Парламент • 22 Қазан, 2019

Денсаулық сақтау саласын жетілдіруге ден қою керек

936 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында өткен Үкімет сағаты Президент Жолдауында көрсетілген денсаулық сақтау саласындағы міндеттер және былтыр сәуірдегі парламенттік тыңдау ұсынымдарының іске асырылу қорытындылары туралы болды.

Денсаулық сақтау саласын жетілдіруге ден қою керек

Отырысты ашқан Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы медициналық салаға бөлінетін қомақты қаражатқа қарамастан, осы саладағы мәселелер азаймай тұрғанын атап өтті. Соның бірі – білікті кадрларды даярлау мәселесі. Мұның бір айғағы – Сенат депутаттарының сынына қарамастан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында медициналық салаға қатысы жоқ жоғары оқу орындары жанынан медициналық факультеттер ашылған.

Бұған қоса Сенат комитетінің төра­ғасы дәрігерлік қателіктерден туын­да­ған жағдайлар тиісті түрде реттелмей­тінін, бұл министрліктің басты мін­дет­терінің бірі болуы керек екенін айтты.

Аталған мәселелер бойынша атқа­рылып жатқан іс-шараларды, жалпы денсаулық сақтау саласындағы қолға алынған жұмыстардың барысын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндап берді. Оның айтуынша, қарқынды жұмыс пен кешенді тәсілдердің арқасында соңғы бес жыл ішінде ана өлімінің, туберкулезден, қан айналым жүйесі ауруынан, онкология және жарақаттан келетін өлімнің төмендегені байқалады. Алайда осы жыл­дың 8 айының деректері бойынша жалпы өлімнің және нәресте өлімі­нің өсуінде болмашы ауытқулар байқа­лады. Сонымен қатар цифрландыру мен статистикалық деректердің сапасын жақсарту арқылы өлім себептері бойын­ша жүйелі іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатыр.

– Біз Атырау облысында шетінеген жаңа туған нәрестелердің шыны препараттарынан алынған объективті деректер мен медициналық карталардың аудитінен кейін ел бойынша жаппай тексеріс жүргіздік. Талдау нәтижесінде материалдарды ұсынбаған Маңғыстау облысынан басқа, есепке алынбаған ерте неонаталдық өлім-жітім бойынша 277 нәресте өлімін жасырып қалу фактісін анықтадық. Бұл – ескерілмеген, республика бойынша тірі туғандар. Нәтижесінде 2018 жылы нәресте өлімі көрсеткішіне түзету жүргізілді. Өлім-жітім көрсеткіші 8,03-тен 8,7-ге өзгерді, – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы 2019-2020 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жоспары іске асырылып жатқанын атап өтті. Осы жылы 1 300 дәрігерлік бөлімше ашылды және әр бөлімше жүктемесі 1 658 адамды құрады. Алайда кадрлардың жұмысты қоса атқаруы мен тапшылығына байланысты 1 дәрігерге іс жүзінде бекітілген халық саны 1 900 адамды құрайды. Жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа тартудың арқасында осы жылы алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің тапшылығы 900 адамға төмендеді. Бұған қоса цифрландыру емханалардағы кезектерді 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Шұғыл емес шақыруларды жедел жәрдемнен бөлімше дәрігерлеріне бергеннен кейін жыл ішінде жедел жәрдем шақырулары 25%-ға төмендеді.

– Елбасының «Әлеуметтік қам­қор­лық» шараларын іске асыру шеңберінде биыл 1 маусымнан бастап медицина қыз­меткерлерінің жалақысы 30%-ға дейін өсті. Жаңа бағдарламаның шең­берінде 2025 жылға дейін медициналық қыз­меттердің тарифтерін өсіру және ме­дицина қызметкерлерінің жалақы­сын экономикадағы орташа жала­қыдан 2,5 есе жоғары ету көзделген. 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап дәрігер­лердің жалақысын 30%-ға, мейіргер­лердің жа­лақысын 20%-ға ұлғайту ұсыныстары қолдау тапты, – деді Елжан Біртанов.

Министрдің мәліметіне сәйкес білім беру сапасын жақсарту мақсатында шетелдік университеттермен стра­тегия­лық әріптестік қолға алынып, 5 ме­дицина университетінде бірінші про­ректорлар лауазымына шетелдік әріптес-университеттің топ-менеджер­лері тағайындалған. Әрбір медици­налық университетте университеттік клиниканың немесе академиялық медициналық орталықтың болуы туралы талаптар заңнамамен бекітілген. Бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу институттары және ғылыми орталықтар жоғары оқу орындарымен біріктірілді. Дәрігерлерді даярлаудағы бакалавриаттың бес жыл­дық бағдарламасы халықаралық стан­дарттарға сәйкес 6 жылдық оқуға ауыс­тырылып, жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталды.

– Денсаулық сақтау жүйесін қарқын­ды жақсарту үшін 2025 жылға дейінгі Денсаулық сақтау саласын дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Негізгі нысаналы индикаторлар қазақстандықтардың өмір сүру ұзақ­тығын 75 жасқа дейін жеткізуге және инфекциялық емес аурулардан болатын мезгілсіз қайтыс болу жағдай­ларын төмендетуге бағытталады. 2025 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен қоғамдық денсаулыққа жұмсалатын шығыстардың үлесі Елбасының тапсырмасына сәйкес 60%-ға дейін жеткізіледі, – деді министр.

Бұдан кейін Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғанов отандық денсаулық сақтаудың жай-күйі мен проблемаларына жан-жақты талдау жасады. Ол медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде агрессия мен шабуылдан қорғау шараларын қабылдау қажет екенін айтып, мемлекет тарапынан медициналық қызметкерлердің жұмысы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

Осы тұста сенатор дәрігерлік қате­лік­терді қылмысқа балау белең алғанын, бұл біраз келеңсіз жайттың белгісіз қалуына әкеп соқтырғанын атап өтті. Серік Бектұрғанов Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне дәрігерлік қателіктер мә­се­лесін жан-жақты талқылауды ұсынды.

Үкімет сағаты барысында Қара­ғанды, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі.

Сенаторлар денсаулық сақтау жүйе­сін жетілдіру, цифрландыруды енгізу, онкологиялық науқастарды емдеу және басқа да мәселелер бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты.