Іргеден індетіп енген жаудың сан жағынан басым екендігін бағамдаған Салқам Жәңгір хан тұтас елге сауын айтып, көмек шақырды. Орбұлаққа ой мен қырдан қазақ қосындары аттанды. Жәңгір әскеріне көмекке келіп соғысқан батырлар қатарында Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқ, Найман Көксерек, Дулат Жансығұл, Суан Елтінді болған деген дерек бар. Орбұлақ шайқасында ат үстінде атой салған қазақ әскері алғаш рет бекініс шебін құрып, жердегі қорғанысқа көшті. Жәңгір хан әскері терең ор қазып, екпіндей ентелеген жау қолының алғашқы легін омақаса құлатып, от пен оққа бөктірген екен. Қол санының басымдығына сенген қоңтайшы Орбұлақ шайқасында оңбай соққы алып, кері шегінуге мәжбүр болған. Ұрыс даласындағы Жәңгір батырдың қосынына Самарқаннан суыт жеткен Жалаңтөс баһадүр бастаған 20 мың қол қосылып, жаудың сағын сындырған алғашқы жеңіс туы көтерілді.
Орбұлақ шайқасындағы Жәңгір ханның соғыс тактикасы жайында орыс тарихшысы И. Левшин «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді.
Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдады» деп жазған екен өз естеліктерінде. Ал Тобыл әскери бекінісінің қызметкерлері Григорий Ильин мен Кучембердейко Кучеевтің күнделіктерінде Батыр қонтайшының Белжайлаудағы ордасына барғаны жайлы айтылады. Орыс елшілері қоңтайшының Орбұлақ шайқасындағы жеңілістен кейін алты ай бойы ордадан шықпай жатып алғанын, бұларды оның әйелі қабылдағаны жайында жазба қалдырған.
–1643 жылғы бұл соғыс – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқпана жасап бұлай шайқасқан емес. Орын алған жағдайға байланысты қазақ қолбасшылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса саны өздерінен ондаған есе көп жау жасақтарын тосқауылдауға болатынын іс жүзінде көрсеткен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі. Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір байламға тоқтады, бір мақсатқа тас түйін бекіді, – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.
Күні кеше Талдықорған қаласының атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы қайта сахналанды. 1500 көрерменге көзайым болған көрініс алғаш рет 2015 жылы қойылып, жұрттың қызығушылығын туғызған еді. Ал биылғы қойылым Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы негізінде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.
...Әп-сәтте шайқас алаңына айналған атшабарда қазақ пен жоңғар әскерінің кескілескен ұрысы жүріп жатты. Мыңға жуық адамның көне заманғы сауыт-сайман киіп, жарақ асынып атой салғаны көрерменді рухтандырды. Жұрттың тіл ұшында «Бұл бір тарихи киноға лайық қойылым екен...» деген ой кетті. Шынында, Орбұлақ шайқасындағы қазақ батырларының ерлігі Батыс елі жыр қылып айтатын «300 спартандықтардың» ерлігінен еш кем емес екені анық, одан қалды орыс тарихындағы «Бородино», «Куликово» ұрыстарымен бірге әспеттейтін ұлттық құндылыққа айналуы тиіс.
– Қазақтың жерін жауға бермеген ата-бабаларымыздың ерлігін көз алдымыздан өткізіп көрдік. Бұл тарихи жеңіске арналған қойылым осымен екінші рет сахналанып отыр. Оған актер, каскадерлермен қоса алғанда барлығы 1500 адам қатысты. Бабалар жеңісі ұлықталып, ұлт бірлігін айғақтайтын шараның мән-мағынасы терең. Ресейде Мәскеудің жанында болған Бородино шайқасын жиі қайталап көрсетеді. Еуропада болған Ватерлео шайқасына да арнайы қойылым ұйымдастырылады. Оған туристер арнайы барады. Біз неге қазақтың осындай батыр болған кездерін көрсетпейміз? Осы ниеттен туған жобаны қолдадық. Бұл қойылым жастарға үлгі болады. Ерлікті ешқашан ұмытпауымыз керек. Оны біліп, мақтанып, балаларға үйретуіміз керек, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Алматы облысы