Ең қысқа әңгіме • 24 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Жұмағазы Игісін

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Жұмағазы Игісін

 

Көгершінжүрек

Ол күні де жайдары жаздың жазира таңы жадырай атқан. Зәулім супермаркеттің алдында, адамдар нөпірінің арасында өткен-кеткенге алақан жайып тіленші қыз жүр. Бірақ судай ағылған қалалықтардың оған бұрылуға мұршасы жоқ. Тек қолдорбасына талғажау етер айраны мен ол-пұлын салып алған қалақтай қария ғана кілт тоқтай қалып, нанының шетін сындырып қызға ұсынды. Бала ақ тоқаштан қарпып бір асады да қалғанын жентектеп-жентектеп жан-жағына шашып жіберді. Сол-ақ екен – қайдан қаптап кеткенін байқап та үлгірмедім – қыздың айналасы мен үсті-басы түгел көгершінге толып кетті! Екеуі екі иығына қонып алыпты. Біреуі – төбесінде, енді біреуі білегінде отыр. Тіпті маңайындағы адамдардан жасқанар түрлері жоқ.

Көгершінге оранған көгершін қыз! Күтпеген көрініс!

Көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Ғажап сурет!

* * *

... Көгершін де пейілі таза, мейірімді адамды таниды, соның ғана қолына қонады. Мынау бесіктен белі шықпай жатып тіленшілікке түскен жеткіншектің жүрегі неткен кең еді! Тіпті мынандай «қызыққа» қарап тұрудың өзі қиын екен. Көңілім өрекпіді. Жаным жылады. Баланың салтақ-салтақ көнетоз күртешесінің қалтасына қолыма іліккен темір теңгелерді сау еткізіп сала салдым да жеделдете басып алыстай бердім. Бірақ сол көрініс көңілде қалып қойды...

 

Жұмағазы ИГІСІН