Экономика • 23 Қазан, 2019

АQR: 14 банкті «сауықтыру» керек пе?

233 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай банк секторындағы активтердің сапасын бағалау (Asset Quality Review) басталғанына үш ай өтті. Ішкі нарық оның қорытындысын күтіп іштен тынып тұр. Алғашқы қорытынды желтоқсан айының соңғы күндеріне дейін белгілі болатынын Үкімет те, Ұлттық банк те айтты. Жуырда осы мәселеге орай өткен дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар АQR жобасының бізге тым қымбатқа түсетінін жеткізді. Себебі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл жоба ішкі нарықта сыр берген банктерді мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру үшін қолданылады екен.

АQR: 14 банкті «сауықтыру» керек пе?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

AQR – банк секторының тұрақты­лы­ғын кешенді бағалауға арналған қалыпты тәжірибе. Еуропада кейбір банктердің активтерін бағалау жыл сайын жүргізіледі. Оның ең ауқымдысы 2014 жылы өтіп, 130 банк тексерілген. Нәтижесінде 25 банктің капиталына 24,6 млрд еуро жетпейтіні анықталған. 2019 жылдың басынан бері Беларусьте тоғыз банктің активі тексеріліп, үш банктің капиталы жетіспейтіні белгілі болды. Украинада 56 банктің төртеуін қаржыландыру керек екені анықталды. Бұл қаржы институттарының барлығы бір жылға жетпейтін уақытта айтылған олқылықтың орнын толтырып үлгер­генін де айта кетейік.

Еліміздің Ұлттық банкі 14 банктің ахуалына күдік келтіріп, активтерінің сапа­сын бағалауға кірісіп кетті. Сарап­шылардың пайымдауы бойынша, отандық банктердің жұмысын жандандыру үшін 400-600 миллиард теңге керек. Демек бұған дейін бірнеше рет болған банктерге қаржы құю шарасы алдағы уақытта тағы қайталануы әбден мүмкін.

Әлемдік тәжірибеде мемлекет банк­терге қаржылай көмектескен кезде олардың қаржыландыру шарасынан сырт қалған қаржы ұйымдары алдындағы жауапкершілігі де заңдастырылады. Танымал сарапшы Досым Сәтпаевтің пікірін сұрағанымызда, ол қазір жа­бық есік жағдайында тест-бақы­лау жүріп жат­қанын айтты. Заң бо­йынша Ұлт­тық банк коммерциялық банктердің есебіне күмән келтіретін болса, тексеру жүргізуге құқылы. Заң Ұлттық банккке Үкіметпен бірлесіп экономиканың дамуына басымдық беруге құқық береді. Бірақ Қазақстан­дағы қазіргі қалыптасқан жағдайда олай істеу мүмкін емес екен. Ұлттық банк мемлекеттің меншігінде болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінен» бастап Қазақстанның даму банкіне дейінгі коммерциялық банктердің бәрі Үкімет пен Ұлттық банктің қол-аяғын буып тас­тауға шамасы жететін ықпалды топ­тың қолында.

«AQR қорытындысына тәуелсіз сарапшыларды тартпайынша, белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз дегенге сену қиын», дейді Д.Сәтпаев.

Бұл жолғы бағалау Халық банк, Сбербанк, Каспий, Форте банк, BCC, ATF, Еуразия, Jysan Bank, Bank RBK, Alfa-Bank, Altyn Bank, Nurbank, Home Credit және ВТБ қаржы институттарын қамтиды. S&P Global Ratings-тің қаржы институттары және мемлекеттік қаржы департаментінің директоры Ирина Велиеваның түсіндіруін­ше, Ұлттық банктің мұндай шешім қабылдауына қазақстандық банктердің экономиканы несиелендіруге қатысты белсенділігінің төмендеп кеткені себеп болып отыр.

«Банктің резервтері мен үмітсіз несиелер арасындағы алшақтықты жою үшін 1 трлн теңге қажет. Мемлекет алдағы уақытта проблемалы активтерді оның балансынан сатып алу туралы шешім қабылдауы мүмкін», дейді ол.

И.Велиева бұл жүйе банктердің қанша капиталға зәру екенін анықтауға, олардың актив портфелінің сапасына баға беруге, несиелеу тәжірибесін талдауға мүмкіндік беретін диагностика екенін де жиналғандардың қаперіне салып өтті. Үкімет пен Ұлттық банк бұл орайда теңгерімсіздікті жоюға банктер қатысатынын ашық айтып отыр. 2010 жылы банк жүйесі бізден көш ілгері Еуроодақ елдеріндегі қаржы институттарының проблемалары мемлекеттік көмек пакетімен шешіліпті. И.Велиеваның айтуынша, осы бағытта бас банктің қолға алған ісі тұтас банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл банктердің қаржылық жағдайы туралы қолжетімді ақпараттың сапасын арттыру үшін керек. Екіншіден, бұл жоба банктердің қаржылық жағдайын жақсарту үшін түзету шараларын анықтап, тұрақ­тылықты нығайтуға да сеп болады.

«Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің ашық жұмыс істеуге көш­кенін көрсету арқылы инвесторлар мен салымшылар тарапынан сенімді арттыру керек. Осындай шаралардың нәтижесінде банктердің қолданыстағы бизнес үдерістерін үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жетілдіріп, нақты экономиканы несиелеуді жандандыруға және халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға болады», дейді ол.

Қазақстандық сарапшылар да «Asset Quality Review» нәтижесі банк секторындағы көптеген мәселенің басын ашып алуға мүмкіндік деген пікірге басымдық беріп отыр. Мәселен, Ерлан Ибрагим 2007 жылғы әлемдік дағдарыстан қандай қорытынды шығар­ғанымызды да АQR-ның тексеруінің нәтижесінен біле алатынымызды айтады. Себебі біздің жүйенің қателігі – экономикадағы мәселелерді алдын ала шешпейтіні, тек салдарымен ғана күресіп келгені. Осы тұрғыдан келсек, банктердің жұмысын бағалау ашық жүргізілгені дұрыс.

«Әзірге Ұлттық банк сайтында тек­серу­дің қандай әдіспен жүргізілетіні жа­рия­­ланғаны болмаса, бағалау негі­зінен жабық жүргізіліп жатыр. Бұл жерде көп мәселе Ұлттық банктің шын­дық­қа қан­ша­лықты тура қалай алатыны мен табан­дылығына да байланысты. Егер бағалау процесі ашық әрі әділ жүр­се, Үкіметтің экономикалық блогын то­сын сый күтіп тұрғанын көреміз. Бәріміз оған дайын болуымыз керек», деді экономист.

Үкімет пен Ұлттық банк екінші дең­гейлі банктердің қаржылық жағ­дайын жақсарту бағытында мүмкіндіктердің бәрін қарастырды. Соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсетілді. Мемлекеттің шығындарына зер салып қарасақ, онда банктер экономиканың қаражат ең көп бөлінген саласы деген қорытынды жасауға болады.

Е.Ибрагим соңғы жылдары Үкімет­тің экономикалық блогының сараптау қабілеті сыр бере бастағаны көрер көзге байқалатынын айтты. Қазақ­стан­дағы қаржы институттары мықты болса, Үкімет Еуропа қайта құру және даму банкінен, сондай-ақ Азия­дағы ірі банктерден несие алмайтын еді. Осы ретте біздің елде білікті экономистерді таңғалдыратын құбылыс жиі болып тұрады дейді ол. Қаржы институттары мемлекет тарапынан өздерін «сауықтыру үшін» бөлінген қарызды қайтармақ түгілі, Үкіметтің кепілдендіруімен алған несиелерін игере алмай отыр. «Бұл жүйе әлемдік тәжірибеде сыннан өткен шығар. Бірақ дамыған елдерде мұндай шешім ішкі нарықты сауықтырды, бизнесті аяғы­нан тік тұрғызды. Үкімет пен Ұлт­тық банк екінші деңгейлі банктер­ге көмек көрсету туралы шешім қа­был­дамас бұрын шағын және орта биз­несті қаржыландырудың сауатты теті­гін іске қосуы тиіс. Үкімет қазіргі бағдар­ламасына балама бағдарлама іздеп, қаржы нарығына қатысты саясатына өзгеріс енгізуі тиіс», дейді Е.Ибрагим.

Қаржы секторында АQR дауылы соғып өткен соң таңдаулы 14 банк­тің қатарына ілінбей қалған басқа банк­тердің жағдайы не болмақ? Осы­ған дейін дефолттық жағдайға душар болған банктер акцияларының бас­қару пакетін басқаларға сатумен ғана ай­на­лысып, алпауыт банктерге жұты­лып кетті. Қазір ондай банктердің Қазақ­стан­да болғаны да ұмытылуға айнал­ды. «Мен АQR-дің көмегімен қаржы ұйым­дарын сауықтырып жатқан ел­дер­дің тәжі­рибесін зерттедім. Онда мем­ле­кет­тің назары түскен банктер ес жиып алған соң, тізімге ілінбей қалған банк­терге көмектеседі. Ұлттық банк АQR-дің қалай жүргізіліп жатқаны туралы әлі ақпарат берген жоқ. Шағын банк­тердің жұмысы тоқтағаннан кейін ай­мақ­тар қаржыдан тапшылық көріп жат­са, ірі банктер оларға қол ұшын соза ма? Бұл сұрақтың жауабын қазір айт­­па­сақ, кейін кеш болады. Бізге банк­тер­­ді асырай бермей, ішкі нарықты қар­­жы­­­лан­дыру­дың өзге тетіктерін қарас­­тырып, квази­сек­тордың жұмысын жандандыруымыз керек», деп қорытты ойын Е.Ибрагимов.

Мемлекеттің қолдауы арқылы пробле­малық несиелерді жабуға да біраз мүмкіндік туды. Банктер мем­ле­кет­­­тің алабөтен ықыласын осы жолы да пай­даланып қалуға бейіл. Сарап­­шы­лар болса «ойын алаңынан» сырт­­тап қалатын қалған банктердің тағ­дыры АQR қорытындысы бойынша шеші­летінін айтады. Осыған дейін жарғылық капиталы аз банктердің бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде де дағдарыстан аман қалғанына куә болғанбыз. Бұл жолы шағын банктерді қазіргі алып банктер жұтып қойса, өңірлер инвестициядан құр қалады. Себебі аймақтардың басым көпшілігі қаржылық қолдауды шағын банктерден көріп отыр.

 

АЛМАТЫ