Руханият • 25 Қазан, 2019

ҚазҰУ-да «Egemen Qazaqstan» газетінің күндері өтті

540 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл өзінің ғасырлық тойын межелейтін «Egemen Qazaqstan» газетінің дара тұрар датасына арналған түрлі шаралар  шоғыры еліміздің әр өңірінде салтанат құруда. Танымды ой мен тағылымды сабақтастықты ту еткен кезекті басқосу ел тарихындағы талай тұғырлы тұлғаларды түлеткен білімнің қарашаңырағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасын тапты. Аталмыш оқу ошағындағы қазақ сөз өнерінің киелі  ұстаханасына баланатын журналистика факультетінің қабырғасынан «Egemen Qazaqstan» газетінің оқу-шығармашылық зертханасының ашылғанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім.

ҚазҰУ-да «Egemen Qazaqstan» газетінің күндері өтті

Суреттерді түсірген Марат ЖҮНІСБЕКОВ

Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің атын иемденген іргелі білім ордасында  ғасыр жүгін арқалаған аға басылымның атаулы күндері бір апта бойы атап өтілді. Соның ішіндегі ең елеулі жаңалықтың бірі университет қабырғасынан шымылдығын түрген «Egemen Qazaqstan» газетінің оқу-шығармашылық зертханасы. Заманауи үлгіде жабдықталған әсем аудитория тәлімгерлерді басылымның жүз жылдық жылнамасына сапар шектіріп қана қоймай, қазақ баспасөзінің тұтас дәуірін қалыптастырған қабырғалы қаламгерлердің өмір өрнегі мен шығармашылық жолына үңілуге шақырады. Мұнда газетті әр жылдары басқарған қайраткерлердің портреттері мен қысқаша өмірбаяндары, ең алғаш «Ұшқын» деген атаумен бастау алған басылымның тарихынан сыр шертетін құнды деректер легі топтастырылған. Ұлттық журналистиканың салқар көшін жалғап, тілшілік тіршіліктің баспалдағын жаңа аттаған жас тәлімгерлер   үшін символикалық мәні айрықша бұл аудиторияның ресми ашылу салтанатына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы, «Egemen Qazaqstan» газеті Алматы бөлімшесінің жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек, «Егеменнің» ардагер журналистері Талғат Сүйінбай мен Гүлзейнеп Сәдірқызы, университет ұстаздары мен «Egemen Qazaqstan» газетінің шығармашылық ұжымы қатысты. Бас басылым атындағы аудиторияда алғаш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл және газеттің мерейтойына орайластырылған «Egemen Qazaqstan» – Қазақ елінің жүз жылдық жылнамасы» атты алқасөз өтті.

Егемендіктерді елеулі мерекесімен құттықтаған ҚазҰУ ректоры аталған аудитория ел тарихында ойып тұрып орын алатын іргелі ұжымның ғасырлық мерейтойына университет ұжымы атынан жасалған тарту екенін жеткізді.

– Бір ғасырды артқа тастаған басылымның тарихы да, тағдыры да қай заманда да елімізбен бірге біте қайнасып жатты. Ескі қоғам мен жаңа қоғамның өтпелі кезеңінде, отырықтандыру ойранын да, колхоздастыру кесірін де, кәмпескелеу кесапатын да, аштық азабын да, репрессия тозағын да ұлтымен бірге көрді, ол қуанса бірге қуанды, ол күйзелсе бірге күйзелді. Газет қандай да бір идеологияның жаршысы болғанымен емес, халқына қалай қызмет еткенімен бағалануы керек. «Egemen Qazaqstan» қай кезде де халқының өркендеуіне, материалдық әл-ауқатының артуына, мәдени әлеуетінің көтерілуіне барынша қызмет етті. Егер қазақ тілі ұлт тілі ретінде сақталып қалса, ол осы газеттің де игі ықпалының арқасы деп түсінемін. Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған сәтінен бастап әр істің басы-қасында болып, оқиғаны дер кезінде халыққа тұрақты түрде сарабдал сараптаудан өткен салиқалы ақпаратымен қамтамасыз етіп келе жатқан газет бүгін де яғни жүз жыл өткеннен кейін де халқына, мемлекетіне қалтқысыз қызмет етуден танбай келеді. Бұл істің жүзеге асуына қашан да еліне шын берілген, ұлтын жүрегімен сүйетін дарынды қайраткер-қаламгерлер, мемлекетшіл тұлғалар жан-тәнімен беріле күш салып келеді. Дархан Қуандықұлы бастаған үлкен ұжымды ғана емес, барша қазақ елін ел газетінің еңселі мерейтойымен құттықтаймын, – деген Ғалымқайыр Мұтанов «Егемен» басшысын университеттің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.         

Айтулы шараға ұйытқы болып, аудиторияның ашылуын жоғары деңгейде ұйымдастырған университет басшылығына  алғыс білдірген Дархан Қыдырәлі университет пен газет арасындағы шығармашылық байланыстар одан әрі өркен жая беретініне сенім білдіріп, «Ұшқын» газетінен бастап «Социалистік Қазақстан» басылымында жарық көрген материалдар тізбегі топтастырылған бес томдық «Жүз жылдық жылнама» кітабын табыс етті.

л

– Келер жылы өтетін Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына университет ауқымды үлесін қосып жатыр. Мұндағы бірегей музейді аралап кеудемізді қуаныш сезімі кернеді. Осынау білім ордасы Түркі әлемінің, Ислам әлемінің ең маңдайалды университеті болғаны бәріміз үшін мәртебе. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ауқымды жобалардың жүзеге асуы бұл университеттің ғана емес, қазақ елінің де бедерлі белесі деп білеміз.  Мұндағы журналистика факультеті біздің етене араласатын ұжым. Біздің «Егеменнің» ардагерлері, әсіресе бұрынғы аға буын өкілдері, қазіргі жастарымыздың көпшілігі осы факультеттің түлектері. «Egemen Qazaqstan»  қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ұлт баспасөзінің ұстаханасы, кешегі «Қазақ» газетінің жалғасы деп айтуға болады. Басылымда Алаш арыстарынан бастап қазақ руханиятының қаймақтары қызмет атқарды. Олардың осы аудиторияға ілінген суреттерін, тағылымын көріп біздің жаңа буын жас ұрпақ рухтанады, қанаттанады деп есептейміз. Оның үстіне жаңа ашылған зертхана біздің өзара шығармашылық байланысымызды тереңдетеді деп сенеміз», – деді «Egemen Qazaqstan» газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. 

Шара аясында журналистика факультетінің ұстаздары әзірлеген «Ұшқыннан бастау алған «Egemen Qazaqstan» атты кітапша көпшілік назарына ұсынылды.  Бұл көмекші оқу құралы ұлттық баспасөздің тарихы мен теориясын және тәжірибесін зерттейтін магистранттар мен болашақ ғалымдар үшін таптырмас еңбек деп атауға болатындай. Осынау шағын кітапшаның әр бетінде 1919 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін басылымға басшылық еткен тұлғалар туралы қысқаша ақпарат, газеттің тарихына қатысты тың деректер және онда жарияланған шоқтығы биік мақалалар шоғырланған.

Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы арқауы үзілмеген рухани сабақтастықтың діңін барынша берік етуге бағытталған басқосуда өмірінің ең бір шуақты да қуатты сәттерін «Егеменге» арнаған ардагер-журналист, ақпарат ісінің үздігі Гүлзейнеп Сәдірқызы кәсіби жолдағы әсерлі естеліктерімен бөліссе, Журналистика факультетінің 4 курс студенті Назым Самет «Egemen Qazaqstan»: ұлттық баспасөздің рухани арқауы» тақырыбында газет тарихына шолу жасады.

Студенттердің ықыласымен «Қазақ елінің жүз жылдық жылнамасы»  атты конференцияның соңы  шеберлік сағатына ұласты. «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі журналистика факультетінің ізденушілері мен ұстаздары алдында өз тәжірибесімен бөлісіп, газеттің өткені мен бүгіні, бағыт-бағдары туралы әңгіме өрбітті. Еркін форматта өрбіген пікір алмасуда әлемдік медиакеңістіктегі баспасөздің рөлі, салалық журналистиканың артықшылықтары туралы айтылды.

Бүгінде  жаңа ақпараттық кеңістіктің кеңге қанат жаюы көп жұмыстарды жеңілдеткенімен, адамзат алдына ақпараттық қауіп, компьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы  шатастыру, кибершабуыл,  жалған мәлімет беру сынды жаңа кедергілерді әкелді. Ғаламтор бетіндегі жылт етпе ақпараттар жылдам қолжетімді болғанымен, дәстүрлі басылымдардағыдай дәйекті болмауы мүмкін. Ал мазмұн тереңдігі мен ой ұшқырлығы  өз алдына бөлек әңгіме. Десе де заман  көшінен қалып қоюға тағы болмайды. Өйткені бүгінгі таңда мобильділік - журналистің ең басты қаруы. Ең дұрысы ескі мен жаңаны ұштастырып, таразы басын тең ұстау. Осыларды тілге тиек еткен Дархан Қыдырәлі болашақ журналистерге университет тарапынан жасалып отырған қолдау мен озық технология игіліктерін тиімді пайдаланып, сауатты, білімді маман иесі болуға кеңес берді.

р

Сөз орайы келгенде, отыз мыңға тарта студент білім алатын еліміздегі ең іргелі университеттің техникалық базасы, соңғы үлгідегі сандық технологиялары тәлімгерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғанын ерекше атай кеткен жөн. Осының нәтижесінде былтыр Times Higher Education (THE) Британдық агенттігінің рейтингі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында бірінші болып әлемнің үздік университеттерінің 801-1000 тобына енді. Екі миллион данадан асатын кітап қоры бар Әл-Фараби кітапханасы Орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі. Толықмәтінді дерекқор жиналған дербес электрондық кітапхана, газет-журналдардың 250 атауын табуға болатын мерзімді басылымдар залы, RFID қолдауымен оқырмандардың өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары, XVI-XIX ғасырлық сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған сирек кездесетін және құнды басылымдар залы,  Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына арналған Әл-Фараби музейі еліміздің кез-келген жоғары оқу орнында оқитын студенттерге қолжетімді. ҚазҰУ қалашығындағы «Керемет» орталығы өзінің құрылымы және функционалдық қызметі бойынша, «бір терезе» және «бірыңғай кеңсе» қағидаты негізінде қызмет түрлерін көрсететін және әлемдік кеңістікте толыққанды аналогы жоқ орталық. Мұнда студенттерге әлеуметтік маңызы бар 500-ден астам оқу-ағартушылық, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-демалыстық қызмет түрлері ұсынылады. Өз аумағында жеке жылыжайы және инновациялық технологиялар паркі бар университет Алматыны жасыл қалаға айналдыру бағытында да ауқымды жобаларды қолға алып келеді. Отандық білім ошақтарының елеулі жетістіктері еліміздің әлемдік аренадағы беделін одан әрі нығайта түсетіні анық.

 

АЛМАТЫ