Қазақстан • 23 Қазан, 2019

Қазақтардың атқа міну мәдениеті

92 реткөрсетілді

Қазақ даласы күллі адамзаттың өміріне елеулі әсер еткен оқиғаларға куә. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтқанындай «Еліміздің табысты болуының кепілі – өткен тарихын мақтан тұтып, бүгінгі жағдайды нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту» болмақ. Сондықтан да өткенді зерделеп, бүгінгіні бағалап, келешекке сеніммен қадам жасау үшін тарихи сананы жаңғырту қажеттігін нақты мысалдармен түйіндейді. Соның бірі атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ең алғаш атқа міну мәдениеті қазақ жерінде басталғаны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жылқы сүйектерін зерттеу негізінде дәлелденді. Мұнда табылған аттардың азу тістерін­де ауыздықтың ізі қалған. Ол жерден сол замандағы ат әбзелдері, кәдімгі құрық, теріден тігілген шалбар, тізеден асатын тері етік, тымақ та табылған. Британиялық ғалымдар ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан қымыздың жұғынын анықтаған. Бұдан ботайлықтар жылқыны мініс көлігі ретінде пайдаланып қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытып, шипалы сусын өндіруді де меңгергенін көре аламыз. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дəуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргі­зіл­ген қазба жұмыстары жылқы­ның тұң­ғыш рет қазіргі Қазақстан аума­ғын­да қолға үйретілгенін дəлелдеді. Ата-бабаларымыз жылқыға қатысты ашылған барлық жаңалықтың бастауында тұр. Демек, атқа міну мәдиениеті Ұлы даладан тараған деп айтуға толық негіз бар.

Петербург академиясының академигі, түрколог, этнограф, шығыстанушы В.В. Радлов қазақ өлкесінің зерттелуіне үлкен үлес қосты. Атқа міну мәдениетінің қазақ жерінде дамығанын өткен ғасырлардағы зерттеушілердің еңбектерінен көре аламыз. Мысалы, Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды зерттеуде академик В.В.Радловтың еңбегі маңызды. Ол өзінің қазақ жеріндегі зерттеулері жазыл­ған күнделігін «Из Сибири» еңбе­гінде жариялады. Бұл еңбектің «Тюрк­ские степные кочевники» деп аталатын бесінші тарауында қазақ этнографиясы, оның ішінде мәдениеті жайлы көп айты­лады. В.В.Радлов зерттеулерін Ал­тай қырғыздарымен, яғни қара-қызғыз­дармен салыстыра отырып зерттеп, сипат­тап жазды. Қазақтардың материал­дық мәдениетінің жай-күйі қоғамның көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Материалдық мәдениеттің маңызды дерегі болып табылады. Қарапайым ең­бек құралдарын, ер-тұрман әбзелдерін қол­өнер­шілер жасап отырған. Қазақтың ер-тұр­ман әбзелінің ішіндегі ердің сырт­қы түрі мен дайындау тәсілінде жергі­лік­ті ерекшеліктер байқалады. Олардың үлгі­лері тиісті өзіндік атаумен аталып келді.

Ғалым өз зерттеулерінде қазақтың ат әбзелдеріне ерекше көңіл аударды. Оның пікірінше, ердің көп таралған түрі – қайыңнан шауып жасалған алдың­ғы қанаты кең «қазақы ер». Мұндай ерлер құрамдас бес бөліктен – алдыңғы қас пен артқы қастан, екі жақтағы қапталдан және орта ағаштан тұрды. Ердің ағаш сүйегі мұқият өңделді, ал халықтың ауқатты топтарына арналған күміс кейде алтынмен қаптап түрлі-түсті бағалы тас­тан көз салған түрлері болды. Әсіресе, әйелдерге арналған ер сәнді безендірілді. Қазақстанның оңтүстік аймағында ердің «құранды ер» дейтін түрі таралған. Ол 22 құрамдас бөліктен тұрған және бұл элементтердің әрқайсысының өз атауы болған, бұл бөліктердің барлығы желім­мен жапсырылып, күміспен неме­се алтынмен безендірілген. Ер-тұр­ман әбзелдерін жасау негізінен ерші­лер­дің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге барлық ат әбзел­де­рін: тоқым, құйысқан, өмілдірік, жү­ген, айыл, тартпа, үзеңгі, таралғы, қам­шы, және т.б. жасап оларды әсемдеп-көркемдеп отырған.

В.В.Радлов «Тюркские степные кочевники» атты еңбегінде қазақтар аттың үстіне отыруды бала кезінен үйренеді, отыратын ері ашамай деп аталады, әр адам тамаша шабандоз» деп жазды. Қазақтардың ер-тұрманы бірнеше бөліктерден тұрды:

Аттың басына тағылатын бөліктері:

1) Ауыздықтан тұратын жүген, аттың аузының екі жағында тұратын сақина тәріздес сулық, жақтың астында тұратын белбеуі сағылдырық, ауыздың астыңғы бөлігіндегі кеңсірік, сондай-ақ тізгін, шылбырдан тұрады.

2) Ноқта.

3) Ер: а) қазақы, яғни жарты ай фор­масындағы ер адамдарға арналған ер; б) қоқандық ер немесе сырлы ер, сарт ер деп аталатын әйелдерге арналған ер. Қоқан­дық ер қайыңның қабықтарынан жабыстырылып, жылтыратып жасалынады.

Жергілікті қазақтарда ердің ең көп таралған түрі «қазақ ері» болғандықтан, оны ер адамдар да, әйел адамдар да қол­данды. Ал В.В.Радлов ер адамдардікін қазақ ері атауымен, ал әйел адамдардікін басқаша атаумен, яғни қоқандық ер деп атаған. Жасалуы мен безендірілуі жағынан қоқандық ер Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі құранды ермен сәйкес келеді. Екеуінің де бөліктері желіммен жапсырылып, сыртынан қайыңның қабығымен тартылып, күміспен немесе алтынмен безендірілген. Яғни, ғалымның мұндағы қоқандық ер деп отырғаны құранды ер деп санауға болады. Қазақ ері В.В.Радлов жазбаларында «қырғыз ері (қазақ ері)» деп аталады. Бұлай атауының себебі сол кезде қазақ жеріне жер аударылып келгендер жергілікті қазақтарды қырғыздар деп атаған. Енді ердің бұл түріне тоқталатын бол­сақ, жергілікті қазақтар оны бес бөлік­тен тұратындай етіп жасаған, дәлі­рек айтсақ, алдыңғы қас, артқы қас, екі жақ­тағы қапталдан және орта ағаштан тұрған. Ал В.В.Радлов жазбасындағы оның айырмашылығы – төрт бөліктен тұрған: алдыңғы қас, артқы қас және екі қанатты қаптал. 

В.В.Радлов зерттеулері арқылы, ер-тұр­мандардан халықтың әлеумет­тік жағдайына байланысты айырмашы­лықтарды да көруге болады. Дәулетті емес қазақтардың аттары қарапайым безен­дірілген. Ал бай-қуатты адамдар­дың ат әбзелдері күміспен, қымбат әшекейлермен сәнделген. Сондықтан да ат иесінің әл-ауқат жағдайын осыған қарап-ақ ажыратуға болатын. Осы жөнінде ғалым ең қымбат қазақ ер-тұрмандар күміспен әшекейленіп жасалатынын және оны тек бай қазақтар ғана сатып алатынын айтады. Әйелдер ерінің әшекейленуі әл-ауқатына байланысты емес, яғни күміспен әшекейленеді.

Ат үстінде жүрген көшпенділер неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз жəне неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Ер қанаты – ат демекші, аттың үстінде еркін отыруды үйренген сарбаз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы əрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды. Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі болып табылады. Жаумен шайқасарда қылыш ең маңызды əрі кең таралған соғыс құралына айналды.

В.В.Радлов сонымен қатар қазақ халқы­ның ұлттық ойындарына, оның ішінде жылқымен байланысты ойын­дарға тоқталды. Ертеден келе жатқан ойындардың бірі – теңге алу. Теңге алу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Жерге күміс теңге қойылады. Ойыншылар атқа мініп, шауып бара жатып, жердің үстінде жатқан тиынды еңкейе беріп, іліп алып кетулері керек. Ақшаны сыйлық ретінде ат үстінен алған адам иеленіп кетеді, сөйтіп жеңімпаз атанады.

Сонымен қоса жарысқа қатысу­шы­лар өздерінің күштерін де көрсете білген. Мысалы, салт атты адам ат үстінде отырып, жерде тұрған қойдың артқы аяғынан ұстап алып, жоғары көтерген және арлы-берлі теңселтіп, бірден лақтырып жіберген яғни, оның қолында малдың аяғы мен терісінің бір бөлігі қалуы керек. Сонда қой жерге өлген күйде түскен. Мұндай жабайылық өнер көрермендеріне ұнаған.

Тәуелсіз ел болып өмір сүру үшін ұлт­тық санамызды, болмысымызды сақ­тап, жастарымызды жарқын бола­шаққа тәрбиелеуде Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласындағы Атқа міну мәдениетінің тарихын зерттеуде ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамын, тарихын, этнографиясын зерттеп жазған В.В.Радловтың еңбектерінің маңызы зор. Қазақ мәдениетін ХІХ ғасырда келген көптеген шетелдіктер зерттеді. Дегенмен, солардың ішінде В.В.Радловтың зерттеулерін қазақ этнографиясы, оның ішінде атқа міну мәде­ниеті туралы толығырақ жазылған еңбек деп бағалауға болады.

Жылқы – қазақ халқының сенімді серігі, елтаңбамызда қанатты тұлпар бей­неленуінің сыры осында. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде атакәсібіміз – жылқы шаруашылығын дамыту қайта­дан қолға алынып отыр. Қазіргі таңда жыл­қыны ондап, жүздеп, мыңдап өсіре­тін шаруалар, кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Ұлттық ат ойындары: ат бәйгесі, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, асауды үйрету, т.б. қолға алынып, қайта жаңғыруда.

 

Акпар АЙЖАН,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар

Тартымдылық тереңдей түспек

Аймақтар • Бүгін, 09:37

Жаңылтпаш жауаптар кімге қажет?

Аймақтар • Бүгін, 09:17

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені

Қоғам • Бүгін, 07:59

Үздіктер марапатталды

Футбол • Бүгін, 07:57

Жастар жарады

Спорт • Бүгін, 07:51

Жерлестеріміз жоғарылады

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:50

Фронт-кеңсе ашылды

Аймақтар • Бүгін, 07:31

Қоршаудан құтылған қала

Қоғам • Бүгін, 07:28

Анаға тағзым етіңдер!

Руханият • Бүгін, 06:57

Үмітіңді үзбе, үлескер...

Қоғам • Бүгін, 06:51

Ұлылар мұрасы – ұрпаққа өнеге

Аймақтар • Бүгін, 06:42

«Атыңнан айналайын, Әулие ата»

Руханият • Бүгін, 06:40

Ел ардағы – елу есім

Қоғам • Бүгін, 06:20

Он айдағы орнықты даму

Экономика • Бүгін, 06:17

Стратегиялық ықпалдастық артады

Парламент • Бүгін, 06:09

Миссия басшысымен кездесті

Үкімет • Бүгін, 06:08

Күлкі керуені № 14

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар