Қоғам • 21 Қазан, 2019

Алматыда «Ұлы дала емі» атты І Ұлттық конференциясы аяқталды

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда 18-20 қазан аралығында Қазақстан халқының этникалық-дәстүрлі медицинасына арналған «Ұлы дала емі» атты І Ұлттық конференциясы өтті. Халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткен ауқымды жиын дәстүрлі медицина әдістерін жаңғыртуды көздейді.

Алматыда «Ұлы дала емі» атты І Ұлттық конференциясы аяқталды

Дәстүрлі медицина өкілдері көптен бері өткізуді көксеп жүрген жиынға 20 мемлекеттен ғылыми дәрежелері бар 200-ге тарта делегат қатысып, 17 бағытта ауқымды баяндама жасалды.

Үнді медицинасындағы «Аюверда» мен «Йога» секциясының өзі тақырыптарға таратылып, медицинадағы бидің шипалық рөлі баяндалды. Сол сияқты староверлердің медицинасы, фитотерапия, мануалды терапия, остеопатия мен емдік уқалау, апитерапия, дәстүрлі қытай және корей медицинасы, гирудотерапия, гомеопатия сынды 8 секция жұмыс істеді.

– Қазіргі таңда дүниежүзінде дәстүрлі медицина мен халықтың медицинаның рөлі  мен танымалдағы артып келе жатқандығы байқалады. Әлемнің көптеген елдерінде жергілікті тұрғындар үшін халықтық медицина медициналық-санитарлық көмектің негізгі және қолжетімді түрі болып табылады. Бірқатар елдерде халықтық медицина – дәстүрлі медицина деген атауға ие. Ал «ДСҰ-ның 2014-2023 жылдарға арналған халықтық медицина саласындағы стратегиясында» халықтық медицина мен дәстүрлі медицинаны жақын жылдарда дамытудың бағыттары  анықталған. Яғни, Стратегия халықтың және дәстүрлі медицинаның әлеуетін пайдалануда ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауы мен күш салуын қарастыратын негізгі мақсаттарды айқындайды. Стратегияда өнімдерді, дәстүрлі медицина мамандарының тәжірибесі мен қызметін бақылау арқылы халықтық және дәстүрлі медицинаны қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға үлкен мән берілген. Сондай-ақ Стратегияда ДСҰ-ға мүше мемлекеттер өз елдеріндегі халықтық және дәстүрлі медицинаға байланысты жағдайларды сараптап, електен өткізіп, одан кейін оның саяси шараларын, тәртібі бен жетекшілігін жасап, ендіріп  отыруға тиісті екендігі аталған, – дейді ҚР ҰҒА академигі,  Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау жөніндегі Ұлттық орталығының бас клиникалық фармакологы Раиса Күзденбаева.

Өз кезегінде Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлы: «Ұлы дала емі – тарихы күрделі, қатпары терең, киелі ғылым. Неше шет ел атақты ғалымдарды мойындаған Ұлы дала ем түрлері тек Шығыс медицинасының ғана емес, бүкіл әлем медицинасының қазынасына айналып отыр. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылған. Осы маңызды міндетті орындау барысында «Ұлы дала» қолданысындағы ем түрлерін орнымен тиімді пайдалану жоғарыда Мемлекет басшысы қойған  міндетті табысты орындауға, сөзсіз, септігін тигізеді. Осы конференция мақсаты – рухани құндылықтарды, этникалық-дәстүрлі медицина әдістерін жаңғырту, Қазақстан халқының өмірін ұзарту, сондай-ақ этникалық-дәстүрлі медицинаға қатысы бар әр сала мамандарын біріктіру», дейді

Ұлттық конференцияны ұйымдастыруға «Комплементарлық және дәстүрлі халық медицинасы мамандарының қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі және Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығы ұйытқы болды.