үшін іріктеу құзыретін айтарлықтай кеңейтетінін хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа сессиясының ашылуында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев судьяның заң мен ішкі наным-сенімін негізге ала отырып, шешім шығару құқығы мызғымас болып қала беретінін атап өтті. Бұл іс жүзінде судьяларға ешкімге алаңдамай жұмыс істеуге және сот қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен негізділігіне жауапты болуға сенімділік туғызады», - деп атап өтті Б.Бекназаров.
Сенат Төрағасының орынбасары оң нәтижелерге қарамастан, сот ісін жүргізу деңгейі заманауи құқықтық мемлекеттің сапалық көрсеткіштері мен міндеттеріне жете алмай отырғанын атап өтті. Оған сот жүйесіндегі өзекті мәселелер себеп болып отыр, олардың көпшілігі судья кадрларына қатысты.
Б.Бекназаров кадр саясатының келешегіне қатысты бүгінгі талқылау осы проблемаларды шешудің дұрыс жолдары мен әдістерін көрсететініне сенім білдірді.