Бұл орайда алтыншы ұрпағы Молдахмет Сұрағанұлының бабасы жайлы көз майын тауысып, біраз мәліметтер жинағанын бөле-жара айтқан жөн. Оның жазбаларына сүйенсек, Андығожа батыр Аққайың ауданы Аралағаш ауылынан 10 шақырымдай жерде орналасқан Үшқызыл қонысында туып-өскен. Атамекені «Қаршыға ұстаған» деп аталған. Осы жерде қалың шұбар баурайында 1672 жылы дүниеге келген. Жастайынан шымырлығымен, бірбеткейлігімен, табандылығымен көзге түскен ол жау жағадан алған қиын-қыстау сәттерде Қойлы Атығай жасағын бастап, Абылайдың жанынан табылған. Хан оған үлкен сенім артып, шешуші шайқастарға жұмсап отырған. «Бұланты-Аягөз», «Аңырақай» секілді кескілескен ұрыстарда жаужүрек батыр дұшпандарына қырғидай тиіп, үрейін ұшырған.
Кейбір деректер бойынша Андығожа атамыздың екі қайынжұрты болса керек. Бұл туралы көкшетаулық белгілі журналист-жазушы Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты тарихи жинағында нақты мысалдар келтірілген. Аңырақай шайқасынан кейін оған Көкше жерінде «Хан бұлағы», «Қызылағаш» қоныстары сыйға тартылған. Бурабайлық ұрпақтары екі ауылға Андығожа мен Аңғал батырлардың есімін беріп, игілікті істер атқарса, туған жерінде ондай құрметтің көрсетілмеуі өкінішті, деп жазады Молдахмет ақсақал.
Баһадүрдың кез келген тығырықтан жол тауып шығатын парасатты ақыл-айласымен қатар зор қара күштің иесі болғанын айғақтайтын деректер де аз ұшыраспайды. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, бірде Аңғал, Ағыбай, Андығожа үшеуі Ақшоқы деген жерде күш сынасып, үлкен қара тасты айбалтамен шапқан деседі. Сонда соңғысының айбалтасы ұңғысына дейін қара тасқа кіріп кеткен көрінеді. Кейін сол өңір «Андығожаның Ақшоқысы» аталып кетіпті.
Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға орасан қызмет етіп, аты аңызға айналған атасы жайлы тірнектеп мағлұматтар жинастырып жүрген ұрпақтарының бірі Сәлімбек Мейрамов өз естелігінде мінген аты – Таушұбар, бүркіті – Ақбалақ, қаршығасы – Көксүңгі аталғанын айтады. Туған жерінде ескерусіз қалмасын десек, жергілікті мұрағат, мәдениет қызметкерлері де елді мекенге, көшелерге есімі берілуіне белсене атсалысқандары жөн, дейді ол.
Өле-өлгенше Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Андығожа Әлмәмбетұлы үшеуі қалай сыйласып өтсе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де қатар жерленіп, мәңгілік тыныстап жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы