Әлем • 28 Қазан, 2019

NASA: Ай бетіне құлаған «Викрамның» ізі көрінбеді

542 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ-тың аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу бойынша ұлттық басқармасы үндістандық «Чандраян-2» аппаратының Ай бетінен іздері табылмағанын хабарлады. Бұған дейін, нақты айтқанда, 7 қыркүйекте Үндістанға тиесілі планетааралық стансаның Айдың оңтүстік полюсі аймағына қонғаны туралы хабарланған еді.

NASA: Ай бетіне құлаған «Викрамның» ізі көрінбеді

Ай орбитасына 20 тамызда жіберілген «Чандраян-2» аппаратының «Викрам» модулі мамандардың болжамы бойынша, 7 қыркүйекте Жер серігіне жетуі керек еді. Үндістан ғарыш орталығының ақпаратына сүйенсек, алғашында «Вик­рамның» жылдамдығы толық бақы­лауда және ауытқусыз болған. Деген­мен, Айға 2,1 шақырым қалғанда модуль бағытынан жаңыла бастаған. Үндіс­тандық зерттеушілер құрылғымен байла­ныс Ай бетіне қонуға санаулы секундтар қалғанда үзілгенін айтады. Аппа­ратты жіберудің негізгі мақсаты – Айға «Прагьян» деп аталатын ровер орналас­тыру. Салмағы 27 килограмм болатын алты дөңгелекті құрылғы шамамен 14 күн бойы Ай бедерінің минералогиялық құрамына талдау жасауы керек-ті. Сонымен қатар ондағы сейсмикалық жағдайдан да хабар алу жоспарланған.

«Чандраян-2» жобасы толықтай Үндістанға тиесілі. Жоба құны 125 млн АҚШ долларына бағаланған. Стан­са Шрихарикота ғарыш айлағынан ұшы­рылды. Құрылғы да толықтай мемлекеттің зертханаларында дайындалған.

Тапсырма сәтті орындалғанда Үндіс­тан КСРО, АҚШ, Қытайдан кейінгі Ай бетіне қонған төртінші ел болар еді. Бангалордағы ғарыш орталығының қызметкерлерімен қатар бұл процесті Үндістанның премьер-министрі На­рен­дра Моди де бақылап отырған. Орта­лық қызметкерлері «Викрам» Айға жа­қын­дағанда балаша қуанып, бірін-бірі құт­тықтап үлгергенін де жасырмады. Ғарыш агенттігінің басшысы Кайласавадиву Сиван аппараттан түскен ақпаратты талдап, мәліметімен бөлісетінін айтты. Үкімет басшысы Нарендра Моди «Бұл – жоқтан жақсы, сондықтан жетістікке жеттік десек, артық емес. Болғанды ойлап, көңіл түсірмей, алға жүруіміз керек!» деді. Көп ұзамай агенттіктің ресми сайтында талдау нәтижелері мен суреттер жариялана бастады. Онда Ай бедерінің метеориттер, астероидтар мен кометалардан зақымданғаны, соның салдарынан ондағы географиялық ерекшеліктердің анық көрінетіні жазылған.

АҚШ-тың аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу бойынша ұлттық бас­қар­масы құрылғының орнын анықтау үшін Ай бетін суретке түсіріп, «Викрамның» көрінбегенін мәлімдеді. Аппараттың Айға қонбағаны туралы нақты кесіп айтпағанымен, Жер серігінде ауыр аппараттан қалған іздің жоғын айтты. NASA қызметкері Джон Келлер «Ай бетінде көлеңке көп. «Викрам» сондай көлеңкелі тұсына қонуы мүмкін. Ал ол аймақтарды анықтау ешқашан мүм­кін болмаған» деді. Модульді іздеу жұ­мыстары әлі жалғасып жатыр. Бір ескеретіні, құрылғы Айдың бетіне қонса да жарамсыз. Осыдан бірнеше күн бұрын үндістандық зерттеушілер тағы бір аппаратты жөнелтуге дайындалып жатқанын жеткізді.

Осы ретте NASA басшысы Джим Брайденстайн Халықаралық ғарыш конгресінде Ай бетіне астронавттарды жіберу үшін АҚШ-қа басқа елдер тарапынан қолдау мен көмек керегін мәлімдеді. «Жоспарымыздың ауқымы мен мақсаттарымызға қарап, мүмкіндігінше өзгелердің көмегі керегін анықтап отырмыз», деді ол. Дегенмен, АҚШ жобасына қай елдердің қандай дәрежеде қатысатынын ашып айтпады. Жартығасырлық үзілістен кейін NASA 2024 жылы Ай бетіне астронавтарын жіберуді жоспарлап отыр. Ал 2028 жылы Жер серігінің бетінде тұрақты база құрып,  15 жыл бойына ақпарат алып отырмақ. Бұдан түскен деректерді қолданып, 2030 жылы Марсқа да қол созбағын айтты. Бұған дейін NASA-ның Роскосмоспен Айға жақын станса құру жобасына келіскені хабарланған болатын. Алайда Ресей бұл жобада өздеріне аз міндет жүктелгенін айтып, бас тартты.

Естеріңізде болса, Үндістан 2008 жылы да «Чандраян-1» деп аталатын аппаратын Айға жіберген еді. Аталмыш құрылғы Айды орбитадан бақылап, Ай бетіне қона алмай, құлаған болатын. Жоспар бойынша, аппарат радарлар арқылы Айдағы суларды анықтауы керек еді. Дегенмен, құлаған аппаратпен байланыс 2009 жылдың жазында үзіліп әрі қарай байланысу мүмкін болмады.