Қоғам • 21 Қазан, 2019

Ағылшын тіліне арналған бөлме ашқан ақсақал

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістанмен іргелес Шорнақ ауылдық округінде 13 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Мұндағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жер еміп, малын өсіріп жатқан бейнеткеш халық.

Ағылшын тіліне арналған  бөлме ашқан ақсақал

Елдің маңдайалды ақса­қалы Тілеуберген Құдайбер­генұлын жас-кәрі бәрі таниды. Ешкім алдын кесіп өтпейді. Ақсақалдың айтуынша, бір атадан жалғыз. Құдай: «Он бала берейін бе, он балаға татитын бір бала берейін бе?», дейді екен пендесіне. Міне, сол он балаға татыған жан Тілеукең. Әкесі Құдайберген үш жасында ер тұрманды әке­луге жұмсағанда шешесі Хат­ша: «Әлі кішкене емес пе? Буыны қатпаған баланы ауыр нәрсеге жұмсамаңызшы» де­­генде әкесі: «Өмірге бейім болып, пісіп-жетілсін! Ұлым­­да шаруаң болмасын!» деп­ қатты тыйып тас­­тапты. «Осы сөз менің өмір­­лік ба­ғыт­-бағдарымды айқын­дады. Еш­қашан да ауыр жұмыс­тан қашқан емеспін. Соның арқасында қазір біздің жиһаз­дарымызды Италияға дейін үлкен сұраныспен алып жатыр. 280 ауылдасымды жұмыспен қамтып отырмын» дейді Тілеу­берген Құдайбергенұлы.

Жуырда Шорнақ ауылын­дағы Айтжанов атындағы мек­тепте белгілі кәсіпкер Тілеу­берген Құдайбергенов атын­дағы ағылшын пәніне арналған бөлме ашылды. Жергілікті жи­һаз өнімін Қазақстаннан тыс Еуропа елдері де қызыға сатып алып отырған кәсіпорынның атағы алысқа кеткен. Алтын сапаға сай өнімімен ғана емес, өзінің үлгілі отбасы ретіндегі меценаттық істерінің өзі бір кітапқа жүк боларлық отағасы Тілеуберген Құдайбергенов БҰҰ «Құрмет белгісі» ордені­нің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының, Түркіс­тан қала­сы­ның құрметті азаматы.

Тілеуберген Құдайберген­ұлы – Айтжанов атындағы мек­тептің тұрақты демеушісі. Өт­кен жылы отыз баланы қыс қарсаңында жылы киім­мен қамтамасыз етсе, биыл да тұр­мысы төмен отба­сы­ларындағы елу баланы киін­діруге қам қылып отыр. Ба­тыр тұлғалы, етек-жеңі кең, ала­қаны ашық, нағыз даланың сал-серісі деуге тұрарлық, ең­бе­гінің зейнетін көріп отыр­ған ақсақал, ағылшын тілі бөл­месінің төрінен орын алып, нық отыр. Бүгінде жасы сек­­сенге келіп қалса да, әлі ши­­рақ ақсақалды құттықтап Қы­­зылорда өңірінен келгендер­ де бар.

Полиция полковнигі Төре­бей Сапарбаевтың айтуынша, Тілеукең өз қаржысына осы Шорнақтан «Сунақ ата» мешітін салдырған. Өңірдегі барлық мерекелік шараның демеушілігін көтереді. Ары да, дені де, жүрегі де таза, ақ­көңіл ақсақалдың дария дар­қан мінезін көпшілік сүйеді. Құрметтейді. Қонақтарын қап­­сыра құшақтап, күректей алақанымен қыса отырып «Еңбектің арқасында осы қолымды Нұрсұлтан Назар­баев, Ислам Кәрімов, Асқар Ақаев қысқан», деп марқайып отырады.

Қазіргі таңда 300 орындық мектепте 748 бала оқуда. Мек­теп директоры ауыл ақ­са­қал­дарының басын қо­сып, өз күштерімен 200 орын­дық бас­тауыш мектептің сме­талық жоспарын жасап қойғанын хабарлады. Алайда, Шорнақ ауылдық округінде 4 мектеп пен бір мектеп-интернат болғанымен соңғы жылдары өңірге көшіп келушілер мен бала туу санының артуына орай, ол да тарлық ететін түрі бар. Осыны ақылдаса келе ауыл ақсақалдары 1200 орындық зәулім мектеп салдыртуға бәтуаласты. Себебі Түркістан облыс орталығы болғандықтан оған іргелес ауылдар да заманауи деңгейде дамуға тиісті. Оның сыртында алдағы бес-он жылда қанатын кеңге жайған Түркістанға он шақырымдағы қосылғалы тұрған ауылдың инфрақұрылымы жоғары болуы керек. Ауылдың қар­қын­ды дамуына Түркістанның қа­сында болуы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықара­лық автожолының әрі темір жол стансасының жа­қын­­дығы ықпал етеді. Сыр­дарияның тиіп тұрға­нының да жыл бойы жасыл желекке бөленуіне игі әсері бар. Ең­бекшіл адамның ісі та­бысқа бастайтындығын има­ни әрекет­терімен өнеге көр­­сетіп отыр. Еуразиялық құр­­лықтағы Қазақ­станның ағыл­­шын тілінсіз әлемдік жаһандану үдерісіне еркін кіре алмайтынын ұққан шор­нақтықтар арнайы бөлмені жабдықтауды Тілеуберген Құдай­бергенұлына тапсырған еді. Оны тиянақты атқарған жанға ауылдастары дән риза. Ауылдастарының құрметіне бөленген ақсақал да қазақы шапан киіп, марқайып қалды. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген міне, осы.

 

Ескендір ЕРТАЙ

Түркістан облысы,
Шорнақ ауылы

 

Соңғы жаңалықтар