Қоғам • 25 Қазан, 2019

Моншаны мектепке айналдырған

422 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкентте Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарлама­сын­дағы тапсырмасына орай білім беру нысандарын салу жұмыс­тары көш соңында қалып келеді. Соның салдарынан қаладағы үш ауысымды мектептердің қатары өсе түскен. Қазіргі таңда үшін­ші ме­га­полистің бақандай 19 мектебінде ұлт болашағы – жас­өспі­рім­д­ер үш ауысымда оқып жүр. Тіпті мектеп тапшылығы сал­дары­нан оқушылар моншада білім алуға мәжбүр болған жағдайы бар.

Моншаны мектепке айналдырған

Биыл 4 қыркүйекте шым­кент­тік бір топ ата-ана мектеп же­тіс­пеушілігі салдарынан моншада білім алып жатқан балаларының ертеңіне алаңдап, қала әкімдігі мен білім басқармасына талап қойған болатын.

«Бұл жер санитарлық талап­тар­ға сай емес. Өрт қауіпсіздігі сақ­талмаған. Бұрын монша болған жерде қалай бала оқытамыз?», деген уәж айтып, шағым­данған-тұғын.

Тарқатып айтар болсақ, Шым­қаланың Нұрсәт шағын ау­да­нындағы №80 мектеп-лицейі­­нің негізгі ғимаратындағы оқу­шы саны шамадан тыс көп болған­дықтан, мектеп басшылығы қосым­ша ғимарат іздеген және өзге нысан таппаған соң бұрын мон­ша болған ғимараттың иесімен келі­сімге келген. Нәтижесінде 1 қыркүйек күні мектеп ресми түрде ашылып, далада қалған 700-ге тарта оқу­шы сонда білім алуға мәжбүр болған. Бірақ ата-аналар бұл жерде ба­лаларын оқытуға қарсы болған. Сондай-ақ Тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің мамандары да мек­тептің талапқа сай келмейтінін айтып, барлық оқушыны көшіру керектігін хабарлаған.

Алайда, дайын тұрған су жаңа мектеп ғимараты болмағандықтан қалалық білім басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева №80 мектептің 700-ге тарта оқушысын №132 мектепке уақытша ауыстыратын болып шешті. Балаларға ыңғайлы болу үшін, мектепке автобуспен тасы­малдап, ұстаздар да сол білім ұясына барып дәріс оқитын бол­ған еді. Тіпті балалардың жас ерек­шелігін ескере келе №132 мек­теп­ке тек жоғары сыныптың оқушы­лары ғана баратын болып шешілді.

Алайда, бұл мәселенің түпкі­лікті шешімі емес. Шаһарда бала туу көр­сет­кіші артып, өсім көлемі көбей­гені белгілі. Демек, келер жаңа оқу жылында бі­рінші сы­ныпқа баратын оқу­шы­лардың қатарын есепке алар болсақ, қала үшін кезек күттір­мейтін шаруа – жаңа мектеп ғима­ратын салу болып тұр.

Өкініштісі, монша мен мектеп арасын жол қылып, сабылған оқушы мен сандалған мұғалімнің қаншама уа­қы­ты мен күш-жігері осы екі ортада жоғалып жатыр. Ертең кең, жа­рық сыныпқа қолы жетпеген осы қара­көздердің оқу үлгерімі туралы кім есеп береді? Ойланарлық жағдай...

1200 орынға лайықталған №80 мектепте қазір 4500 оқушы 3 кезекте білім алып жатыр. Шымкент қалал­ық қоғамдық денсаулық сақ­тау департаментінің басшысы Әбді­манап Төлебаевтың айтуынша, атал­ған нысанның санитарлық нор­ма­ларға сәйкестігі туралы рұқсат қағазы жоқ. Сондай-ақ 1200 орынға лайық­талған білім ұясында 4500 баланы оқыту заңбұзушылыққа жататы­нын айтады. Өрт қауіпсіздігі, тағы басқа тілсіз жаудан келер апатты ескерсек, бұл уәждің дұрыс екеніне көз жетеді. Кейбір ата-аналар балаларын үй іргесіндегі жылы ұясынан айыруға қарсы. «Алда-жалда жазатайым жағдай болса жауапкершілікті кім арқалайды?» деп күйініп отыр олар.

Айғай-шудың астында қалып, ата-ананың ашуын тудырған монша қожайыны бұрынғы кір-қоң жуа­тын ғимаратты 2 млн 800 мың тең­геге жалға берген екен. Атал­ған қаржыны салалық басқарма есебі­­нен алар кезде, жаңа оқу жы­­лын­да заңдық талаптарға сай бі­лім беру мекемесі ретінде пай­да­­лануға беруге уәде берген көрінеді.

Қалада қанша білім ұясының ғимараты жалға алынып жатқаны туралы қолымызға нақты мәлімет түспеді. Дегенмен жалға алуға бөлінген қаржыны үнемдей білсе, шағын білім ұяларын салуға болмас па еді деген ойға қалдық.

Ата-аналар дауынан соң Nur Otan партиясының мүшелері мен ғимаратты жалға беруші және жауапты басқарма мамандары бас қосқан болатын.

«Біздің негізгі мәселеміз – келе­шек ұрпақтың қауіпсіздігі мен жақ­сы өмір сүріп, сапалы білім алуы. Сон­дықтан жоғарғы сынып­тың оқу­­шыларын уақытша көшіріп, 1 ай­­дың көлемінде тазалық, жарық­тан­дыру жұмыс­тарын талапқа сай етіп орындайық. Ғимаратты жалға бе­ру­­ші кәсіпкер осыған келісіп, біз­­­дің алдымызда уәде берсе», деп ұсы­­­ныс тастаған еді партияның қа­л­а­лық фи­лиалы төрағасының бірін­­ші орын­­басары Бахадыр Нарымбетов.

Ал меншік иесі Достияр Сар­басов ғимаратта қысқа уақыт ішінде аталған жұмыстардың барлығын жүр­гізіп, талапқа сай етуге сөз бер­гені­мен, уәдесі уақы­тынан кешікті. Енді бұл ғимарат оқу жылының екінші тоқсанында дайын болмақ.

Меншік иесінің мәлімдеуінше, «Мың бала» (аталған ғимаратқа осылай ат берілген) дәл қазір оқушы­ларды қабылдауға 90 пайызға да­йын. Жетекші партия өкілдерінің айтуларынша, таза ауыз су, әжетхана сани­тарлық нормаларға сай бол­ғаны­мен, бір жарым мыңдай бала оқитын нысанда ыстық тамақ пен бейне­бақылау камерасын орнату ісі шешілмеген екен. Сонымен қатар «жылдамдық бәсеңдеткіш» (лежачий полицейский) қою және көшені жарықтандыру жұмыстары алдағы екі аптаның ішінде атқарылмақ.

Қаратау ауданының бас санэпидемиологы Ералхасын Түктібай­дың айтуынша, ғимарат туралы әлі өті­ніш түспеген. Десе де тиісті талаптар толық реттелсе, өтінішті қанағаттандыруға болады деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы монша ресми түрде әлі мектепке айнала қойған жоқ.

Биыл шаһар басшысы Ерлан Айтахановтың қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде саланың жауапты өкілдері «жаңа оқу жылына то­лық дайынбыз» деген еді. Ал мек­теп жетіспеушілігі салдарынан туын­даған айғай-шудан кейін да­йын­дық жұмыстарын қайтадан пысық­тау қажеттілігі көрініп қалды.

Бүгінде Шымкент қаласында өзекті тақырып – үш ауысымды мек­теп мәселесі. Мектеп жетіс­пеу­шілігі салдарынан моншаны пана­лаған оқушылардың жағ­дайы осыған дәлел. Қыркүйек айын­да қала әкімі үш ауысымда білім беретін 15 мек­тептің (қыр­күйек­те 4 жаңа мектеп пен 1 мек­тептің қосымша құрылысы аяқ­талды) бар екенін айтып, бұл мек­теп­тер­дің мәселесін бюджетке қарап отыр­май жеке инвесторларды тар­ту арқылы шешу және осы ба­ғыт­тағы жұмысты жандандыру қа­жет екенін айтқан болатын. Әрі Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауда айтқан білім беру сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру бойынша кеңінен сөз қозғаған еді. Содан бері қалада «мен ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы үшін мектеп саламын», деген кәсіпкер немесе инвесторды көрмедік. Әзірге бұл кезекті жиын­да айтылған ұсыныс қана болып тұр.

Ал қалған 14 үш ауысымды мек­­­­теп­тің санитарлық тазалық, өрт қауіп­­сіздігі, қысқа дайындық жұмыс­тарын қысқа уақыт ішінде ретте­месе тағы да бір даудың шықпасына кім кепіл? Әзірге тұрғындар ұрпағым қа­тар­дан қалмасын деп моншада да оқу­ға да көніп отыр. Өйткені Шым­кент қаласының Нұрсәт шағын ауда­нын­дағы бұрын монша бол­ған ғи­ма­раттағы мектеп оқу жы­лы­ның екін­ші тоқсанында қолда­нысқа бері­летін болды. Бұл шешім №80 мек­теп-лицейінің атал­ған ғима­ратында Nur Otan партия­сы Шым­кент қаласы филиалы төр­аға­сының бірінші орынбасары Баха­дыр Мәдәліұлының басқаруы­мен және қалалық білім бөлі­мі, са­ни­тарлық-эпидемиологиялық қыз­­мет, әділет департаменті, мектеп бас­шылығы, ғимарат иесі мен қалалық қам­қор­шылық кеңес мү­шелерінің қа­ты­суымен өткен жиында қабылданды.

 

P.S. Айтпақшы, 2019 жылы Шымкент қаласының білім саласына 77 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, былтырғымен салыстырғанда 26 пайызға артыпты. Демек, жас ұрпаққа салар инвестиция көбейген, зәулім-зәулім мектеп салар қаржы бар деген сөз. Енді кемшілікті жою үшін Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, Президенттің Жолдауда айтқан ұрпақтың сапалы білім алуы бойынша жұмыстар қолға алынатын күн де алыс болмас…

 

ШЫМКЕНТ