Қоғам • 25 Қазан, 2019

Тіл тағдыры талқыланды

273 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда ай­қындалғанымен, өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қа­жет­тілігіне айнала алды ма? Қазақ тілінің қолданыс аясын ке­ңей­ту жолындағы әрбір қазақ­стан­дықтың рөлі қандай? Еліміздің түкпір-түкпірінен тұңғыш тіл форумына жиналған жұртшылық қазақ тілі мен әліпбиі төңірегін­дегі осындай сан сауалға жауап іздей отырып, мемлекеттік тіл сая­сатын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқыға салды.

Тіл тағдыры талқыланды

Алқалы басқосуға еліміздің Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Парламент депутаттары мен министрлік, ұлттық компаниялар мен медициналық орталықтар, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Тіл комитетінде әр жылдары қызмет атқарған төрағалар мен өңірлерден арнайы шақырылған тіл жанашырлары, ұстаздар қауымы, «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының мүшелері, зиялы қауым қатысты. Барлық облыстардан келген жауапты мамандар мемлекеттік тілді дамытуға қатысты, латын әліпбиін игеруге байланысты әр өңірдің жетістіктерінен хабар бере­тін көрнекі көрме өткізді. Форумның пленарлық отырысына модераторлық еткен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығы» КеАҚ-ның бас директоры Әлібек Асқар мемлекеттік тіл­дің мәселесін барлық жерде кеңінен қолға алып, кешенді ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу қажеттігі бойынша көзқарасын батыл білдірді.

– Тәуелсіздігімізге қол жеткізгені­мізге де мінеки, 27 жыл толыпты. Осы жылдары еліміз экономикада, саясат­та, әлеуметтік салада көптеген жетіс­тіктерге, алуан игіліктерге қол жеткізді. Алайда бұлқынсақ шамамыз жетпей, айғайласақ дауысымыз жетпей булыққан бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тіл мәселесі. Былайғы бөтен жұрттан ұят болды, қазақ тілін әлі күнге тұғырына қондыра алмай қиналудамыз. Қазір қалада да, далада да қазақ тілінде сөйлегенді көрсек – балаша қуанатын болдық. Ана сөзіне тілін сындыра алмай жатқан балдырғанға бірінші сыныптан ағылшын тілін үйретеміз деп күпидік. Құдай сақтап, осы жылғы тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілін оқытуды үшінші сыныпқа ауыстырды. Бұл өзгеріске жұртшылық қуанып жатыр, – деген ол еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің шешімін ойластыруға өзге әріптестерін белсене қатысуға шақырды.

Жиында сөз алған еліміздің Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республи­касы­­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын және Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында, сондай-ақ «Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» аясында министрліктің көптеген жұмыстарды атқарып жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, тіліміздің қоғам­дағы қызметін арттырып, оның әлеуетін көтеру ісі министрлік назарында екенін айтқан Ақтоты Райымқұлова жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа – жаңа әліпбиге көшудің маңызына тоқталды.

– Осы реформаны жүзеге асыру барысындағы міндеттерді айқындау және атқарылған жұмыс нәтижелерін насихаттау рухани және саяси ма­ңыз­ды факторлардың бірі. Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оның жолдарын анықтау, Қазақстандағы және әлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы зама­науи білім, ақпарат, насихат алаңдары­ның жұмысын ұйымдастыру бүгінгі форум­ның міндеті, – деген министр респуб­ликалық форум жұмысына сәттілік тілей отырып, қабылданған шешімдер мем­лекеттік тілдің дамуына және әліпби ре­фор­масының нәтижелі жүргізілуіне тиіс­ті септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Қазақстандағы қазақ тілінің ахуалы жөнінде сөз болғанда, тіл мәртебесінің жағдайын барынша шынайы ашу арқылы, мемлекеттік тілді дамытуға қажетті ұсынымдар барынша ашық талқыланды. Еліміздегі тоғыз облыс пен республикалық дәрежедегі қалаларда түгел жабылған тіл басқармалары фо­рум­­ға жиналған көпшіліктің ортақ жанайқайы болғандығын аңғардық. Тіл төңірегінде қалыптасқан мұндай жағ­дайдың барша жұртшылықты алаңдатып отырғандығын жеткізген тіл мамандары қазақ тілінің бүгінгі дәуірде қоғамдық қатынасты басты игілігіне айналдыру бойынша арнайы ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ретте сөз алған қайраткер, ғалым, тіл жанашыры Амангелді Айталы тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби мамандарды көптеп тарту керектігін айтты.

–  Әлеуметтік зерттеулер бойынша, қазіргі жастар қазақ тілін біледі, отбасында өзара сөйлеседі. Бірақ мемлекеттік аппаратта қазақ тілін біле­тін жастарға жол тар. Орыс тілін білмесе жолатпайды. Біздің тіліміз адам­мен келеді, кадрлармен шешіледі. Сон­дық­тан төртінші ұрпақ – кейінгі толқынды билікке көбірек тартуымыз керек. Тіліміз сол кезде ғана өзінің тұғырына міне бастайды, – деп түйді ақсақал. Ал іргедегі Ақмола облысының жағдайын сараптаған ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл қазақ тілінің қоғамдық қызметін жандандыру, қазақ тілін тарихымызды, мәдениетімізді, ғұрпымызды жеткізуші құрал ғана емес, халқымыздың ертеңін жалғастырушы, ғылым мен экономиканы ілгерілету тетігі турасында шешіле сөйледі.

– Осы жерде мынадай мәселеге тоқталмай кетуге болмайды. Тілдерді дамыту басқармаларына қарасты тіл­дерді оқыту орталықтары еліміздегі тіл сая­сатын жүргізуге үлкен үлес қосып келеді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстары басталғанда да бұл құрылым­дардың атқаратын маңызы зор. Алайда қазір бірнеше облыста тілдерді дамыту басқармаларын өзге басқармаларға қосып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып мемлекеттік емес секторларға өтіп жатыр. Осының  салдарынан қазақ тілін оқыту, тілге сұранысты арттыру, қазақ тілінің қолданысын кеңейту, латын әліпбиін оқыту кешеуілдеп жатыр, – деген тіл жанашыры тілдік құрылымдарға тиісуді тоқтату керектігін айтады.

– Өзім Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасында 14 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Қазір қарап отырсам, қаншама жұмыс атқарыл­ды. Соның бір парасын ғана айтайын. Жұмысты бастағанда Ақмола облысында 700-ден аса елді мекеннің 29 пайызының ғана атауы қазақша еді. Ал енді 14 жылдың соңында олардың 52 пайызын түгел қазақшаладық. Сол жылдары облыстағы бірқатар аудан мен екі қалада тіл оқыту орталықтарын аштық, бұл оңай жұмыс болған жоқ. Бұған кететін қаржыны дау-дамаймен, айғай-сүреңмен шештік. Енді міне соларды шетінен жабу басталды. Мемлекеттік тілдің қазақстандықтардың ортақ тіліне айналдыру ісінде тіл басқармалары мен орталықтар шешуші рөл атқарады. Жабу әрекеттерін жалғастыра берсек тіл саясаты қалай жүзеге асады? Бұл құрылымдардың штаты, оларға жұмсалатын қаржы жергілікті бюджеттің болмашы бөлігін ғана құрайды, – деген ол әліпби реформасының сәтті жүргізу, салалық терминологияны жетілдіру, мемлекеттік тілді үйретудің тиімді тәсілдерін ойластыру бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Тіл форумының пленарлық отырысы Ғылым, білім және тіл; Бизнес және тіл; Заң және тіл; БАҚ және тіл; Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы; Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау сынды бірнеше бағыттарды қамтыған секциялық жұмыстармен жалғасты. «Бизнес және тіл» секциялық алаңының модераторы София Қажиақпарқызының айтуынша, пікірталас барысында бизнестегі қазақ тілінің ахуалы, осы саладағы қолданысы, бизнес, қаржы сияқты басқа да мамандықтарда оқитын болашақ мамандардың қазақ тіліндегі кәсіби құзыреттілігі, қазақ тілінің бола­шағы мен ұлтаралық қарым-қаты­нас­та­ғы рөлі қарастырылған. Сондай-ақ масс-медиа кеңістігін әртүрлі жаста­ғы балаларға арналған сапалы, маз­мұнды қазақ тіліндегі контентпен қамтамасыз ету, қазақ тілінің ұлттық кор­пусын әзір­леу, «Мен қазақша сөй­лей­мін» жал­пы­ха­лықтық қозғалыс ұйым­дас­тыру сынды жұмыстар да форум қатысу­шы­лары­ның назарынан шет қалмады.

Қаралған мәселелер бойынша ортақ тұжырым бекітіліп, Үкіметке, Парла­ментке тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау туралы ұсыныс жолданатын болды. Сондай-ақ нақтылы ұсыныстар негізінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орталығы «Жаһан­дану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» республика­лық Тіл форумының арнайы қарары қабылданып, тиісті министрліктерге тапсырылмақ.