Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Алматыда «Қанатты әйел» жаңа бастамалар жәрмеңкесі өтті

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ұйымдастыруымен «Grand park» сауда орталығында  өткен «Қанатты әйел» жәрмеңкесі орта және шағын кәсіпті саласын шыр айналдырып жүрген нәзік жандылардың тың бастамалары мен тауарларының алаңына айналды.  

Алматыда «Қанатты әйел» жаңа бастамалар жәрмеңкесі өтті

Аталған басқарма басшысының орынбасары Шыңғысхан Сауранбаевтың айтуынша, бизнес саласына жаңа қадам басқан әйелдерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке тың бастамаларды ынталандыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы әйелдердің 40 пайызы «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек», «Жібек жолы» мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларына қатысқан. Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнестің 41,5 пайызы әйелдердің еншісінде болса, оның басым бөлігі оңтүстік астанаға тиесілі. Ал ағымдағы жылы қала әкімімен  бекітілген «Isker ana» аймақтық бағдарламасы өз кәсібін ашқысы келетін әйелдерді кәсіпкерліктің әліппесіне баулып, бизнесті ұйымдастырудың тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ағымдағы жылы  берілген 94 гранттың 32-сін қала бойынша кәсіпкерлік саласында жүрген нәзік жандылар еншілеген.

Биылғы жылы оныншы рет өтіп отырған «Қанатты әйел» игі шарасы барысында тұрмысы төмен немесе кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер мен ұлттық дәстүрді дәріптей білген, сондай-ақ  жаңа технологияларды пайдаланған жобаларға ерекше көңіл бөлінді. Жәрмеңкеде  нарықта болмаған кәдеге жарар тың бұйымдар, мысалы кілемдерге арналған  қап, салауатты өмір салтына арналған тағам түрлері, т.б. көпшілік назарына ұсынылды.

Жаңа бастамалар жәрмеңкесіне қатысқан отызға жуық орта және шағын бизнес өкілдері «Табысты стартап», «Әлеуметтік-жауапты бизнес» және «Өз ісіне адалдық» аталымдары бойынша марапатталды. Мысалы, қант диабетімен ауыратындарға арналған, денсаулыққа зиянсыз балкүлшелер «Табысты стартап» аталымын жеңіп алды.