Қоғам • 23 Қазан, 2019

Кедергісіз келешек

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері инклюзивті білім беруді жүзеге асырып келе жатқан мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдары кешенді іс-шараларды белсене атқарып келеді. Соның бір айғағы ретінде жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Шекараларды кеңейте отырып – әлемді ашамыз» атты балалар фестивалі өтті. Аталған халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген ерекше мұқтаждықтары бар елуге тарта бала қатысты.

Кедергісіз келешек

Балалардың тұлғалық және әлеуметтік бейімделуін жүзеге асыруды мақсат еткен фести­валь­ды Нұр-Сұлтан қаласы әкімді­гі­нің Білім беруді жаңғырту орта­лы­ғы мен №10 мектеп-гимназия­сы ұйым­дастырып отыр.

Фестивальдың алғашқы күні балалар мәдениет пен тарихтың ошағы саналатын қаланың мәде­ни орындарын араласа, екінші күн спорттық сауықтыру шара­ла­рымен жалғасты. Ұлттық му­­зейде арнайы экскурсиядан ке­йін «Ұлттық ою-өрнек өнері» және «Киіз басу» атты шеберлік са­­ғаттары өтті. Кіші ғылыми қыз­­меткерлер Зухра Баянова, Кенжегүл Сейітжанова сынды білікті мамандар балаларға хал­қы­мыздың қолөнер қазынасы – киіз туралы баяндап, киіз басу­дың жаңа технологиясымен та­ныс­­тырып, жүнді киіз басу тех­ни­касында панноны өздігімен дайын­дауды үйретті.

Музей мен білім беру меке­ме­лерінің ықпалдастығына бағыт­тал­­ған білімнің гуманитарлы жа­ңаруы бағытында ауқымды жоба­ларды бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқан Ұлттық музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің же­тек­шісі Гаухар Садыбай «Көш­пелілердің ғаламат өнер та­бы­сы – қазақтың киіз үйі ар­қы­­­лы оқушыларға көп нәр­се­­ні жеткізуге әрекеттендік. Қасиетті шаңырақтың ерекше­лік­­тері ар­қы­лы тарихқа, мәде­ниет­ке деген құрмет сезімін қалып­тас­ты­ру­ға тырыстық», дейді.

Ал Әзербайжаннан келген педагог Афет Ашумова – зағип және нашар көретін оқу­шы­ларды оқыту саласында 42 жылдық тәжірибесі бар беделді ұстаз. Бүгінгі фестивальға өзі ұстаз­дық ететін мектептің бірнеше оқушы­сын ала келіпті. Көпті көрген маман оқушының білім алуын жалғастыруға және қоғамның толық­қанды өміріне араласу үшін қа­жетті жалпы білім берудің іргета­сының мықты болғанын дұрыс деп біледі. Өйткені бұл жолдан өзі де өткендіктен болар, мүмкіндігі шектеулі оқушының даму ерекшеліктерін зерттеу, білім беру процесіне қосудың тиімді түрін таңдауды бір кісідей түсінеді.

– Мен көрмейтін және нашар көретін балаларды оқытатын мектепте жұмыс істеймін. Өзім де осы мектеп­тің түлегімін. Көзімнің көрме­уі өмірде, қызметте көп­те­ген белесті бағындыруыма ке­дергі болған жоқ. Сондықтан балаларды да оптимистік рухта тәрбиелеуге, қиындықтардан қаймық­пауға шақырамын. Кез кел­ген кедергілерді жеңіп шы­ғу­ды, арман-мақсатқа жетуді үй­рет­кіміз келеді, – дейді Афет ханым.

Мұндай халықаралық жиындар әлемдік қоғамдастықта сапалы білімге тең қолжетімділікті жүзеге асырудың тиімді меха­низм­дерінің бірі ретінде танылған инклюзивті білім беру жүйесін жандандыруда аса маңызды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формация мұға­лімі Сәуле Сағымбаеваның айтуынша, инклюзивті білім беруге қолдау көрсетіп отырған басқа ресурстық орталықтармен байланыс орнату мен серіктестік білім беруді дамытудың тиімді жолдарын іске асыруға мүмкіндік береді.

– Инклюзивті білім беру орталық­тарының мүмкіндігін кеңей­туде дәл бүгінгідей жиын­дар өте қажет. Мұндағы түп­кілікті мақсат – көзі нашар көре­тін және зағип балаларды әлеу­мет­тендіру және өзін өзі іске асыр­уы, тез өзгеретін әлемде өмір сүруге үйрету. 2015 жылы астана­дағы №10 мектеп-гимназиясында көзі нашар көретін және зағип балаларға арналып сыныптар ашылды. Қазір 170-тен астам оқушы білім алып жатыр, – деді жиынның ұйым­дас­тырушысы, педагог Сәуле Сағымбаева.

Кейінгі жылдары әзірленген құқық­тық нормативтер, қоғам­да жүргізілген белсенді ағарту жұмыстары инклюзивті бі­лім берудің қазақстандық тәжіри­бе­сі­нің дамуына жан-жақты ықпал еткені рас. Дегенмен мамандар аталған білім беру тәжірибесін кеңінен тарату қарқынды ғы­лы­ми әдістемелік, кадрлық және материалдық-техникалық қол­дау­ды қажет ететіндігі әлі де еске­ретін жайт екенін айтады.