Қоғам • 25 Қазан, 2019

Ұлы дала есімдері ұлықталды

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титуты мен елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы бірлесіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері: идеялар мен тағдырлар мұрасы» атты дөңгелек үстел өткізді.

Ұлы дала есімдері ұлықталды

«Бұл іс-шара Қазақстан Респуб­ликасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­масында айтылған «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар пер­зенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген па­йымға сай «Ұлы даланың ұлы есім­дері» жобасын өзектендіру мақ­сатында өтіп жатыр» дейді ұйым­дастырушы тараптар.

Ұлы дала есімдері дегенде, жоғарыда Елбасының сөзінде айтылғандай, халқымыздың ыстығына күйіп, суығына тоңған тұлғалар еске түседі. Осы орайда, «Абылай ханның қызметі туралы жаңа архивтік мәліметтер» тақырыбында жиынның бас баяндамасын жасаған танымал тарихшы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титутының басшысы Зия­бек Қабылдинов қазақ тари­хын­дағы Абылай тұлғасы жайлы кеңінен тоқталды. Яғни, қазақ ханының кезінде Ресей мен Қытай арасында жүргізген дипломатиясы, әсіресе басты дұш­паны жоңғарларды Цинь империясының қолымен қыр­ғызу арқылы саяси тыныс тап­­қаны, сондай-ақ, ханның жеке тұлғасы туралы орыс де­рек­­терінде сақталған бұлақ көздеріне қатысты мәліметтер туралы әңгімеледі.

Сол сияқты өткен ғасыр ба­сын­да ұлты үшін отқа түскен алаш­шыл һәм түрікшіл тұлға Мұс­тафа Шоқай жайлы тол­ға­ған Ш.Уәлиханов атын­дағы тарих және этнология инсти­ту­тының дүниежүзі тарихы бөлі­мінің меңгерушісі, профес­сор Гүлжаухар Көкебаева қайраткер туралы оның эми­гра­циядағы өмірі жайлы шолып: «Шоқай Еуропадағы кеңестік эмигранттар арасында танымал адам және ол жай ғана саясаткер емес, ғалым ретінде де белгілі тұлға. Сталин өкіметінің Қазақстан мен Орталық Азияның зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, енді бас көтеретін ешкім жоқ деп тыныштануына Шоқайдың Еуропадағы іс-әрекеті, Кеңес өкіметінің саясатын әшкерелеуі бөгет болды, Шоқайды аса қауіпті жау санауы да осы себептен туған. Олар Шоқайдың түркішілдік идеялары Кеңес одағы тұрғындарының елеулі бөлігін құрап отырған түркі халықтарына ықпал жасауынан қауіптенді» деп баяндамасын тұжырымдады.

Ұлы даланың ұлы есімдеріне лайық арыстың бірі – әрі шешен, әрі батыр, әрі дипломат Сырым Датұлы туралы баян­дама жасаған Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титутының жетекші ғылыми қызметкері Айнагүл Толған­бай­қызы, батырдың өмір-тарихына қатысты сарапталған деректерді ұсынды. Атап айтқанда, С.Дат­ұлы мен барон Игельстром ара­сындағы дипломатиялық байла­ныс, ресейлік зерттеуші М.Вят­­киннің еңбегінде айтылатын батырдың халықшыл көзқара­сы, хиуалықтармен арадағы шие­леніс жайлы айтылып, сөзінің соңын­­да ғалым: «Батырдың қай жылы дүниеге келгендігін тарих әлі нақты анықтаған жоқ. Осы мәселе төңірегінде түрлі пікір­лер бар. Батырдың туған жылы, бозбала шағы сынды өмірі­нің соңғы кездері, өлімінің себеп­тері турасында нақты тұжы­рым қажет. Оның тұлғалық қасиет­терін көрсететін халық ауыз әде­биеттері жетерлік. Осыған орай, болашақ зерттеу жұмыстары батырдың 1783 жылға дейінгі өмірі мен қоғамдық-саяси қыз­метін ашуға бағытталуы тиіс» деген өз пайымын ұсынды.

Бас қосуға жиналған қоғам­дық ұйым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалым-оқыту­шылары және тарихшы мамандар өз кезегінде Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған, Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­верситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәуле Насенова және шараны ұйымдастырушы тарап Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетек­ші ғылыми қызметкерлері – Махаббат Қозыбаева, Болат Смағұлов, Тимур Әпендиевтің баяндамаларын тыңдап, олардың тұщымды ойларына қанықты.