Аймақтар • 22 Қазан, 2019

Ақтөбеде ірі кәсіпкерлер атаулы әлеуметтік көмек алған

689 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні ел аймақтарында атаулы әлеуметтік көмек беруге қатысты түйткілдер мен бірқатар жағдайларда оны заңсыз төлеу көріністері тыйылмай келеді. Мемлекет тарапынан төленетін мұндай қаржылық қолдау түрі кімдерге тиесілі екені арнайы республикалық комиссияның шешімімен бекітілген. Соғай сай атаулы әлеуметтік көмек негізігі үш бағыт бойынша берілмек.

Ақтөбеде ірі кәсіпкерлер атаулы әлеуметтік көмек алған

Яғни оны алуға құқылы әлеуметтік топтардың тізбегін ең алдымен көпбалалы, табысы аз, тұрмысы төмен отбасылар құрайды. Сонымен бірге оларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет жобасы аясында өзге де материалдық көмектер беру, осы арқылы көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жүрген балаларды киім-кешекпен және азық-түлікпен қамту жолдары қарастырылған. Мұндағы басты мақсат – көмекке шынайы мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету болмақ.

Әйтсе де Ақтөбе облысында табысын жасырып, құжаттарын өзгертіп, қайта жасап, тегін атаулы әлеуметтік көмекке қарық болып жүргендер қатары аз болмай тұр. Атап айтқанда бүгінгі күні дәл осындай 3488 отбасы бар екендігі белгілі болып отыр. Әйтеуір белгіленген нормаларға сәйкес келмегендіктен соңғы уақытта 1199 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылыпты. Сонымен бірге 1804 отбасының кірісін қайта есептеу жұмыстары жүргізілген. Оның нәтижесінде 144 отбасынан 13 млн теңге көлеміндегі қаржы кері қайтарылған.

Өңір аумағында табысын жасырып, әлеуметтік көмек алғандардың қатарында ірі кәсіпкерлер де бар болып шықты. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың қатысуымен өткен брифингте осындай дерек құлақтарына шалынған кезде оған қатысушылардың талайы жағаларын ұстады. Өткен жылдың ахуалын аңдасақ, мұндай тоқшарлық дертке тап болғандырдың ішінде таза кірісі мен пайдасы 10 млн-нан асатын 143 кәсіпкер атаулы әлеуметтік көмек алып келгеніне көз жеткіземіз. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген халық нақылы осындайда айтылса керек. Өрескел заңсыздыққа жол берілгенін былай қойғанда мұның өзі азаматтық ар-ожданға да үлкен сын. Екіншіден бұл бизнесмендерге атаулы әлеуметтіік көмекті беру қажет деп шешкен кезде бұл іспен айналысатын комиссия қайда қараған деген заңды сауал туындайды. Бұл бағытта алдағы уақытта аталған комиссияның қызметін ширату мен күшейту қажеттігі айқын көрінеді.

Алдағы 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап, елімізде атаулы әлеуметтік көмек беруге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілетіні баспасөз беттерінде жарияланғаны мәлім. Оның басты бір еерекшілігі жаңа жоба қабылданған жағдайда көпбалалы отбасылар табысының көлемі мен деңгейі қандай екендігіне қарамастан мемлекеттен берілетін жәрдемақының төлене берілетіні. Ал тұтастай алғанда жоғарыда аталған жағымсыз жәйттер өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібіне көлеңкесін түсіре алмайды деуге болады.

Айталық облыста биылғы 2019 жылдың 1-сәуіріне дейін 14 565 адам, яғни 2799 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, бүгінгі күні оның саны 18 782 отбасыға көтерілген. Яғни 88 258 адам материалдық көмек алған. Сондай-ақ 2019 жылдың 1-сәуіріне дейін атаулы әлеуметтік көмекке 266 700 000 тг төленсе, қазіргі күні оның мөлшері 8,9 миллиард тенгеге ұлғайған. Яғни жарты жыл ішінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек беруге қатысты қаржыландыру көлемі алты еседен асып түскені шын мәнінде биік өсім екені анық. Тек алдағы уақытта жоғарыда айтылғандай теріс іс-әрекеттерге жол берілмегені жөн демекпіз.

 

АҚТӨБЕ