Экономика • 23 Қазан, 2019

Жеңілдетілген автонесие отандық автопаркты «жасартады»

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда жасалған көліктердің саудасын күшейту үшін Ұлттық банк 2019-2023 жылдары жыл сайын 20 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие ұсынбақ.

Жеңілдетілген автонесие отандық автопаркты «жасартады»

Жеңілдетілген несиенің талаптары бұ­рын­­ғыша: сыйақының номиналды мөлшер­ле­месі жылдық 4%, жылдық тиімді сыйақы мөл­шерлемесі 7,5%, несиелеу мерзімі – 7 жыл. Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәлі­­метінше, биыл қаңтар-қыркүйек ара­лы­­ғында қазақстандықтар 499,8 млрд теңгеге 51,8 мың жаңа көлік сатып алған. Соның ішін­де ең көп сатылғаны Hyundai жеңіл авто­­көлігі екен. Бұл көлік Қостанай­дағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты­нан шыға­тыны белгілі. Екінші орында – Toyota. Өтімділігі жағынан екінші орын­да­ғы бұл көліктің тоғыз айда 1 204 данасы са­тыл­ған. Жалпы, биыл тоғыз айда Қазақ­стан­да 33 500 автокөлік шығарылған. Ал өн­ді­­ріл­­­ген автокөліктердің 50 пайызын «СарыаркаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорны шығар­ған. Компания өз өнімдерін Ресей, Қырғыз­стан, Беларусь елдеріне де эскпорттайтыны белгілі.

Биыл жаңа көліктерді сату көрсеткіші 70 мыңға жетеді деп болжанады. Отандық көліктердің сатылымына Ұлттық банктің жеңілдетілген несиесі қарқын беретіні анық. Жеңілдетілген несиенің басты операторлары Халық банкі, Сбербанк және ВТБ банктері. Аталған үш банк мемлекеттен бөлінген қаражаттың 72,5 пайызын игермек. Қалған 5,5 млрд теңгені екінші деңгейлі өзге де банктер халыққа қарызға беруі тиіс.

Жалпы, отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен сату үшін мемлекеттен қаражат бөлу, кей сарапшылардың айтуынша, автокөлік шығарушы кәсіпорындардың бизнесін жүргізу үшін қолға алынып отыр. Дегенмен, мұның өзге де қырларының бар екенін естен шығармау керек. Мәселен, қазіргі таңда еліміздегі қолданыстағы көлік­тердің 70 пайызына жуығы 10 жылдан ескі көлік­тер. Соңғы кездері жақын шетелден арзан көлік тасудың көбейіп кеткенін ескерсек, көрсеткіш алдағы уақытта арта беретінін болжау қиын емес. Осы орайда, отан­дық көліктердің сатылымын күшейту шара­лары бизнес үшін ғана емес, халыққа да, эко­ло­гиялық ахуалға да оң әсер ететіні анық.

«Жыл сайын бөлінетін 20 млрд теңге отандық автокөліктер сатылымын геометриялық прогреспен өсіреді. 2015 жылдан бері шамамен 5,9 мың қазақстандық 71,7 млрд теңгеге көлік «мінді». Бағдарламаның 2023 жылға дейін созылуы отандық көлік саудасын арттырып, қазақстандықтардың жаңа көлік алуына жағдай жасамақ. Ал несие шарттары халыққа өте қолайлы. Тұтынушылардың арасында несиені өтей алмай отырған азаматтар жоқтың қасы», дейді Қазақстанның Даму банкі басқарушы директоры Дастан Ахметов. 

Жалпы, жеңілдетілген автонесие бағдар­ламасының негізгі мақсаты, сарапшылар­дың пікірінше, Қытай мен Ресейдің өнімдеріне қарсы отандық көліктердің бәсекелестігін арттыру. Қымбат көліктердің тұтынушылары, әрине, бұл бағдарламаға қатыспайды. Ал «бюджеттік» көлік мінгісі келетіндер әдетте Ресей, Өзбекстан мен Қытайдың өнімдерінің бірін таңдайды. Ал бағасы қымбат демесеңіз, сапа жағынан отандық көліктер көрші елдердің тауарларынан кем түспейтіні анық. Мемлекеттің жеңілдетілген несие ұсынуы да қымбат көліктерді халыққа қолжетімді ету. Қазақ­стан автобизнес қауымдастығы өкілдерінің пікі­рінше, отандық өндіруші­лердің мақ­саты қазірден бастап алдағы 5-10 жылда елдегі автокөліктердің тең жартысын 3 жыл­ға дейін «жасарту» екен. Бұл Еуропа елдерін­дегі көрсеткішпен парапар. 

Екінші деңгейлі банктер берген мәлімет­ке сүйенсек, қазақстандықтар жеңілдетілген авто­несие бойынша негізінен 4-6 млн теңге­нің көліктерін сатып алғанды жөн көреді екен. Тіпті көпшілігі алғашқы төлемсіз де несие рәсімдей алады. Ал кепілзат ретінде алынған көліктің өзі тіркеледі.