Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Ғаламтормен танысқан ғашықтардың «ғұмыры» қысқа

414 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бүгінде еліміз ажырасу бойынша әлемде 10-шы орында екен. Қазақстанда 2019 жылы 63 917 неке тіркелсе, соның 29073-і (45,5 пайызы) айырылысып кетіпті. Ал Шығыс Қазақстанда биыл 8 айда 6221 неке тіркеліп, соның 3129-ы ажырасып тыныпты. Мұндай деректерді жақында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Бақытты отбасы» қанатқақты жобасының аралық қорытындысы шығарылған кезде мамандар тарапынан естідік.

Ғаламтормен танысқан ғашықтардың «ғұмыры» қысқа

Қоғамда дертке айналған ажырасуды азайту мақсатында Жоғарғы соттың бастамасымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қол­да­уымен жүзеге асырылып жатқан «Ба­қыт­ты отбасы» қанатқақты жобасы маусым айында еліміздің 8 өңірінде бастау алып, отбасын ресурстық қолдау орталықтары ашылып, отбасылық соттар жұмысын бастапты. Осы уақыт аралығында Өскемендегі отбасын ресурстық қолдау орталығына 579 адам (149 ерлі-зайыпты) ақыл-кеңес сұрай келген. Олардың ең жасы – 20-да болса, ең егдесі 66 жаста екен. Осы 579 адамның 472-сінің некелескеніне 10, 93-іне 20, 27-сіне 20 жылдан асыпты. Бір қуантарлығы, орталық көмегіне жүгінген 579 адамның 26 пайызы, яғни 149 ерлі-зайыпты некелерін сақтап қалып, қайта татуласуға келісім берді. «Бұл жобаның мақсаты – аты айтып тұрғандай отбасылардың ажырасуына жол бермеу, ажырасудың себеп-салдарын зерттеп-зерделеу, отбасы құрмаған жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Біздің серіктесіміз – Өскемен қалалық соты. Сот ғимаратынан бізге арнайы бөлме берілген. Орталық 5 күн жұмыс істейді. Мамандардың, яғни заңгерлер, психологтар мен дәрігерлердің ақыл-кеңесі тегін. Қалалық сот қыз­мет­кер­лері сотқа ажырасуға өтініш бер­ген отбасылардың ішінен «осылар қайта қосылуы, тіл табысуы мүм­кін» дегендерін бізге жібереді. Бір қуанарлығы, біздің орталыққа келе­тін отбасылық жұптардың арасынан, әсіресе ер адамдардың отбасын сақтап қалуға мүдделі екендігін байқаймыз. Бізге келген 479 адамға сарап жасағанымызда түйгеніміз мынау. Олардың ажырасуына не себеп? Бірінші себеп – жұптардың арасында ортақ қызығушылықтың жоқтығы. Бүгінгі жастар бір-бірімен қалай танысады? Негізінен ғаламтор арқылы танысады. Бізге келгендердің көпшілігі интернет арқылы танысқандарын айтады. Бұрынғы, біздің кезіміздегі жастардың барлығы болмаса да, біразы әуелі мектепте, кейін университетте бірге оқып, содан кейін барып, бір-бірін жақсы танып үйленетін еді. Қазір қыздар интернетке әдеттегідей қолдарына ұялы телефон ұстаған сәтін емес, кітап оқып отырған, гүл суарған, торт пісірген кезін дегендей, яғни тек әдемі суреттерін ғана салады. Шын мәнінде, ол әлгі тортты дүкеннен сатып әкелуі мүмкін. Мұны көрген жігіттер әлгі қызға ғашық болады. Сөйтеді де, әрі кетсе бір-екі ай жүріп, үйленеді. Ата-анасы кредит алып, шығынға батып, дүркіретіп той жасайды. Сөйткен жастар жарты жылға жетпей ажырасады. Ал ата-анасы 5-6 жыл көзінің жасы сорғалап кредит төлейді. Қазір осындай жағдайлар көп. Бұрын ЗАГС-ке (АХАТ) болашақ жас жұбайлар өзіміз баратын едік. Қашан тіркейді деп көзіміз жәудіреп күтіп отыратын едік. Қазір бәрі оңай. Онлайн тіркейді. Ажырасқанда да онлайн ажырасады. Бәрі онлайн. Мұның да зиянды тұстары бар. Сондықтан біз әлі отбасын құрмаған жастар, студенттер арасында кездесу өткіземіз» дейді «Бақытты отбасы» жобасының Өскемен қаласындағы үйлестірушісі Нәзігүл Ахметқалиева.

Өскемендегі отбасын ресурстық қолдау орталығы мамандарының сө­зі­не сенсек, ажырасудың себеп­те­рі сан алуан. Ер адамдардың ойын­құмарлығы, ішімдікке салынуы, нәзік жандылардың шектен тыс қызған­шақ­ты­ғы, жас отбасылардың ортасына ата-аналарының, туған-туыстарының түсуі... Күнделікті қолымызға ұстап, қойнымызға тығып жүретін ұялы телефон да кейбір жастардың көңіл жарастырмауына себеп болады екен. «Жақында бізге «ажырасам» деп әйелін ертіп өзге ұлт өкілі келді. Былай қарасаң, жағдайлары жақсы. Табыстары жеткілікті. Үйлері бар. Күйеуі айтады: «Әйелім қолынан ұялы телефонын тастамайды. Таңертең жұмысқа шығып бара жатқанда да, кешке жұмыстан келгенде көретінім бір көрініс. Шай ішкен кезде де телефонға телміреді де отырады. Маған дұрыс көңіл бөлмейді. Мұны көрген бала қайдан оңсын?! Ол да телефонға шұқшияды. Бір үйде тұрсақ та, үшеуміз үш әлембіз» дейді. Мұны бір деңіз. Ажырасуға тағы бір себеп, қазіргі қыздар ер адамды сыйлауды білмейді. Керісінше бәсекелес ретінде қарайды. «Екеуміз де жұмыс істейміз. Екеуміз бірдейміз. Ол неге маған үй жұмысына көмектеспейді? Ыдысты неге жумайды?» дейтін қыздар да бар. Бір сөзбен айтқанда, мұның ар жағында ұлттық тәрбиенің жеткіліксіздігі жатыр. Бұрын аналар мектебі, жеңгелер мектебі деген болды ғой. Бірақ олар Кеңес заманымен бірге келмеске кетті. Қазіргі жастар үлкенді құрметтеу, ата-ананы қадірлеу, бір-бірін сыйлау, бір-бірін кешіре білу, қиындыққа төзу секілді қасиеттерден айырылып барады. Осы жайт біздің жанымызға батады» дейді «Бақытты отбасы» ресурстық орталығының психологы Нәзигүл Тәубақұлова.

Жоғарыда атап өткен «Бақытты отбасы» жобасы елімізде ажырасуларды азайту және кәмелетке толмаған балалардың мүддесін қорғау үшін «Отбасы және неке туралы» заңына өзгерістер енгізу мақсатында қолға алынған екен. «Өкінішке қарай, елімізде отбасылардың, ата-аналар мен балалардың құқығын қорғау жө­нін­де нақты бағдарлама жоқ. Бүгінгі таңда мемлекеттің осы мәселеге назар аударып, жағдайды өзгертуге деген қадамдары бізді қуантады. Отбасылық соттар және Ресурстық қолдау орта­лы­ғы­ның жұмыс тәжірибелері арқылы көз жеткізгеніміз – ерлі-зайыптылар бір-бірімен келісімге келіп, өзара түсінісуге дайын, психолог және медиаторлармен жұмыс істеуге ықыласты» дейді Н.Ахметқалиева.

 

ӨСКЕМЕН