Қоғам • 21 Қазан, 2019

Тамсандырар табиғат тамашасы

934 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғат аясының тұнық сазы рауандап атқан таң шапағының тыныштығымен астасқан. Жаздың арайлы кештері мен самал түні толыққанды мазмұнымен баурап алса, күзді күнгі саулай төгілген сұлулықтың алдына бір сәт аялдағанда таңғажайып күйді нақ бір алғаш рет бастан кешіргендей тамсанасың. Белгілі суретші, көркемдеуші Игорь Баграмовтың қолынан шыққан дала шындығы осындай өзгеше қанық көріністермен дараланады.

Тамсандырар табиғат тамашасы

Тәуелсіздік сарайында өт­кен «Құрметпен, Қараған­ды­дан» атты көрмеде суретшінің түр­лі тақырыптағы 100-ге тарта жұмысы назарға ұсынылды. Табиғат аясына шығуды көңілі сүйетін Баграмовтың плэнер жұмыстарындағы құлшынысы көрерменмен өзара диалог тудырады. «Алатаудың көңілді кеші» және «Айлы түн» ат­ты жұмыстарында жарық пен көлеңкенің қозғалысы, кеңістік аясындағы шашырай төгілген түстер гаммасы сан құбылып, тамылжыған әуен баяу таралып, бейнебір ауаға сіңіп кеткендей. Толысқан ай­дың көл бетіндегі сәулелі ғұмыры, жағалай біткен қалың орманның құшағы, су бетінен көтерілген тұманның сиқырлы елесі – алғашқы таңырқаудың, тамсанудың шығармашылық дабылы іспетті.

–Бала кезімнен суретке әуес едім. Қарағандыда туып-өстім. Ғұмыр бойы сурет­шілікпен айналысып келемін. Күні бүгінге дейін сурет салу, тудыру, жаңашылдық, эксперимент жасаудан жалыққан емеспін, – деген суретші ком­позиция мен түстердің өзге­ріп отыруын реалистік бей­нелеу заңдылықтарына негіз­делгенін айтады.

Игорь Баграмовтың шығар­ма­шылығында өзі туып-өскен, орныққан кеншілер қаласы мен даласының орны ерек. Көмір өнеркәсібімен қатар өзге де өндірістің дамуына бастау болған қала тарихы суретшіні бейжай қалдырған жоқ. Одан бөлек екінші дүние­жүзілік соғыс тақырыбы мен жауынгерлердің бейнесін, өтпелі кезеңдердегі қоғам мен мәдениеттің даму кезеңдерін кескіндей отырып, батальді жанрға батыл кірісті. ҰОС батырлары  Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова және Нүр­кен Әбдіров триптихі  ха­лық өмірі мен майдан кө­рініс­терінен сыр шертеді.

–Соғысқа аттанғандардың дені жастар еді. Тіпті бала деуге болады, олардың көбі қыршын кетті. Мысалы, Нүр­кен Әбдіров небәрі 23 жаста ғана болды. Картинада бейнеленген Әлия Молдағұлова майдан даласында хат оқып отыр. Ал оның артында қа­зақ елінің аспаны тұр. Пуле­мет қасындағы Мәншүк Мә­ме­това да солай. Олардың әр­қайсысының артында елі мен жұрты, Отаны, қазақ даласы жатыр, – дейді ол.

Қашанда жаңашылдықты жаны сүйетін Баграмовтың «Отан» атты мозаикалық кес­кін­демесі – орындалу техни­ка­сының қиындығымен, қайта­ланбас ерекшелігімен бір төбе. Автор алтын бесік – туған жерге деген сағынышы мен құрметін осылай білдірсе керек, бар тіршіліктің бастауындай бірден көзге шалынатын жапанда қарауытқан жалғыз үй бұйығы қалпында түн құшағына орана түскен. Сүттей жарық айдың төгілген нұры «Жазатайым адас­қан болсаң, мен бармын, жолау­шым. Маған қарап ба­ғытыңды бетке аларсың» деген­дей жұл­дыздармен иек қаға жымың­дайды.