Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Қауіпсіз жолға қашан жетеміз?

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таңертең қаннен-қаперсіз сабағына бара жатқан студентті қала көшесінде жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан көлік қақты да кетті. Басы бір жақта, аяғы бір жақта қалды.

Қауіпсіз жолға қашан жетеміз?

Жақында Атырауда болған бұл жантүршігерлік жол апаты туралы хабар елге тез тарады. Бүтін бір әулеттің үміт күтіп отырған жалғыз ұлының осылайша ажал құшқаны, әрине өкінішті. Тағы да өкініштісі, мұндай мысалдар аз емес. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерді жолдан өткізбегендері үшін аймақта 1962 автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Облыстық полиция департамен­тінің басшысы Берік Амангелдінің айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 31,7%-ға артқан, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер көрсеткіші 49,5%-ға өсіп отыр. Департамент дерегінде апат салдарынан көз жұмғандар саны 7,8%-ға азайғаны көрсетілген. Дегенмен, әсіресе қалааралық және республикалық маңызы бар жолдарда келеңсіз жайттар әлі де кездеседі. Осы мәселе көтерілген селекторлық мәжілісте облыстың бас полицейі жол-көлік оқиғаларына жүргізушінің жылдамдықты арттыруы, қарсы жол­аққа шығуы және әуесқой авто­мобилшілердің біліктіліктерінің тө­­мендігі себеп болып отырғанын айтты.

Өңірде түрлі санаттағы жүргізу­шілерді дайындайтын 26 автомектеп жұмыс істейді. «Азаматтарға ар­нал­ған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясы филиалының директоры Мұса Хайруллиев автомектептердің білім сапасы көңіл көншітпейтінін жасырмады. «Мысалы, 2018 жылы 9671 жүргізуші куәлігі берілсе, өт­кен жылдың желтоқсан айында ма­мандандырылған ХҚКО ашылғалы бері автомектептердің түлектерінен 4419 құжат қабылданды. Соның ішінен  419 тапсырушы ғана теориядан, 93-і тәжірибелік дағды сынақтарынан өтті. Бұл жүргізушілерді дайындау сапасының төмендігін көрсетеді», деді ол.

Облыс орталығында қоғамдық көлік­тер 30 бағытқа қатынайды. Биыл автобус паркі жаңартылды. Соңғы кездері сол жаңа автобустар да жиі жол-көлік оқиғаларына ұшырап жүр. Қыркүйек айының соңғы күнінде автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 11 жолаушы зардап шекті. Осы жайт­тарға тоқталған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Автопарктердің басшыларына автобус жүргізушілерін жұ­мысқа алмас бұрын бақылауды және үнемі тексеріп отыруды тапсырамын. Бүгінде жолаушылар біздің ав­тобустарымызға отырып, баратын жер­леріне қауіпсіз, аман жетулеріне алаң­дайтын күйге жетті», деп атап өтті.

Өңірде жыл басынан бері жылдам­дық тәртібін сақтамағандарға 41 хаттама толтырылған. Жол тәртібін бұз­­ған­дарды жедел анықтап, көлік апат­тарының алдын алу үшін нақты шаралар атқарылып жатқанын да айта кетуіміз керек. Жаяу жүргіншілер жолына прожекторлар, жолдарға – камералар мен жылдамдық өлшеуіштер, жылдамдық бәсеңдеткіш пен бағ­дар­шамдар орнатылды. Қалада ор­талық көшелерді кеңейту, оң жақ­ты айналма жолдар салу, жаңа жол белгілерін орнату жұмыстары қар­қынды жүруде. Айталық, облыс орта­лығындағы Құлманов көшесінде 3D форматындағы алғашқы жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жаза­тайым оқиғалардың алдын алу және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл шара Атырауда бірінші рет қолға алынып отыр.

Жалпы жыл басынан бері қалада 315 жаңа жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы соңғы үлгі­дегі жарықтандырғыштармен жаб­дық­талған. Мектептер мен бала­бақ­ша­­лардың айналасына жарық­диодты шам­­дар орнатылды. Соның өзінде кү­­ре жолдағы келеңсіз оқиға­лар азаяр­ емес. Жолда жүру қашан қауіпсіз бо­лады деген сауалға жауап табу да қиын болып тұр.

 

АТЫРАУ