Қоғам • 18 Қазан, 2019

Бюджетті құру кезінде тиімсіз шығындарға жол берілмейтін болады

116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде имиджді қалыптастыру, кеңес беру қызметтері мен ғылыми зерттеулерге жұмсалатын тиімсіз шығындар жойылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бюджетті құру кезінде тиімсіз шығындарға жол берілмейтін болады

Бюджеттік процестерді жетілдіру бойынша Қаржы министрлігі атқарып жатқан жұмыстармен таныстырған министрдің орынбасары бюджет шығыстарын талдау және оңтайландыру ісі ерекше назарға алынып тиімсіз шығындар қысқартылғанын айтты.

«Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде 21,340 млн теңгеге шығындар оңтайландырылды, оның ішінде 2020 жылға 10,335 млн теңге ғылыми және ғылыми-техникалық іс-шараларды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған. Талдау нәтижелері бойынша тиімсіз шығындар қайта бөлінеді. Үкіметтің 56 тапсырмасының 10-ы 6,4 млрд теңгеге оңтайландырылды», - деді Б. Шолпанқұлов.

Сонымен қатар бюджеттік заңнамаға түзетулер енгізу мәселесі де қарастырылған. Яғни, бюджеттік процестің кезеңдерін қайта қарау қолға алынбақ. Осылайша, шығындар лимитін стратегиялық жоспарларды құру сатысында жүзеге асыру ұсынылады.

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін есепке алуды енгізу мәселелері қаралды. Квазимемлекеттік сектор субектілері шотындағы игерілмеген қаражатты қазынашылық бюджетке қайтару, сондай-ақ есеп беруді қамтамасыз ету және қажетті аналитикалық жұмыстарды жүргізу үшін Бірыңғай шоттар ұғымын енгізу мәселесі талқыланды.