Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Газ келсе, жылу тарифтері өзгере ме?

367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоңыр күздің мизам шуағы өтіп, кезекті жылу маусымы басталды. «Қыстың қамын жаз ойла» деп халқымыз бекер айтпаған. Қар түспес бұрын коммуналдық қызметтер жылу нысандарын тексеріп, дайындық жұмыстарын пысықтайтыны мәлім. Орайлы сәтті пайдаланып, бас шаһардың биылғы науқанға әзірлігін біліп қайттық. Жақында, елорданы көгілдір отынмен қамтуға бағытталған «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталды. Бірақ жылудың бұл балама түрі тұрғындар үшін қымбатқа түспей ме?

Газ келсе, жылу тарифтері өзгере ме?

Ескірген жылу желілері ауыстырылды

Көгілдір отын мәселесіне әлі ораламыз, алдымен бас қаланың жылу науқанына дайындығын қаузасақ. Биыл елордадағы жылу желілерін жаңғыртуға 1 млрд 400 млн теңге бөлінді. Ұзын саны 12 нысан жөнделуі тиіс. «Астана-Жылутранзит» кәсіпорны өкілдерінің айтуынша, әсіресе шаһардың шығыс бөлігіндегі жылу магистралінің әбден тозығы жеткен. Ол өткен ғасырдың 70 жылдардың соңынан бері жөнделмеген екен.

–21-ші жылу магистралі биыл іске асырылатын 12 жо­ба­ның бірі. Бұл нысанға құры­лыс жұмыстары «Астана-Жылу­­транзит» кәсіпорнының қара­­жа­ты есебінен жүргізілді. Қала­дағы ең ескірген жылу ма­гистра­лі – осы. Негізінен ол 1979 жы­лы пайдалануға берілген еді. Оны толығымен жаңарттық. Жы­­лу жолының ұзындығы – 594 метр. Жұмыс кестеге сәй­кес орындалды. Алдағы 30 жыл­да тұ­ты­нушылар жылу­дан тар­шылық көрмейді, оған біздің кә­сіп­орын кепілдік береді. Құры­лысқа 300 млн теңге жұмсалды. Пай­да­ла­нылған барлық құрылыс материал­дары 100% қазақстандық өнім. Жөнделіп жатқан нысандардың дені Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарында ор­наласқан, – деді «Астана-Жылу­транзит» АҚ төрағасының құ­­рылыс жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нұғыманов.

     Тариф қымбаттауы мүмкін

Айта кетейік, бас шаһарда жылу тарифі 2016-2020 жылдарға арналған шекті деңгей бойынша белгіленген. 2017 жылдан бастап «Астана-Жылутранзит»  тарифті біртіндеп төмендеткен. Мәселен, 2017 жылы 3%-ға, 2018 жылы 4%-ға, 2019 жылы оның бағасы 10%-ға арзандапты. Кәсіпорын өкілдері соңғы жылдары көптеген жаңа нысан іске қосылғанын айтады. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша шамамен 50 миллиард теңге жұмсалған көрінеді. Бұл жаңа активтердің көбейгенін аңғартса керек. Сәйкесінше мүлікке салық төлемін және амортизациялық аударым жасау қажеттілігі туындады. Бұл қолданыстағы тарифте ескерілмей, оны қайта қарауға мүмкіндік болмаған. Тек келер жылы жаңа бесжылдық тарифте бұл өтініш қарастырылады. Әзірге жылудың бағасы өзіндік құнынан төмен дейді қызмет көрсетуші ұйым мамандары. Бүгінде тариф 1125 теңге мөлшерінде. 2020 жылы оның құнын 1345 теңгеге көтеру жоспарланып отыр. Демек, 18 пайызға қымбаттайды.

– Өздеріңізге мәлім, былтыр Қауіпсіздік кеңесінде тариф мәселесі қаралып, оның бағасын 10%-ға арзандату туралы шешімі қабылданды. Тарифтің құрылымына қатысты ақпаратты сайтта жариялаймыз деп ойлаймын. Кейбір адамдар тарифке толығымен «Астана-Жылутранзит» жауап береді деп қате түсінеді. Алайда біздің мекеме ықпал ете алмайтын факторлар бар. Бұл бірінші кезекте газдандыру мәселесіне қатысты. Себебі 13% шығынды жылу таратушы ұйымнан сатып аламыз. 2019 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның негізгі қызметтен келетін шығыны 900 млн теңгені құрауы мүмкін, – деді «Астана-Жылутранзит» АҚ төрағасының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Руслан Аралбай.      

Жылудың қарызы - 460 млн теңге

Елордалық монополистің негізгі тұтынушысы «Астанаэнергосбыт» компаниясы. Қазір бұл ұйымның «Астана-Жылутранзит» алдындағы қарызы 460 млн теңгені құрайды.

–Барлық өнім көлемін «Астанаэнергосбыт» компаниясына таратамыз. Олар жылуды тұтынушыларға жеткізеді. Бұл мекеменің бізге алдымыздағы қарызы 460 млн теңгеге жетті. Ал тұтынушылардың берешегін олар өздері жинайды. Оны қалай жүзеге асыратыны бізге беймәлім. Бұл туралы бізге хабарлап отыруға компания міндетті емес, – деді Р.Аралбай 

Көгілдір отын арзан бола ма?

Қазір бас шаһардағы халық саны 1 млн 200 мыңнан асады. Осы ретте миллионнан астам тұрғыны бар қаланы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамту оңай шаруа емес. Жылу нысандары көмірге тәуелді. Экологиялық конъюнктура шатқаяқтаған кезеңде қатты отынды жағу мәселені одан сайын күрделендіреді. Міне осы проблеманы ауыздықтау үшін мемлекет «Сарыарқа» газ құбыры жобасын қолға алды. Жуырда магистралді газ құбыры Нұр-Сұлтанға жетіп, желілік бөлігінің құрылысы аяқталды. Жобаның жалпы құны 250 млрд теңгеден асады. Оның ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Көгілдір отынмен 170-тен астам елді мекен қамтылады деп көзделуде. Ең ауқымды инфрақұрылымдық жобаның бағыты Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан қалалары аралғына дейін жалғасып жатыр. Енді елорда басшылығының алдында газды ішкі желілерге тарату міндеті тұр.

Алғашқы кезеңде газ құбырын 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-на жеткізіп, қосу межеленіп отыр. Бұл шамамен 13 шақырым қашықтықты қамтиды. Одан әрі құбыр Көктал-1 және Көктал-2 сынды жеке секторларға тартылмақ. Бұл арқылы астананы тұмшалаған түтін азайып, атмосфераға тарайтын зиянды қалдық қысқарады деген сенімде елордалық истеблишмент. Бірақ осы орайда мазалайтын сұрақ бар. Орталықтандырылған газ жүйесі тарифке қалай әсер етеді? Көгілдір отын халықтың қалтасын қақпай ма?

–Қазір газ құбырының жылу тарифіне қалай әсер етінін айту қиын. Неге десеңіз, бізде бұған қатысты қандай да бір ақпарат жоқ. Жұмыстың өзіндік құны мен газ құбырының баланстық құны туралы мәлімет бізге берілмеді. Бұл ретте айта кеткен жөн, газды тасымалдаумен «ҚазТрансГаз» компаниясының еншілесі «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы айналысады. Газды Қазақстан бойынша тасымалдауға байланысты олардың ортақ тарифі бар. Көгілдір отынды тасымалдау құқығын өздері иеленсе немесе сенімді басқарушылыққа өткізсе, жалға берсе иә болмаса баланста ұстаса, сәйкесінше олардың тарифі өседі. Алайда газ тасымалы бағаның айтарлықтай өсуіне ықпал етпейді. Себебі газдың негізгі бағасының 70%-ын сатып алу құны құрайды. Әйтсе де қазір нақты болжам айту қиын, –  деді Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Асан Дарбаев.

P.S. «Газ құбыры рекордты қысқа мерзімде аяқталды» деп шенеуніктер бөрікті аспанға лақтырды. Климаты жылы аймақтарда газ таптырмас энергия көзі. Алайда Сарыарқаның желтоқсандағы үскірік желі мен қаңтардағы қытымыр аязында көгілдір отын халық игілігіне жарай ма? Уақыты келгенде оған да көз жеткіземіз. Ауқымды жоба күткен үмітті ақтаса игі?!