Аймақтар • 22 Қазан, 2019

Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кеткен жауынгердің сүйегі елге оралды

1052 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әуежайға  марқұмның туыстары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері жиналып, ұрыс даласында қаза тапқан сарбаздың сүйегін ерекше құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Алматы  қаласы әкімдігінің баспасөз бөлімі.

Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кеткен жауынгердің сүйегі елге оралды

30 тамызда Ресей Федерациясы Воронеж облысында «Патриот» іздестіру жасағы хабарсыз кеткендердің тізімінде болған сарбаздың сүйегін тапқан. Белгілі болғандай ол 1941 жылы Алматы облысынан соғысқа аттанған Сүйінбай Мазыбаев болып шықты. 

Ресми деректерде Ұлы Отан соғысына қазақ даласынан 1 миллион 366 мың адам аттанған. 601 мың жауынгер ұрыс даласынан оралмаса, 271 мың 500 сарбаз бен офицер хабарсыз кеткен. Осы жылдың мамыр айында құрылған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне соғыстан оралмаған ата-бабасын іздегендерден 200-ден астам ұсыныс түсіпті.

«Аталарымыздың сүйегін тапсақ деген ойымыз бар. Қазір Ресейде, Батыста көп архивтар ашылып жатыр. «Братская могила» дейміз ғой сол жерде жатыр. Бабаларымыздың көбі қолындағы қарумен жатыр. Осы Сүйінбай атамыз да солай табылды. Біздің мақсатымыз – ол кісілердің туған-туыстарына ата-аналарын табуға көмектессек деген ниет», – деді  «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әлия Сағымбаева.

Соғыс оты тұтанған жылы Сүйінбай Мазыбаев екі бауырымен бірге Алматы облысынан майданға аттанған. Содан бері ағайынды үшеуден еш хабар болмапты. Тек араға 78 жыл салып қана Сүйінбайдың жерленген жері табылып, ресейлік іздестіру жасағының көмегімен қазылып алынған. Өзімен бірге аты-жөні жазылған медальонда қоса жерленіпті.

«Мазыбайұлы Нүсіпбай, нағашы апамыз Мазыбай келіні Әспен. Бұл кісілердің отбасынан Мазыбайұлы Сүйінбай 1913 жылғы, Нүсіпбайұлы Тұңғышбай 1921 жылғы, Мазыбайұлы Ұзақбай 1921 жылы. Өкінішке орай олардың ешқайсысы соғыстан оралған жоқ. Бәрі хабар-ошарсыз кетті», деді С.Мазыбаевтың туысы Нүкеев.

 

 

АЛМАТЫ