Қазақстан • 23 Қазан, 2019

Герольд Бельгерге көше берілді

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда көрнекті жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің атына  көше атауы берілді. Шаһардың Наурызбай ауданында орын тепкен көшенің жалпы ұзындығы бір жарым шақырымға созылып жатыр. Мұнда жазушының жарқын бейнесін жаңғыртқан тақтайша да ілінген.

Герольд Бельгерге көше берілді

Қаламгердің рухын аспандатқан айтулы шараға Ресейден туған-туыстары мен жұбайы арнайы келді. Жиналғандар жылы естеліктерімен бөлісіп, қабырғалы қаламгердің азаматтық тұлғасын тебірене еске алды. Әсіресе, әкесінің  атына көше бұйырғаны қызы Ирина Бельгерді айрықша қуантыпты. Себебі, қазір ол Герольд Бельгердің қолжазбаларын, жеке заттарын жинастырып, мұражайға өткізуді қолға алған. «Әкеміздің өмірден озғанына бес жылға жуықтады. Қазір қолымыздан келгенше оның есімін ұрпақ санасында әлдилеу үшін естеліктер жинастыру үстіндеміз. Қолымызда көптеген қолжазбалары бар. Оларды ретке келтіруді көздеп отырмыз. Әкем ұлты неміс болса да қазақ халқын ерекше сүйді, соңғы демі қалғанша әдебиеті мен руханиятына қалтқысыз қызмет қылды», – дейді Ирина Бельгер.

Жазушының қызы тілге тиек еткендей, саналы ғұмырының сәулелі сәттерін әдебиет әлеміне бағыштаған Бельгердің қазақ халқына деген махаббаты шығармалары арқылы көптеп көрініс табады. Оған жазушының «Абай и Гете» зерттеу еңбегіндегі: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін», деген жолдары дәлел.

Дарын атындағы даңғылдың ресми ашылу салтанатына жиналған зиялы қауым өкілдері де  оның қазақтың қасиетті салтын өте терең білетінін, шығармалары халыққа біртабан жақын екенін айтып, Бельгердің жазушылық қыры мен азаматтық сыры туралы тереңнен толғады.

Алматының Наурызбай ауданында соңғы екі жылда 100 көше жаңа атау еншілеген. Бұған дейін еліміздің  екі бірдей ірі қаласында жазушының атына көше атауы берілген болатын.