Руханият • 22 Қазан, 2019

Тәу етер мекен – Тарбағатай

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл маңда түбі бір түркінің түпкі қарашаңы­рағында кенже ұлдай болып отырған қазақ халқының тарихы мыңжылдықтардан сыр шер­теді. Зайсан мен Күршімнен тас дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрақтары мен жәдігерлері табылса, Бөрітостағандағы қызыл қынамен жазылған таңбалар адамзат баласы жылқыны алғаш қолға үйретіп, қымыз сапыра бастаған дәуірден жеткен суреттер...

Тәу етер мекен –  Тарбағатай

Тарихқа толы Тарбағатай өңірінің асқақ Алтаймен жапсарлас жатқан бай мұрасы хақында жарық көрген кітаптың төртінші томы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­леттің осындай кіріспе сөзімен ашылыпты. Күні бүгінге дейін төрт томы жарық көрген «Тарих­қа толы Тарбағатай» альманағының шығару­шысы Tas Group компаниялар тобының негізін қалаған, TasCredit қаржы компаниясының басшысы, Assyltas қоғамдық қорының президенті Дулат Тастекеев. Мақсатын «Тарбағатайдың қат­парлы тарихына үңілу, әр жусанынан, ескен желінен, аққан суынан сыр аңдау және де өңірдің жұмбағын ашу, ұрпағына өз өлкесінің киесін, қасиетін ұғындыру» деген пікірімен айшықтап, осы жобаның үлгісімен әрбір өлкенің белсенді аза­мат­тары туған өңірі жайлы қызықты жазбалалар бере­тін парақша ашса, сөйтіп Қазақстанның бүкіл аума­ғында өлкетану ғылымы жанданып, эко­туризм дамыса» деген ойын тұрақты назарда ұс­тап келетін іскер азамат бұл жолы да туған жер­дің тереңдегі тарихына үңіліп, ел тарихына деген құрметін мазмұны терең кітапқа сыйғызғандай...

Жеті бөлімнен тұратын кітапта тарихы Тарғы­тай бабасымен байланыстырылатын киелі мекеннің сарқылмайтын сан алуан байлығы паш етіледі. Археолог Ерден Оралбай құрастырған тарихи том көне заман ескерткіштері, археологиялық зерттеулер барысы, ғалымдардың зерттеу мақалалары, өңірдің іскер азаматтары туралы мәліметтермен толыққан. Ал өңірде әлі де сыры мен жұмбағы ашылмаған ескерткіштер баршылық. Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейі, Жоғары Ертіс өңірінің ХХ ғасыр басына дейінгі жекелеген тарихына қатысты тың мағлұматтар әлі толығымен жария етілген жоқ.

Туған өлкесін дәріптеуді әр кез назарда ұстап жү­ретін ұлтжанды азамат бұл жолы Ақсуат ауы­лын­­да үш мәрте өткен ақындар айтысының толық мәтінін «Туған жерге туыңды тік» кітабына топтас­тырып шығаруды да мақсат етіпті. Ақсуат айты­сының асыл арнасы жайында сөз еткен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман «Осыдан үш жыл бұрын қанатын қаққан бұл жоба келесі жылы-ақ халықаралық мәртебеге ие болды. Жыл сайын шілде айының соңында Қазақстанның әр аумағынан айтулы ақындар Ақсуатқа ат басын бұрады. Жыр жәрмеңкесінде ақындар Ақсуат аймағының арғы-бергі тарихын телегей жырға айналдырып, тереңнен ой қозғайды. Соған лайық осы өңірді мекендеген Мұрын ананың ұрпақтарының бүгінгі қажырлы еңбегі, қайратты қимылы ауыз толтырып айтуға молынан жетеді» деген жүрежарды жолдарынан кітаптың мазмұнына тереңдей түсесіз. Жыр-шумақтарды шашау шығармай жинақтаған ақын Серік Қалиев. Ақындардың жыр-шумағына арқау болған жер-су аттары мен аймаққа әйгілі тұлғалар туралы мәліметтер де кітаптың ажарын ашып, мазмұнын байыта түседі. Сондай-ақ шырайлы шумақтардың иесі ақындардың өмірдерегінен де қысқаша мәліметтер берілген.

Кітаптың таныстырылымына қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ә.Жармұхамедов, ақын Ж.Ерман, Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы Ұ.Есдәулет, ұлағатты ұстаз О.Қара­бали­на қатысты.

 

АЛМАТЫ