Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Алтын күз, арайлы салтанат

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауа райының қолайлы шағында егін-тегінін үлгілі жинап алған Шиелі ауданының халқы «Алтын күз-2019» мерекесін шат-шадыман күйде тойлады. Диқандар тойы­мен қатар айтулы ақын, әдебиет сыншысы, ғалым Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығы, ауданның төл басылымы «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Алтын күз, арайлы салтанат

Иә, биылғы күз шиеліліктер үшін берекелі болды. Аудан диқандары жалпы 30 мың гектарға таяу көлемге егін ексе, оның 12478 гектары – Сыр салысы. Оның әр гектарынан орташа 61,2 центнерден орташа өнім жиналып, шаруашылықтар қамбасына құйылды. Бұл соңғы жылдары қол жеткізген зор табыс екендігі белгілі. Осындай жан­кешті еңбектің нәтижесінде Шиелі ауданы облыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл орайда аудандағы ірі шаруашылықтар – Ақмая, Төңкеріс, Бидайкөл және Бестам елінің озық еңбек ұйымдастыруымен үздік нәтиже көрсеткенін айтқан жөн.

Орталық стадионда өткен шарада Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, одан әрі озаттарды марапаттау рәсіміне қатысты. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы өз сөзінде соңғы 5 жылда барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілгенін тілге тиек етіп, құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге өскенін атады. «Күріштен рекордтық көрсеткіш өнім жиналып, Шиелі ауданы облыста бірнеше рет «Үздік аудан» атанды. Бұл ертелі кеш еңбек еткен еңбеккерлердің жемісі», деп дала еңбеккерлерінің жұмысына зор баға берді.

Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығына ар­налған «Жыр-ғұмыр» атты танымдық конференция жоғары дәрежеде өтті. Он­да халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, әдебиет сыншы-зерттеушісі, қарымды қаламгер Бақыт Сарбалаев, жазушы, халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты Қуандық Түменбай, Қазақстанның Құрметті журналисі Сәрсенбек Бек­мұратұлы, журналист-заңгер, тіл жанашыры Ағай­дар Ысымұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қатира Жәленова, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұржамал Мырзамұратовалар тартымды баяндамалар жасады.

Мерекелік шарада қазақтың ұлттық ойындары думанды қыздыра түсті. Ақ киіз үйдің ішіне жайылған дастарқанда қонақтарға дәм ұсынылды. Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы