Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Мемлекеттік тіл мерейі қайтсе көтеріледі?

886 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Келелі кеңесте кемел ой, кестелі сөз сөйлеу үшін кемеңгерге керегі алдымен көркем тіл. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп Ах­мет Байтұрсынұлы айтқан ата­лы сөз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлімді тәмсілге айналды.

Мемлекеттік тіл мерейі  қайтсе көтеріледі?

Уақыттың керуені адымдап алға басса да мәні мен маңызын жоймай, құны құлдырамайтын рухани байлықтар болады. Біз үшін бұл ең әуелі – қазақ тілі болуы шарт. Тіршілікте тілден артық қа­зына жоқ. Оның байлығы салт-дәстүрмен сабақтасып, тамы­ры тарихпен біте қайнасып, өлмей­тін һәм өміршең қалпында қала бермек. Кез келген мемлекеттің келешегіне баян­ды бағдар беріп отыратын осы бір құн­дылықтың бағасына жете алдық па? Жоқ, тілге деген махаббат тілдің ұшын­да қалып қойды ма?

Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сын­дар­лы қо­ғамдық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» атты Қазақстан хал­­қына Жолдауында қазақ тілі­нің келер келешегі мен болар болашағына ай­қын айна боларлықтай мына бір жайтқа тоқталған еді.

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретін­­дегі рөлі күшейіп, ұлт­аралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептей­мін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұ­мыла жұ­мыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үл­кен саясат­тың құралы екенін де ұмыт­паған жөн», деген болатын Президент.

Иә, мемлекеттің мерейін тасы­тып, абыройын асыратын қашанда оның тілі. Себебі тіл сол халықтың әдет-ғұр­пын әспеттеуге, тарихын тарқа­туға, шежіресін шертуге, өтке­нін өлшеп, болашағын болжау­ға мүмкіндік беретін бірден-бір құрал деуге болады. Алысты жа­қындатып, жақынды жанашырға айналдыратын құнды құралды құрметтеп, болашақтың бойына сіңіру адамзаттың арына жүктелген қасиетті парыз.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деген Қадыр ақынның қара өлеңі қанатты сөзге айналып, қағи­да болып қалыптасқалы қашан. Мемлекеттік тілдің ме­рейін асыруды мемлекеттің іші­нен, қо­ғамдық қолданыстан баста­ғанымыз жөн.

Ана тілдің арына дақ түсірмей, ке­рі­сінше оның кемелденуі сол мем­ле­кетті мекендейтін тұрғындарға байла­ныс­ты болмақ. Қазақ тілінің қазіргі жай-күйі, мемлекеттік мекемелердің интер­нет ресурстарында қолданылу аясы қай деңгейде екені жайлы осыдан екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газеті «Мемлекеттік сайттар атауы неге мем­лекеттік тілде емес?» деген сарап­та­малық ма­қала жазған болатын. Мақа­ла­да журналист Үкімет құра­мын­да­ғы 16 минис­тр­ліктің төртеуі өз сайттарын орыс­ша жазғанын атап көрсетеді.

«Үкімет құрамындағы 16 минис­трлік­тің төртеуі өз сайттарын орысша атау­ды жөн көрген екен. Мәселен, Денсау­лық сақтау министрлігі – mz.gov.kz (Министерство здравоохранения), Ауыл шаруа­шылығы министрлігі – mcx.gov.kz (Министерство сельского хозяйства), Мәдениет және спорт министрлігі – mks.gov.kz (Министерство культуры и спорта), Ішкі істер министрлігі – mvd.gov.kz (Министерство внутренних дел). Үш министрлік қазақ тіліне басымдық берген. Олар: Әділет министрлігі – adilet.gov.kz, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – enbek.gov.kz, сондай-ақ Дін істері және азаматтық қо­ғам министрлігі – diakom.gov.kz. Қал­ғаны түгелдей ағылшын тілінде. Мұн­да­ғы kz дегеніміз – бұл сайттың қай елге жататынын көрсететін бірінші деңгейлі до­мендік атау болса, gov – сайттың Үкі­метке қарасты екендігін білдіретін екін­ші деңгейлі домендік атау», делінген мақа­лада.

Бұл біреулер үшін түкке тұрғысыз бо­лып көрінсе де, қазақ тілінің қарыштап да­муына, қолдану аясының кеңеюіне айтарлықтай кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Көшеде, әртүрлі сауда орында­рын­да, жарнамаларда кетіп жатқан тіл­дік қателер, қате аудармалар, барлығы мем­лекеттік тілдің абыройына нұқсан кел­тірмей қоймайды. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы бірле­сіп «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты шараны қолға алғаны белгілі. Ол тілді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалауға, заңнаманы бұз­ған­­дардың жауапкершілігін күшей­ту­ге, мемлекеттік тілді қолданудың мәр­те­бесін өсіруге, сыртқы жарнама мен көр­не­кі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қате­ліктердің алдын алуға бағытталған. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негіз­гі ұйытқы болған оның ғажайып тілі» деген орамды ойы бар.

Осы ретте біз сөйлескен филолог ғалым Ерден Қажыбек егер қазақ­стан­дықтар бір-бірімен мемле­кет­тік тілде сөйлесіп, оны бар­лық салада қолданса, қазақ тілі халықаралық дең­гей­ге көтеріле алатынына сенімді.

«Біз бүгінгі таңда ұлт – мемлекет деген­ түсінікке жеттік. Ал Қазақстанда – бір мем­лекет, бір ел, бір халық. Сондықтан «ұлтаралық» ұғымын мемлекетаралық, халық­аралық деп түсіну керек. Яғни қазақ тілін ха­лықаралық тіл деңгейіне көтеру керек. Алтын Орда, Дешті Қып­шақ кезеңіндегі та­рихи кезеңдерден бас­тап, ғасырлар бойы қазақ тілі халық­ара­лық қатынас тілі болып келді. Сон­дықтан бұл тәжірибе бұрын­нан қалып­тас­қан. Болашақта қазақ тілі ғылым­ның, өндірістің, инновацияның, экономика мен мәдениеттің халықаралық тілі бола алатынына сенімдімін», деді А.Байтұр­сын­ұлы атындағы тіл білімі инсти­туты­ның директоры Е.Қажыбек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газет­­теріне берген сұхбатында қазақ тілі мәсе­лесіне қатысты сұрақтарға жауап берген болатын. Сұхбат барысында Пре­зи­­дентке мем­лекеттік тілді дамыту үшін қандай ша­ралар атқарылу керектігі тура­лы сұрақ қойылған еді.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Хал­қымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мә­дениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айт­қандай, қазақ тілі­ – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыс­ты­ратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан бас­талады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұр­ғы­да, балабақшаларда, мектептерде мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назар­да ұстау қажет. Біз мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра бере­міз», деген-ді Президент.

А.Байтұрсынұлы атындағы Білім ака­де­миясының директоры Ұлан Еркін­бай болса, еліміздегі тілді дамыту психология­сын өзгерту керек деп есептейді.

«Тіліміздің ұлтаралық, халықаралық дең­гейдегі дәрежесі, жалпы бәсекелестік қабі­леті артуы үшін бірқатар жағдайлар ескерілуі қажет деп есептеймін. Қазір бі­лім бәсекесінде, ақыл-ой жүйесінде, білім саласында күрделі өзгерістер, күр­­делі бәсекелестік орта қалыптасып отыр­ға­ны белгілі. Оның барлығы ұлттық тілге негіз­делетіні мәлім. Осы тұрғыда бірне­ше фак­торға тоқталып өткім келеді. Бізде ең алды­мен өз еліміздегі тіліміздің лингвис­ти­калық картасын дайындауымыз керек. Бұл жөнінде түрлі ғалымдардың айтқаны ұсы­ныстар деңгей­інде қалып келе жатыр. Егер қазақ тілінің лингвистикалық карта­сы­ мемлекеттік деңгейде дайындал­са біз әлеу­меттік, экономикалық, геог­ра­фиялық, өңір­лік деңгейде барлық тіл­дің жағдаяттары, қол­даныс бейнесі көз алдымызға келер еді. Екіншіден қазақ тілінің дипломатиялық қабі­леті ғасыр­лардан мәлім. Шексіз деуге­ болады. Және де билік басындағы бірінші дең­гей­дегі басшылардың қазақ тілінің дип­ло­матиялық тіл екенін насихаттап, бар­лық жерде қазақ тілінде сөйлеуі талап тұрғысынан дұрыс деп ойлаймын. Үшін­ші­ден, тілдің жалпы дамуы та­биғи жағдайда бәсекелестік ортада болғандығы дұрыс. Себебі осы үшінші факторға қоса кететін бір нәрсе, біздің мемлекеттік тілдің дамуын қа­дағалайтын түрлі комитеттер, басқар­малар, ұйымдар бар. Бірақ олардың бар­лығы тіл­дің жанашыры деңгейінде қалып отыр. Олар­да заңдық, басқадай да құзы­реттілік жоқ. Егер оларда заңдық құзы­рет­­ті­лік болмаса ондай басқармалардың бәрі біздің тіліміздің кері кетуіне әсер етуі ықти­мал. Сондықтан тілімізді табиғи бәсе­келес­тік жағдайда қалдырып, мемлекет бұл жағ­дайда қолдаудың жариялылық түрін емес, экономикалық немесе басқа да бәсе­ке­лік­ түрін қолға алған дұрыс», дейді Ұлан Оралұлы.

Сонымен қатар ол тілді үйренудің, үйретушілердің ұлттық бірыңғай сертификациясы жасалу қажет деген ойды ортаға салды.

«Себебі қазір бәсекелестік ортада, тіл үйрету ортасында қазақ тілінің қажеттілігі көзге ұрып тұр. Бірақ озық методикаларды жалпы халық ала алмай жатыр. Үйренушілер озық әдіснаманы қайдан аларын, қай мұғалімнің, қандай орталықтың мықты екенін білмейді. Сондықтан тіл мамандарының, жалпы кез келген тіл үйретуші мамандардың бірыңғай ұлттық стандартты сертификациясы болуы керек сияқты. Осы ұлттық стандарттан өткен мамандардың тіл үйрету деңгейі қоғамда ашық болуы қажет. Сонда ғана мықты әдіскерлер, мықты орталықтар, мықты бағдарламалар әртүрлі бәсекелестік ортаға түседі және бірден қолданысқа енеді. Себебі қазір түрлі салада қазақ тілін жедел үйретуге сұраныстар артып келеді. Өкінішке қарай қазір тіл басқармалары осы сұранысқа жауап бере алмай отыр. Қорыта айтқан кезде, мемлекеттік тілді қолдау керек, жанашыр болу керек деген психологиядан арылған абзал. Өйткені осындай ұранмен біздің ширек ғасырдан астам уақытымыз өтіп кетті. Дей тұрғанмен, мемлекеттік тұрғыдан «керек» деген психологияның орнына нақты іс-әрекет қалыпты жағдай болуы тиіс деген ұстанымды бекіту керек сияқты. Егер сіз бизнеске қатысты қазақ тілінде кітап немес журнал іздесеңіз және оны тапсаңыз бағасына қарамай сатып аласыз. Яғни бұл біздің тіліміздің дамуын, бәсекелестік ортаға түсуін қалыпты жағдай ретінде қарастыруы керек. Осындай тақырыпта жұмыс істеп жүрген біраз азаматтарды білемін. Ол кісілер қазақ тіліндегі контентті сапалы өнім ретінде жасап жатыр. Және кез келген салада осындай ұстаным болуы керек. Тілді көтеремін дегеннен гөрі, іс-әрекетпен, сапалы жұмыстар атқарған жағдайда ғана тіл ұлтаралық тілге, халықаралық деңгейге өздігінен жетеді. Қазіргі ақпараттық заманда сіз егер пайдалы, мазмұнды бір жаңашыл идеяны немесе мәтінді, жобаны ортаға әкелетін болсаңыз, ол автоматты түрде халықаралық, ұлтаралық деңгейде қолданысқа енеді. Біз тілді дамытуға осы тұрғыдан қарауымыз керек. Сол себепті нақты іске көшкен дұрыс. Осыны да ескеру қажет. Қысқаша айтқанда, біздегі тілді дамыту психологиясы өзгеретін уақыт жетті», деді Ұлан Еркін­бай.