Серпер сыйлығының лауреаты, ақын Саят Қамшыгер қолдау көрсетіп, редакциясын жасаған әдеби жинаққа әдебиет әлеміне алғаш қадам басып, өз ой-сезімдерін қағаз бетіне түсірген қазақ филологиясы бөлімінің 22 студентінің шығармалары енген. Өмірде болған оқиғалар желісіне құрылған жинақтың тұсаукесер рәсіміне СДУ ректоры Қуаныш Ерғалиев, «Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Талғат Ещанов, сондай-ақ оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
«Бұлақ көрсең - көзін аш»,- демекші, мақсатымыз - жас қаламгерлердің қабілетін ашу, әдебиет пен өнерге құштарлығын арттыру, қазақ әдебиеті мен прозасына жаңашыл леп әкелетін жас есімдер мен авторларды өсіру, республикалық деңгейде насихаттау. Оқу бағдарламасы аясында бұл топпен бірнеше жобаны жүзеге асырудамыз. «Жас қаламгер» жобасы бойынша әңгіме жазудан сайыс ұйымдастырып, нәтижесінде үздік шығармаларды іріктеп баспадан шығарамыз. Алдағы уақытта шәкірттер осы кітаптың жалғасы ретінде шетелдік ертегілерді қазақ тіліне тәржімалап, жарыққа шығаруды жоспарлап отыр, - деп атап өтті жоба жетекшісі, СДУ оқытушысы Қанат Ибрагимов.
Жинақ авторлары алдағы уақытта мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейдге шығарып, елдің түкпір-түкпіріндегі жас таланттардың белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Жинақ 3000 данамен еліміз аймақтарына жолданды.