Медицина • 21 Қазан, 2019

Қызылша ауруына қырағылық қажет

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы 3 жылда елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 1,1 есеге төмендеді. Сөйтіп бұл аурудың қаупі азайды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Қызылша ауруына қырағылық қажет

Оның айтуынша, елімізде көп­теген инфекциялық ауру­лар бойынша тұрақты эпидемио­логиялық жағдай байқалады.

«Республика халқының арасында 2019 жылдың 9 айында адам үшін аса қауіпті саналатын оба, дифтерия, полиомиелит, трихинеллез, висцералды лейш­маниоз секілді 9 дертпен сырқаттану жағдайлары тіркел­ген жоқ. Өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 35 нозология бойынша сырқаттану көрсеткіші, оның ішінде А ви­рустық гепатиті 2,1 есе, менинго­кококк инфекциясы 41,3%, жіті вирустық гепатит 49,61%, энтеробиоз 29,8%, сальмонеллез 22%, тұмау 12,5%, ЖРВИ 9,4%, тыныс алу ағзаларының ту­бер­кулезі 8,5%, эпидемиялық паротит 8%-ға төмендеді», деді Ж.Бек­шин.

Ал 2018 жылдың қоры­тын­дысы бойынша көптеген дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігі 79,5%-ды құрады және әлемдегі ең үздіктердің бірі болып табылды. Қазақстанда көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастардың саны жыл сайын азайып келеді. Соңғы 5 жылда 2013 жылғы 10455-тен 2018 жылы 7282-ге дейін, яғни  30%-ға азайды.

Туберкулезді ерте анықтау мақсатында Қазақстанда халық­аралық стандарттарға сәйкес келетін қазіргі заманғы әдістер енгізілді. Осы ретте атап өтерлік жай, тәуелсіз Қазақстан өз тарихында бірінші рет эпидемиялық қауіпті аймақтан шықты.

Дегенмен, қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайда алаңдатарлық оқиғалар бар екен­дігін айта кеткен жөн. Сондықтан Ж.Бекшин бұл мәселеге барынша екпін түсіре сөйледі.

Осыған орай қабылданған шаралар нәтижесінде сырқатта­ну­шы­лықтың төмендеу үрдісі байқалды. Мәселен, қыркүйек айында рес­публика бойынша қызылшамен сыр­қаттану наурыз айымен салыс­тырғанда 6,7 есе төмендеді.

Бүгінде қызылшамен сырқат­та­нудың 10 896 жағдайы тіркел­ді. Сырқаттанушылық көбіне егілмеген балалар ара­сында тіркеледі, олар сырқаттану­шы­лықтың 60,4%-ын құрады.

Қызылшамен ауыру рес­пуб­ликаның барлық аймағында тіркелді. Ең көп сырқаттану Нұр-Сұлтан қаласында орын алды, мұнда 3 мыңнан астам адам ауырды. Мыңнан астам жағдай Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында тіркелді.

Биыл еліміз бойынша қызыл­шадан 19 адам қайтыс болса, оның 17-сі – бала. Бұл балалар қызылшаға қарсы егу шаралары­нан өтпеген. Ошақтарда эпиде­мия­­ға қар­сы іс-шаралар жүргі­зі­лу­де, 18 мыңнан астам адам егілді.

Қызылшаға қарсы вакцинация былтырғы сәуір айынан бас­талған болатын. Алайда көптеген адамдар бұл мәселеге салғырт қарауда. Ауырғандардың 60%-ын вакцинациядан өтпеген адамдардың құрағаны соның нақты көрінісі.

Сондай-ақ ауырғандардың елеулі бөлігін вакцинациялауға жасы жетпеген нәрестелер құ­рау­да. Қызылшаға қарсы егу сә­би­­дің 9-10 айлық кезінен бас­тап жүргізіле бастайды. Бұл мә­селе бойынша ата-аналардың ек­ті­руден бас тартуы немесе сал­ғырт­тығы жиі кездеседі. Мі­не, осы­ның салдарынан 1400 нә­рес­­те ауырған. Мұндай жағдай қы­­зыл­­шаның өршуінің басты себебі.

Ж.Бекшин қызыл­ша­мен кү­рес әлем бойынша жү­ріп жат­қан­ын атап өтті. Мә­се­лен, Еуро­паның өзінде 130 мың адам осы науқасқа шалды­ғып, 70-тен астамы қай­тыс бол­ған. Сондықтан Фран­ция, Ита­лия секілді елдерде адам­­дарға ектіруді міндеттейтін заңдар қабылданған. Кейбір елдерде, соның ішінде АҚШ-та вакци­нациядан өтпеген балалар мен жас­тар мектептер мен институттарға жіберілмейді. Тіпті кейбір елдерде шарадан бас тартқаны үшін ата-аналарды түрмеге отырғызу жағдайы да кездеседі. Елімізде қызылшадан 19 адамның қайтыс болу оқиғасы бұл мәселе бойынша ата-аналар мен қоғамның жауапкершілігі төмендегендігін көрсетеді. Кеңес заманында мұндай жағдайға жол берілмейтін.

Ж.Бекшин күннің суытуына орай тұмауға ұқсайтын вирустық ауру­лардың бас көтеруі мүмкін екендігін ескертті. ЖРВИ бо­йынша 2019 жылы бюджет қаражаты есебінен 1 млрд 600 млн теңгеден астам сомаға Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,8 млн дозасы сатып алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың дозаға артық. Вакцина құрамында алдағы маусымның тұмау штамдары бар.

Қазір республика бойынша 590 621 адам тұмауға қарсы егілді. Вакцинадан кейінгі ас­қы­нулар анықталған жоқ.