Алма ормандары (Malus sieversii) жотаның оңтүстік беткейінің орталық бөлігінде, бұта белдеуінде (1000-1500 метр биіктік шегінде) таралған. Бұл әртүрлі экспозициялардың баурайларына, солтүстіктен басқа, шатқалдың түбіне немесе жайылма үстіндегі террасаларға тән. Мұнда бадам-алма орманы, тобылғы-бадам-алма, бадам-итмұрын-алма, терек-алма ормандары және басқа да қауымдастықтары кездеседі.
Көктерек ормандары (Populus tremula) Тарбағатайда басқа ормандарға қарағанда кең таралған. Ол көп орынды алмай, оңтүстік беткейде теңіз деңгейінен 1000-1700 метр биіктікте негізгі жотаның беткейлерінде де, оның биік тау бөктерінде де кездеседі. Көктерек ормандарындағы бірінші ағаш қабаты 15-17 метрге жетеді, оған кейде лавр жапырақты терек араласады. Тоғайларда кейде Salix alba, алма, алтай доланасы, мойыл және шәнкіш кездеседі. Ағаш шымылдығының тұтасуы 0,2-ден 0,8-ге дейін ауытқиды. Бұл ретте ағаштардың сиреуі көктеректі кесудің салдарынан болғанын ескерген абзал. Көктеректегі бұта қабаты әрдайым жақсы дамыған және негізінен Rosa spinosissima құрылған, оның биіктігі 1,5-2 метр, жобалық жабыны 60-тан 100%-ға дейін болып келеді. Оңтүстік беткейдің орталық бөлігінде Amygdalus ledebouriana жиі кездеседі.
Терек ормандары Тарбағатайда шағын тоғайлармен сирек кездеседі. Негізінен өзендер алқабында немесе жотаның беткейінде орналасқан. Бұл ең алдымен лавр жапырақты теректен (Populus laurifolia) құрылған, оған солтүстік беткейдің өзен алқаптарында қалың жапырақты терек (Populus densa) қосылады. Осы ормандарда гүлдердің 97 түріне дейін кездеседі. Оның ішінде 7 ағаш түрі және 12 бұталы өсімдіктер бар. Теректің орман қауымдастықтарын екі топқа біріктіруге болады – беткейдегі ормандар мен жайылма ормандар.
Тал ормандары жотаның оңтүстік және солтүстік беткейіндегі шатқалдардың бұталы және өзен алқаптарында таралған. Бұл үлкен алаңдарда сирек кездеседі, ал жиі кездесетін өзен арналарының бойында кең емес таспалармен созылады. Тал орманы ағаш талдарының қалың немесе сирек өсінділерімен қалыптасады, көбінесе лавр жапырақты терек, көктерек, сирек түрде қайың өседі.
Яғни Тарбағатайдағы ағаш өсімдіктері аса көп аумақты емес, бүкіл жотада шағын учаскелерде шашыраңқы орналасқан, сондықтан үлкен шаруашылық маңызы жоқ. Өкінішке қарай, кей өңірлерде жайылма, беткейлі ормандарды (алма, көктерек) жергілікті тұрғындар отынға кескен. Бұдан басқа, жотаның оңтүстік беткейінің орталық бөлігінде Сиверс жабайы алма ағашы табиғи түрде өседі.
Осы орайда жергілікті халықтың экологиялық дүниетанымын насихаттау және дамыту қажеттігін, орманды қалпына келтіру үшін қолайлы жағдай жасау және зерттеу, түрлердің табиғи таралуын қорғау мен сақтауды қамтамасыз ету керектігін айтқымыз келеді.
Баян САДАКОВА,
«Тарбағатай» МҰТП-ның аға ғылыми қызметкері, мемлекеттік инспектор