Тығыз серіктестік қатынастардың қалыптасуына айтарлықтай негіз салған екі елдің көшбасшылары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко.
Еуразиялық экономикалық интеграцияны қатысушы мемлекеттердің мүдделерін әлемдік экономикадағы тұрақты бағыттарға жылжытудың ықпалды тәсілдерінің бірі ретінде қарастыра отырып, Қазақстан мен Беларусь осы негізде Еуразиялық экономикалық одақты ЕАЭО) құру мақсатында Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің нығаюына бірлесіп ықпал етті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО кеңістігінде «ең тәжірибелісі» Беларусь мемлекетінің басшысы болып табылады, сонымен қатар ол Қазақстан-Беларусь қатынастарының дамуына А.Лукашенконың қосқан жеке үлесін жоғары бағалайды.
Экономикалық одақ аясында біздің мемлекеттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтты.
Қарқынды интеграциялық өзара іс-қимылға толы соңғы он жылдықта Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарының қарқыны ұдайы өсіп келеді. Екі ел бірлескен жобаларға қатысып, өзара сауда көлемін ұлғайтты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бір-біріне қолдау көрсетті.
Осы жылдар ішінде Беларусь қарқынды дамып, ақпараттық технологиялар, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаларда ілгері жылжыды. Елде жоғары технологиялық парк (ЖТП) құрылды. Беларусьтің бағдарламалық қамтулардың тұтынушылары – әлемге әйгілі корпорациялар, Microsoft, HP, Дүниежүзілік банк, British Telecom, British Petroleum, Citibank және басқалар болып отыр. Мәселен, Беларусьтағы қызмет экспортының жалпы көлеміндегі компьютерлік қызметтердің экспорты 2011 жылдан бері 3,7 есе өсті және 2018 жылы 1,5 млрд доллардан асып, 18,2%-ды құрады.
Сондай-ақ Қазақстан цифрлы экономиканы дамытуға бет бұрды. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Республика технологиялық серіктестік орнату, деректер орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлы қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде брендке айналуы тиіс» деп атап көрсетті.
Осы салада екіжақты жемісті ынтымақтастық үшін біздің елдеріміздің ортақ мүдделері мен ұқсас ұстанымдары бар. Келесі жыл Беларусь үшін маңызды және жауапкершілігі жоғары болады, өйткені ол ЕАЭО-ға төрағалық етеді.
Беларусь төрағалығының басымдықтары Экономикалық одақтың цифрлы жаңғыруына, кәсіпорындардың нарыққа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, салалық саясатты үйлестіруге бағытталады.
Бұл тұрғыда Қазақстан мен Беларусь тығыз ынтымақтастық орнатуға ниет білдіреді.
Бүгінгі таңда ел ТМД мемлекеттері арасында Беларусьтің басты сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр.
Соңғы үш жылда Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы екі есе өсті, 2016 жылғы 419 миллион доллардан 2018 жылы 896 миллион долларға жетті.
Соған сәйкес, қазақстандық тауарлардың Беларуське экспорты және Беларусь тауарларының Қазақстанға импорты да екі есеге өсті.
2019 жылдың сегіз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымының 4%-ға дейін өсіп, ол шамамен 626 миллион долларға жеткенін атап өткім келеді.
2019-2020 жылдарға арналған Қазақстан-Беларусь ынтымақтастық жоспары – өзара сауданы арттырудан бастап жоғары технологиялық және инновациялық өндірістер құру жобаларына дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Қазақстанда 40-тан астам компания Беларусь кәсіпорындарының, сондай-ақ 170-тен астам диллерлік желінің өкілдері бар.
Өнеркәсіптік кооперация саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қазірдің өзінде Қазақстанда белорустық техника мен жабдықтар құрастыратын сегіз бірлескен зауыт жұмыс істейді, олар – «БелАЗ», Минск трактор зауыты, «Гомсельмаш», «МАЗ», «Бобруйскагромаш» және басқалары. Беларусьте қазақстандық капиталы бар 45 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Бүгін біз толық өндірістік кезеңге көшу керектігін түсіндік. Бұл біздің елдердің мүдделеріне жауап береді және тек ішкі қажеттіліктерді ғана емес, сонымен қатар көршілес мемлекеттерге жеткізілімді қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Бізді Беларусь агроөнеркәсіптік кешенінің даму тәжірибесі қызықтырады.
Жалпы, біздің елдерімізде экономикалық ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша түсіністік және оған дайындық та бар.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысының нәтижелерін қанағаттанарлықпен атап өткім келеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар өзара экспортты өсіру және өзара сауда көлемін ұлғайту, өндірісті оқшаулау және шығарылатын өнім түрлерін кеңейту бойынша екіжақты ынтымақтастықтың қарқын алуына әкелді.
Тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласында Қазақстан мен Беларусьтегі халықаралық жәрмеңкелер мен мамандандырылған көрмелерде шаруашылық етуші субъектілер үшін қолайлы жағдайлар жасауда айтарлықтай жетістіктер бар. Осы салалардан күтілетін нәтижелер азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Қазақстанның халықаралық бастамасына ықпал етеді.
Денсаулық сақтау мен медициналық білім беру ұйымдары арасындағы саланы цифрландыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім Қазақстанның жалпы мемлекеттік цифрландыру бағдарламасына жауап береді.
Стратегиялық серіктестік пен Қазақстан-Беларусь қатынастарының жоғары динамикасын растау үшін осы жылғы 24-25 қазанда Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары жоспарланған.
Сапар барысында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ақпараттық технологиялар, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әріптестіктің болашағы айқындалады.
Сапар аясында жоғары деңгейдегі бизнес-форум өтеді. Қазақстандық және беларусьтік компаниялар мен кәсіпорындар іскерлік ынтымақтастықтың нақты және өзекті тақырыптары, бірлескен жобалар бойынша келіссөздер өткізеді, тиімді келісімшарттар жасау жоспарлануда.
Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейдегі белсенді саяси үнқатысудың жүргізіліп жатқандығы қуантады. Тек соңғы алты айдың ішінде интеграциялық саммиттер аясында Қазақстан мен Беларусь президенттерінің үш кездесуі өтті.
Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қазан саммитінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесу барысында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко «Беларусь Қазақстанмен қарым-қатынасты тереңдетуге мақсатты бола отырып, оның алдағы сапары Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне бастау береді деп үміттенетінін» мәлімдеді. Өз кезегінде, Қазақстан Президенті қазақстандық тарап Қазақстан-Беларусь қатынастарының өзекті мәселелерін талқылауға елеулі дайындық жүргізіп жатқандығын атап өтті.
Екіжақты байланыстардың маңызды бағыты – өңіраралық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасында тікелей экономикалық байланыстар мен жақындасу бірлескен өндірістік және кооперациялық жобаларды жүзеге асыруға және өзара сауданы арттыруға ықпал етеді.
Беларусь пен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың форумдарын тұрақты өткізу – агроөнеркәсіптік кешенді, азық-түлік қауіпсіздігі мен өндірістік кооперацияны дамытудың тиімді тетігі. Беларусь бірқатар елдермен өңіраралық ынтымақтастықты мемлекетаралық қатынастарды дамудың негізгі факторы ретінде қарастырады. Ынтымақтастықтың бұл бағытының келешегі зор.
Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Беларусь қазақ және белорус халықтары арасындағы қатынастардың «алтын көпірін» салды. Біз бұрынғы мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтап қана қоймай, жаңа қатынастарды орнаттық. Оған біздің елдерде сақталған ірі диаспоралар әсер етуде.
Нұр-Сұлтан қаласында Беларусь ұлттық-мәдени орталықтары құрылды, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында Беларус тіл, тарих және мәдениет орталығы ойдағыдай жұмыс істеуде. Өз кезегінде Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ-белорусь мәдени-білім беру орталығы жұмыс істейді.
Қазақстандық әншілер бірнеше рет «Славян базарында» эстрада әндерінің Гран-приін жеңіп алды. Қазіргі уақытта Минск қаласында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазақстандық кино фестиваль өтіп жатыр. Беларусь көрермендерінің назарына қазақстандық кинорежиссерлердің жеті фильмі ұсынылады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне шығып, жоғары әлеуетке ие болды. Сауда-экономикалық қатынастар терең ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтуде, еуразиялық интеграцияны дамытудың қағидаттарына бірыңғай тәсілдер нақтыланды. Қарқынды өзара іс-қимыл барысында Қазақстан-Беларусь көпжақты ынтымақтастығын кеңейту келешектері толық айқындалды.
Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі