Бәйгеге бір жылдан астам мерзім ішінде 147 автордан 205 қолжазба түскен. Олардың ең таңдаулы, лайықты деп танылғандары «Адырна» журналында жарияланып келеді.
Нәтижесінде бәйгеге түскен шығармалардың деңгейін ескере келе, екі миллион теңгелік бас жүлде ешкімге берілмейді деп шешілген. Есесіне екі шығармаға бірінші орын және бір миллион теңге қаржылай сыйлық берілген. Ал ынталандыру сыйлықтарының саны екі есе көбейіп, алтыға жеткен.
Бірінші орынды және бір миллион теңге ақшалай сыйлықты Серік Ақсұңқарұлы «Сайтанның сайран салуы» поэмасы, «Адамзаттың ең алғашқы ақыны», «Антипоэзия» поэтикалық эсселерімен және «Аспалы керует», «Барсик» әңгімелерімен Мақсат Мәлік жеңіп алды.
Ал екінші орынды Жанат Әскербекқызы мен Бекен Ыбырайымов иеленген. Жүлдегерлерге 500 мың теңге қаржылай сыйлық беріледі.
Үшінші орынды Асылбек Ихсан, Жадыра Шамұратова және Мархабат Байғұтов иеленді.
Ынталандыру сыйлықтарын алғандар қатарында Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Қанағат Әбілхайыр, Алмас Ахметбекұлы, Серік Нұғыман, Заман Төлеуов және Айгүл Кемелбаева бар.
Сыйлықтарды тапсыру рәсімі Ақтөбе қаласында қараша айында өтеді. Сыйлықтармен қоса лауреаттардың шығармаларынан құрастырылған «Алтын жебе» кітабы мен «Алтын жебе» естелік белгісі табысталады.