Соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электронды оқулық, интербелсенді тақта, бейне және аудио қондырғыларды қолдану айтарлықтай нәтиже беруде. Білім беру жүйесі электронды байланыс, ақпарат алмасу, интернет, электронды пошта, телеконференция, on-line сабақтар арқылы іске асырылуда.
Сондай-ақ заманауи ақпараттық технологиялар үнемі қарқынды өсіп келе жатқан жекелеген корпорациялар мен қоғамдағы еңбекті ұйымдастыру, еңбекпен қамтудың жаңа формалары үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Мұндай мүмкіндіктердің өсуі адам өмірінің жаңадан енген барлық салаларына, отбасына, жұмысқа, адамзат қоғамының географиялық шекараларындағы барлық салаларға әсер етеді. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар еңбек өнімділігін, өндіріс көлемін, инвестициялар мен еңбекпен қамту арасында өзара байланыстарды бекітуде елеулі үлес қоса алады. Желі бойынша таратылып отырған қызметтердің жаңа түрлері көптеген жұмыс орындарын ашуға қабілетті, мұны соңғы кездегі тәжірибелер растап отыр.
Таяуда елордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің қолдауымен AgriTechHub Kazakhstan атты форум өтті. Нәтижесінде алдағы уақытта Қазақстанда NASA орталығының ашылуы көзделуде.
«Жердегі өзгерістерді бақылау: Су, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және Орталық Азия мен Кавказдағы тұрақты даму» конференциясына NASA штаб-пәтерінің өкілдері, Мэриленд штатының университеті, Мичиган штатының университеті, Эллададағы зерттеулер және технология орталығы (Грекия), «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының өкілдері қатысқан еді.
Конференцияда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин сөз сөйледі. «Ғарыштан бақылау Жерді мониторингілеуде көп мүмкіндік береді. Бұл жерде бақылау мен навигация жүйесінің орбиталық және жер үсті компоненттерін құру ғана емес, қашықтықтан зондпен бақылауды тиімді пайдалануды ұйымдастыру, ғарыштық мониторинг жүйесін елдің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуын жеделдететін бағдарламалармен біріктіру әлдеқайда маңызды», дейді вице-министр. «Қазақстанда заманауи ғарыштық инфрақұрылым құрылды, ғарыштық жабдықтар мен технологиялардың отандық үлгілерін дамытуда үлкен жетістіктерге қол жетті. Олардың қатарында жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі бар. Ол Жердегі ғарыш аппараттарын басқару кешені мен қашықтықтан зондтау ғарыш кемесінен мәліметтерді қабылдау және өңдеуге арналған жердегі мақсатты кешен екі оптикалық құрылғылардың құрамында жұмыс істейді», деген вице-министр Қазақстандағы ғарыш саласын дамыту туралы да сөз қозғады.
Жерді қашықтықтан зондтау – біз үшін айтарлықтай жетістік. Бұл арқылы экономикалық және әскери салалардың жұмысын жандандыруға болады. Ол үшін ғарыштық және аэрофототүсірілім нәтижелерін уақтылы зерттеу қажет.
Адамзат үшін XXI ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ. Ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде.