Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Шетелдік студенттерге құрмет көрсетілді

440 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Петропавл қала­сында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесінің ғимаратында Дүние жүзі қазақтары қауым­дастығы филиалының ұйым­дастыруымен М.Қозыбаев атын­дағы университеттің «Foundation» (негіз) факуль­тетінде оқып жатқан шетелдік студенттермен кездесу болды. Олар қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін дайын­дық курсынан өтіп жатыр.

Шетелдік студенттерге құрмет көрсетілді

Ұзын саны алпыс шақты студент Ресей, Қытай, Моңғолия және басқа да елдерден келді. Туған үйлерін сағынған жас­тар өздерімен кездесуге келген қызылжарлық ақсақалдар мен апаларға жылыұшырай қарайды. «Foundation» факультеті 2016 жылы ашылған. Осы курста бір жыл оқып, дайындықтан өткен жастар қабілетіне қарай кейін түрлі факультеттерге оқуға түседі.

Мерекелік шараны ұйымдас­тыр­­ған қауымдастықтың об­лыс­­­тық филиалы кездесуге­ өнер ұжымдарының өкіл­де­­­рін шақырыпты. Соның ішінде әжелердің «Балқадиша» ансамблі студенттердің алдын­да ән шырқап, би биледі. Сондай-ақ облыстық филармония мен С.Мұқанов атындағы қазақ театрының артистері әсем әндер мен төгілген күйлерін шертті. Басқа ұлт өкілдері көп Петропавлда қоңылтақсып жүр­ген жастар бір мезгіл серпіліп, көңілдері көтеріліп қалды. Қа­лың қазақтың ортасынан келген жастардың қатты қуанғаны көрініп тұрды. Алыс-жақын шетелдерден келген қазақтар да осы жерге жиналып, жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып жатты.

Ресейдің Қорған облысын­да тұрған, сондағы қазақ ұлттық-мәдени орталығын құруға белсене қатысқан Боранбай Бижігітовті әңгімеге тарттық. Жа­сы жетпіске келген ақсақалдың Қызылжарға қоныс аударғанына бес жыл болыпты. «Бірақ Ресей­де қалған туған-туыстарды, қан­дастарды ұмытпаймыз. Өзім Қорғанның Макушино деген ауданында туып-өстім. Партия мен кеңес органдарында, түрлі кәсіпорындарда басшылық қыз­меттерде болдым. Барлығы алты балам бар еді, бір ұл, бір қызым әлі де сол жақта тұрып жатыр. Қалғаны атамекенге оралды. Өзім Қорған облысының «Қазақ тілі» қоғамында жиырма бес жыл бойы белсенді болдым. «Қазақтың ұлттық-мәдени автономиясын» Ресейде ең бірінші біз аштық. Қазақ тілінде «Бірлік» деген газет шығарып тұрдық. Радиодан да өз хабарымызды беріп тұрдық, бірақ телехабар ашуға шамамыз келмеді. Соны ашамыз деп көп әурелендік. Соңғы 25 жылда біз Қорған об­лысының барлық ауданында 20 құрылтай өткіздік. Қазір ол жақта он бес мыңдай қазақ тұрады. Мына оқуға келіп жатқандардың арасында да біздің жастарымыз бар. Жуырда Макушин ауданының бір мектебінде бірін­ші қазақ сыныбын ашуға қол жеткіздік. Оған отыз шақты бала қабылданды. Оқу қазақстандық бағдарламамен оқытылады. Қазір Қорған облысындағы ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Қайрат Оралов есімді жас жігіт. Осы сыныптың ашылуына сол жігіт көп еңбек сіңірді. Бізге ауданның бұрынғы әкімі, қазіргі Мемлекеттік думаның депутаты Василий Шишкоедов көп көмек берді. Мұғалімдері Алтынай Бекішова – қазақстандық ке­лін. Осы жерде қазақша бас­та­уыш мектепті бітіргендер кейін Қазақстанға келіп, оқуын жал­­ғастыратын болады деген үміт­теміз», дейді ақсақал.

Студент жастардың алдында қызылжарлық қоғамдық белсенділер, әнші, ақын Дәстен Бай­мұқанов, ежелгі педагог Жангелді Тәжин, «Ұрпақ» мәдени орталығының жетекшісі, ғалым Гүлбақша Мұсабаева, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Аманжол Зағыпар және т.б. сөз сөйлеп, жастарды оқу бітірген соң атамекенде қалуға шақырды. Жергілікті билік тарапынан жиында арнайы өкіл болмағанымен қоғам өкілдері қазақтардың кө­бейгеніне, көшіп келгендеріне қуанышты екендерін жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы