Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Тіл – ұлттарды біріктірудің құралы

623 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған алғашқы Жолдауын­да қоғамдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани салалардағы өзекті мәселелерді атап көрсетіп, оны шешудің негізгі жолдарын айқындады.

Тіл – ұлттарды біріктірудің құралы

Жолдауда мемлекеттік тілдің қоғам­дағы рөлі туралы «Қазақ тілінің мемле­кеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтара­лық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәре­жеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп атап көрсетті.

Тіл – мемлекеттің тірегі. Ел тұтасты­ғының беріктігі мен халықтардың бір­лігі санадағы ойдың ортақтығымен ас­та­сып жатады. Ортақ пікірдің бір тілде – мемлекеттік тілде жарыққа шы­ғуы сол елде өмір сүріп жатқан түрлі халық­­тардың бірлігін айқындайды. Тіл – ұлт­тарды біріктірудің құралы. Бұл жөнін­де «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақ­стан халқын топтастырудың аса маңыз­ды факторы болып табылатын мемле­кеттік тілді меңгеру – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының әрбір азаматының па­рызы» деп нақты жазылған. Тіліне мем­лекеттік тіл деп мәртебе беріп заңды рәсім­деген мемлекеттерде азаматтар еш­қан­дай ұлтына қарамай мемлекеттік тілге құр­мет көрсетіп, ресми құжаттары мен жиын­дарын мемлекеттік тілде жүр­гізеді. Қазақ тілінің де қолдану аясын кеңейту, бай лексикалық қорын пай­­далану, ұлтаралық қарым-қатынас тілі­не айналдыру практикасы биліктен ба­с­талуы тиіс. Дамыған мемлекеттердің тіл саясатын мемлекеттік деңгейге шы­ғару үрдісін (процесс) біздің елімізде де жал­ғастыру мүмкіндігі туып отыр. Оны іске асырушы жастар дайын. Пре­зи­денттің «Жастардан құралған кадр­лық резервті даярлау» жобасымен мем­лекеттік қызметке келетін жастардың көбісі қазақ тілін игергендер болуы заңды нәрсе.

Себебі жылдан-жылға елімізде қазақ мектептерін бітірушілер саны арту­да. Әлеуметтік желілерде қазақ тілді оқыр­мандардың көбею фактісі де айқын­далуда. Халықтың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруды одан әрі жақсарту үшін мемлекеттік, же­ргі­лікті, өкілді және атқарушы органдардағы тіл басқармалары барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті ұйым­дастырушылық іс-шараларды тоқ­тат­пау керек. Әкімшіліктегі әрбір жиын­дар мен өтетін іс-шараларда қазақ тілі­нің еркін қолдануы үшін мүмкіндік жа­сап, идеялардың бір тілдің негізіне бірі­гуіне жағдай жасағаны дұрыс. Тіл үйре­тетін орталықтар мен түрлі үйір­мелер, этностық орталықтар мемле­кет­тік тілді үйрететін оқу-әдістеме­лік құралдардың жарыққа шығуына мүмкіндік жасауы керек. Отбасындағы әрбір азамат баласының бойына «мемле­кеттің тірегі – оның тілінде» ұғымын қалып­тас­тыруға атсалысқаны жақсы болар еді.

 

Жазира АҒАБЕКҚЫЗЫ,

Назарбаев Университеттің ассистент профессоры