Әдебиет • 28 Қазан, 2019

Шекспир. Шындық пен шырғалаң

1653 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Шекспир. Шындық пен шырғалаң

Үстіміздегі жылдың, яғни 2019 жылдың 23 сәуірінде ұлы дра­матург Уильям Шекспирдің туғанына 455 жыл толды. Со­дан бері «Шекспир мәселесі» бойынша мыңдаған кітап жарық кө­ріпті. «Өртке тиген дауылдай» (Қа­сым Аман­жолов) Шекспир жай­лы даулы кітаптардың қаулап шы­ғып жатқанына қарамай, 48 жа­сында туған қаласы Страт­фордқа Лондоннан қайтып келіп, үш жылдан соң дәл өзі туған күні мәңгілікке көз жұмған Шекс­пир, өзі жайлы дүниенің дүрлігіп жатқанымен ісі де жоқ, әлем сахналары мен экрандары­нан шығармалары уақыт сайын жаңғырып, жаңарып, әлем кө­рермендеріне толассыз жол тартуда. Бүгінгі таңда ол әлемдегі ең көп экрандалған, ең көп сахналанған драматург, сонеттері болса оқырмандар назарынан ешқашан тыс қал­ған емес. Әлем кинематографтары болса бір ғана «Гам­леттің» сюжеті бойынша жүзден (!) артық фильм түсіріпті. Режиссер Франко Дзеффирелли түсірген «Ромео мен Джульетта» фильмі (1968) екі рет «Оскар», үш рет «Алтын глобус» сыйлығына ие болды. «Король Лир» мен «Мак­бет» те сахна мен экрандық шығар­маларға арналған жүздеген жүл­делердің иегері атанды.

Сонымен Шекспир төңіре­гіндегі дау неден басталды? Осы мәселеге біраз шолу жасап көрейік.

Уильям Шекспирдің өмірі мен шы­ғармашылығы жайлы 400 жылдан астам уақыт бойы қанша кітап жазылғаны жайлы нақты ешкім айта алмайды.

«Шекспир» деген фами­лия­ның өзі сан құбылып жазылып жүр: Сакспеер, Шакоспер, Шафт­спер, Шакстаф, Час­пер, Шаспир...

Шекспир шығармашылығы мен өмірін арнайы әңгіме етіп отырғаным­ның өзіндік себебі бар. Ол – әлем әдебиетінің ең жа­­рық жұлдыздары – Гете мен Толстойдың Шекспир шы­ғар­­малары туралы бір-біріне керағар екі түрлі пікірі. Бірі Шекс­пирді ұлы ақын, ұлы дра­матург деп табынса (Гете), екін­шісі – орыс ойшылы Лев Толстой оны мойындамайды.

«Нет никаких оснований восхваления Шекспира, кроме внушения».

«50 жылдан бері Шекспирді оқып келе жатырмын. Міне, жа­сым 75-ке келген шағымда да оның бүкіл шы­ғар­маларын, сонеттерін қайта оқып шықтым. Өзімді тағы бір сынағым келді. Бірақ қанша тырыссам да бұ­рынғы пікірімді өзгерте алмадым, – деп қорытындылайды өз топшылауын ұлы суреткер Лев Толстой. – Ке­рісінше, оған та­ңылған «ұлы», «данышпан», «кемеңгер» деген теңеулердің жалған екендігіне, осы ойды өзгелерге тықпалап сендіріп кел­ген жалған ма­дақтаушылар, бү­гінгі жазушылар мен оқыр­мандарды теріс пікірге түсі­ріп, оның шығармаларында атымен жоқ ұлылықты тықпалау – барлық шын­дықты бүркемелеп, өтірікке құ­рылған жексұрын мадақ», деп шорт кесті ұлы жазушы. «Произведения Шекс­пира не отвечают требованиям всякого искусства, и, кроме того, направ­ление их самое неиз­менное, безнравственное. Что же значит та великая слава, которой вот уже более ста лет пользуются эти произведения?»

Лев Толстойдың қатал сынынан веймарлық Гете де тыс қалмаған. «Я Гете читаю всего, из них два-три тома ничего, остальное все – вздор».

Лев Толстойдың бұл секілді үзілді-кесілді пікірі ағыл­шын драматургінің әлем сахна­сын, соның ішінде орыс сахнасын бірте-бірте жаулап алу про­цесіне кедергі бола алмады. Кедергі бола алмау былай тұрсын, Ресейдің басқа қалаларында емес, Толстой шы­ғармалары қойылып жатқан театр сахнасынан Шекспир пьесалары да көрсетіліп жатты. «Борсықтың жек көретін шөбі інінің аузына шығады» дегендей, өзі қойылып жатқан сахнада Шекспир трагедияларының қаса­қана бірінен соң бірі ойналып жатқаны Толстойдың ашу-ызасын онан сайын өршітіп, осындай қатал пікір айтуға мәж­бүр еткен болса керек.

Әлемдік әдебиетте үш даулы мәселе бар: Гомер, Шекспир, Шолохов. Шоло­хов жайлы дау ұзақ жылдар бойы қауға тиген өрттей лапылдап тұрды да, бірте-бірте бәсеңсіп, ақыр аяғы әйгілі «Тынық Донның» қолжазба нұс­қасы табылып (?), оның ав­тор­лық құқығы туралы дауға біржолата нүкте қойылды. Соған қарамастан антишолоховшылар ол шешіммен келіспей, ауық-ауық қарсы дау айтып қалып жүр. Ол даудың негізі – қанша данышпан болып туса да, күрделі заманның дәуірлік шындығын жоғары білімі жоқ, қарапайым жігіт небары 24 жасында осыншама ауқымды шығарманы жазып шығуы әсте мүмкін еместігін алға тартумен келеді.

Қалай болғанда да, Шолохов мәсе­лесі жазушының пайдасына шеші­луімен тынды.

Гомер мәселесі сол күйінше әлі тұр. Оның анық-қанығын ажы­ра­тып беретін ешқандай дәлел жоқ. Атақ­ты «Илиада» мен «Одис­сейді» ерте заманғы грек ақынының жазғанына шү­бә келтірушілер баршылық, тіпті, кейбір зерттеушілер ондай ақын­ның өмірде болғанына да сенім­сіздікпен қарайды. Олар «Илиада» поэмасын Троя со­ғысы ке­зінде мысырлық ақын әйел Фан­тасия жазды деген пікірді ұсынады.

Бұлар қаншама шешімін таптық дегенмен бәрібір бас­тарынан күдік бұлты біржола сейіліп кете қоймайтын мәсе­лелер. Бұл даулардың ішін­де «Шекспир» мәселесі ауқым­дылығы жағынан ерекше орын алады. Әлемдік әдебиеттануда бұл мәселе бойынша шыққан кітаптардың өзі бір төбе.

Шекспирдің туған қала­сы Страт­фордқа байла­ныс­­ты ол өлген соң «антистратфор­диан­дықтар» деген қуатты бір қоз­ғалыс дүниеге келді. Бұл қоз­ғалысты жақтаушылардың пікірінше, провинциялық актер «Гам­лет», «Ромео мен Джу­летта», «Ко­роль Лир», «Мак­бет» сияқ­ты ұлы шығармаларды жа­за ал­майды. 1848 жылы нью-иорк­тік заңгер Джозеф Харт «Стратфордтықтар» жайлы үлкен дауды бастап жіберді. Оның айтуынша, «кедей отба­сынан шық­қан сауатсыз бала надандық пен дөрекілік ру­хында тәрбиеленеді. Ер­жет­кенде браконьерлікпен айна­лыс­қан адамның миынан ақыл­ды пьесалардың тууы мүмкін емес». Дж. Харттың кіта­бы­нан соң әртүрлі елдер­дегі «антистратфортдықтар» на­ғыз Шекспирді табу үшін лап қойып, дәлелдер іздей бастады. Ешқандай университетті бітірмеген, қарапайым қолғап тоқушының баласы, оның үстіне ешқашан Еуропада болып көрмеген, Италияда бол­маған, Дат еліне аяқ баспаған адам қалай ол елдің тіршілік-тынысын, салт-дәстүрін біле алады? Герцогтар мен корольдер өмірін жазу үшін драматург сарай интригаларымен таныс болуы керек емес пе? Қолғап тоқушының браконьер баласы ондай өмірдің маңынан да жүрген емес. Оның үстіне, оның бір де бір қолжазбасы жоқ (естеріңізге сала кетейік, ол кездегі драматургтердің көбі­сінің қолжазбасы сақталмаған).

Бүгінгі таңда «Гамлеттің», «Ко­роль Лирдің», «Макбеттің» және басқалардың авторлығына сексеннен астам драматург таласуда. Әрине, Шекспир заманында қайтыс болып кеткен адамдар таласып жүрген жоқ, «нағыз Шекспирді» іздеу­шілердің пікір­лері таласуда.

Шекспир трагедиялары мен комедияларына таластың ең басында Шекспирдің замандасы, аса көрнекті саясаткер, философ, жазушы, ғалым, иаковиандық Англияның ең ұлы данышпандарының бірі – Фрэнсис Бэкон тұр.

ХІХ ғасырдың ортасында аме­рикалық ағартушы-ұстаз Делия Бэконның (ағылшындық Бэконмен фамилиялас) «Шекс­пир пьесаларындағы фило­софияның әшкереленуі» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап Шекс­пирге таласушылардың арасында логикалық дәлелдері мен тұжырымдары арқылы барып тұрған сенсация болды. Мұғалім әйелдің айтуы бойынша, Шекспирге телініп жүрген ұлы шығармалардың авторы сөз жоқ – Фрэнсис Бэ­кон. Корольдер мен гер­цогтар өмірін тек сол ғана жа­за алады, провинциялық актер емес. Осыдан келіп үлкен сұрақ туады. Егер Шекспирдің қаламынан туды деп жүрген ұлы шығармалардың шын авторы Ф.Бэкон болса, неге ол өз атын қоймайды? Делия Бэкон бұл сұраққа да өзінше жауап береді. Фрэнсис Бэ­кон – королева Елизавета Бірін­шінің некеден тумаған құпия баласы. Сондықтан да ол шығармаларына өз фамилиясын қоймай, театрға ұсына берген. «Король қызметшісі» («Слуга короля») деген театр компаниясы кезекті пьесаларды қолға алған соң, өздерінше сахналық өзгерістер енгізіп (кейбір сыншылардың айтуынша «дөрекілендіріп»), Уильям Шекспирдің атымен қоя берген. Пьесаларында мемлекеттің саяси-мо­ральдық жүйелеріне өткір сын айтылатын болған соң да Ф.Бэконға өз атын жасырын ұстау тиімді болса керек.

Өз ойын дәлелдеу үшін Делия Бэкон философ Бэконның хаттарындағы құпия шифрларда пьесалардың шынайы авторы кім екені көрсетілген деген версиясын ұсынды. Ол үшін Шекспир моласын ашып, инструкция бойынша зерттеу жүргізілуі керек. Осы ойын дәлелдеу үшін америкалық әйел Англияға бірнеше күн кеме­мен жүзіп келіп, бірден Стратфордтағы Шекспирдің қабірін қазуға кіріспек болды. Тіпті, қабірді қазу үшін күрек-саймандарын да сайлап үлгеріпті. Бірақ ол бұл ойын жүзеге асыра алмады: қабірді қазып, әруақты ма­залауға шіркеу де, саяси билік те рұқсат етпеді. Алған бетінен қайтпайтын зерттеуші әйел тым болмаса Ф.Бэконның моласын қазуға рұқсат сұрады: барлық шындықты моладағы құпия хаттардан табамыз деді.

Билік бұған да рұқсат етпеді.

Өз ойын жүзеге асыра ал­маған әйел аласұрып жүріп ақылынан адасып тынды.

Бірақ ол дүниеге «Бэкониан­дықтар» деген қозғалысты қалыптастырып кетті. Олардың ойынша, әлемді жаулап алған ұлы шығармалардың шынайы авторы – сөз жоқ Фрэнсис Бэкон. Бір қызығы – «Бэкониандықтар» қозғалысына басқа да ұлы тұлғалардың белсенді атсалыс­қанына таңғалмасқа лаж жоқ. Солардың алдыңғы қатарында ұлы жазушы-юморист Марк Твен мен ұлы философ Зигмунд Фрейд тұр. Марк Твен болса «Умер ли Шекспир?» деген кітабын жа­риялады, ал З.Фрейд Гамлеттің бүкіл бол­мысынан шалалықты, мыл­жың сөзге құрылған жасан­дылықты сынға алады. Ал Шекспир драматургиясы мен сюжеттерін жойқын сынға алған Л.Толстойдың пікірін жоғарыда келтірдік. Л.Толстой да, М.Твен де, З.Фрейд те Шекспир деген драматургтің болған-болмағанына кү­дік келтіруден бұрын оның шы­ғар­маларындағы дө­ре­кілік пен жалғандықты, қасап­хана­­дағыдай жабайы қантөгісті, бұ­зақы махаббатты ашықтан-ашық насихаттағанымен келісе алмайды.

«Бэкониандық» қозға­лыс­­тың қажы­мас «әшкере­леушілері» әйгілі пье­салардың шынайы авторын табу жо­лындағы ізденістері әлі күнге дейін әлемді алаңдатумен келеді. Олар әр түрлі шифрларды атап, адрестерін көр­сетіп, сол бойынша қанша зерттеу жүргізгенмен бәрі де нәтижесіз аяқталуда. Құпия хаттар сақталған-мыс деген лақап бойынша Уай өзенінің көрсетілген ұлтаны қазылды – ештеңе жоқ, Кэнонбери мұнарасы тінтілді – түк те табылмады, бір құпияның беті ашылып қалар деген үмітпен Шекспирдің замандасы, ақын Эдмунде Спенсердің мо­ласын да ашып көрді – онан да ештеңе табылмады. «Шекспир шығармаларының негізгі оқиғалары сарайда, кейіпкерлері – корольдер, гер­цогтар, принцтер, ал жай ғана «қолғапшының» баласы өзі білмеген, көрмеген өмір­ді жазуы мүмкін емес, он­дай шығармаларды тек ақ­сүйек тұқымынан шыққан адам ғана жаза алады» деген пікір әлем жұртшылығын елең еткізгенмен, аз уақыт өт­кен соң дәлелді боп көрінген бұл тұжырым да ұмытылып, ағылшын жұрты саналарына өшпестей еніп алған «баяғы Шекспирлеріне» қай­та оралумен болды. Санаға берік ор­наған Шекспирді шығарып тастау үшін «Стратфордтықтар» мен «Б­экониандықтар» «әшке­релеу» мақ­саттарын қайта жалғастыра берді. Енді олар «Король Лир» мен «Макбетті» жазған ағылшынның 17-графы Эдуард де Вер Оксфорд дегенді алға тартты. Бұл пікірге қарсы дау айтушылар болса: «Екі пьесаның екеуі де Окс­форд өл­ген соң жарыққа шықты, сондықтан мұндай долбар шындыққа жанас­пайды» деп еді, әшкерелеушілер бұған да оп-оңай дәлел айтып шыға келді. «Оксфорд өз шедеврлерін толық аяқтай алмағандықтан, графтың достары бітіріп, театрға ұсынған» деп оларға тойтарыс берді. Ақыр соңында Шекспирді жақтаушылар мен жоққа шығарушылардың өзі екі лагерьге бөлініп, олардың арасы Монтекки мен Капулетти арасындағыдай бір-бірімен жауласуға шейін жетті. Бірақ абырой болғанда бұл жауласу қантөгіссіз, сөз жүзінде өтті, ары кеткенде сотқа жү­гінумен аяқталды.

«Стратфордтықтар» мен «Бэкониан­дықтар» бәрібір әшкерелеу ниеттерінен қайт­пады. ХХ ғасырдың басында олар спиритизмге де жүгінді. Сол жүгінудің нәтижесінде дүниеге жаңа келген кітаптың авторы түн ішінде Бэконның рухымен тілдескенін, тілдесу кезінде Бэконның өзі ешқандай пьеса жазбағанын, ал Шекс­пирдің рухы сонеттерді граф Оксфордтың жазғанын мойындады деп сәуегейлік айтты.

Шекспирдің орнына таласу­шы-л­ар­­­дың саны бұл күнде, жоғарыда айт­қанымыз­дай, 80-нен асып, жүзге жуық­тады. Олардың ішінде кім жоқ дей­сіз: 5-граф Ратленс, 6-граф Дерби, Шотландияның королевасы Мария Стюарт, королева Елизавета Бірінші, тіпті, Уильямның өзінің жұбайы да бар.

«Бэкониандықтар» мен «Страт­фордтықтардың» ендігі үлкен үміті – ерте ме, кеш пе, Шекспир мен Бэкон­ның молаларын ашып, ондағы құпия шифрлар мен хаттарды табу. Авторлық әділдікті анықтау жолында олардың бұл әрекеттеріне ала көзбен ата қараудың да жөні жоқ шығар. Өйткені олар әділдіктің жеңісі үшін күресуде ғой. Алайда, ағылшын билігі, тіпті, жалпы халықтың өзі ол молаларды қазып, Шекспирді Бэконмен ауыстыра салуға тәуекел ете қояр ма екен? Тіпті, сол ұлы шығармалардың авторы Шекс­пир емес, Бэкон екені дәлелденген күннің өзінде сол шығармаларға деген әлемдік көз­қарастың өзіне де селкем түсіп қалуы мүмкін ғой. Ғасырлар бойы санамызда қалыптасып, ұлылықтың символына айналған «Шекспир» деген есімді басқа біреумен ауыс­тыра салуға біздің психикамыз көне қояр ма екен? Әй, қайдам!

Жарайды, бұл дау өзінше дау боп қала тұрсын. Шекспирдің авторлығын қорғаушылар не дейді?

Енді соған тоқталып өтейік.

Шекспирлер өмірін зерттеу­шілердің айтулары бойынша Уйльямның әкесі Джон Шекспир дәулетті адам болған көрінеді. Ол өзі өмір сүрген ортада өте беделді адам болыпты. Тіпті, бір кездері қалалық кеңестің төрағасы секілді лауазымды қызмет те атқарыпты. Анасы Мэри Арден болса тегі жағынан англо-саксондық арис­тократтар династиясынан шыққан ақсүйек екен. Демек, жұрт менсінбегендей біздің Шекспиріміз оңай отбасынан емес екен. Қалалық кеңес төрағасының баласы 7 жас­тан 14 жасқа дейін Эиванның грамматикалық мектебінде оқымауы мүмкін емес. Бұл мектепте сабақ таңертеңнен кешке дейін жүргізіліп, латын тілінен, классикалық шығармаларды түпнұсқада оқудан, адамдармен қарым-қатынастың мәдениеті жайлы нақты дәріс оқылады екен.

Ресей Ғылым академия­сының шекспиртану комис­сиясының ғылыми хатшысы, философия ғылымының докторы Николай Захаров Шекспирдің өмірі мен шығармашылығына арналған нақты деректерге сүйене отырып, төмендегідей қорытындыға келеді. «Шекспир заманында өмір сүрген бір де бір өнер қайраткері оның шығармашылығына күдік келтірген емес. Оның көзі тірі­сінде-ақ 16 драмалық шығар­масы «Шекспир» деген фамилиямен жарық көрген. Лондонның белгілі баспагері Ричард Фил оның екі поэмасын жеке кітап етіп шығарған. 1609 жылы шық­қан сонеттерінің титулдық бетіне оның «Шекспир» деген фамилиясы ғана көрсетілген. Осыған қарап, сол кез­дің өзінде-ақ ол «Уильям» деген аты көрсетілмесе де әйгілі бол­ған ақын екенін дәлелдейді. Оның автор­лығы жөнінде ең құнды пікірді сол кездегі аты шулы драматургтердің бірі Бен Джонсон былай деп жазыпты: «Шекспир стал самым сладкоголосым лебедем Эивана, поэтом на все времена, удивительным человеком, который переживали славу всех современников».

Оның пікірі айна-қатесіз дәл келді.

2018 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлемнің жады» («Память мира») деп аталатын бағдарла­ма­сының халықаралық реес­тріне Шекспирдің өмірі мен шығармашылығы жайлы тағы да 90-ға жуық жаңа құжаттар келіп түсті. Бұл құжаттар Шекс­пирдің өмір сүргенін, пьесалары мен сонеттерінің шынайы авторы өзі екенін тағы да дәлелдей түсті де, әртүрлі алып-қашты әңгімелер мен қауесеттердің қазанына мықтап қақпақ қойғандай болды. Ал Англиядағы «Гераль­дикалық палата» болса, Шекс­пирдің дворяндық титулын қайта бекітіп, оған «найзалы күміс қыран» гербін беруге шешім қабылдады.

Шекспир төңірегіндегі дау-дамайға осылайша нүкте қойылды.

Ал «Стратфордтықтар» мен «Бэкониан­дықтардың» ен­дігі арманы мен бар үміті – Шекспир мен Бэконның қабірін қазу. «Онда не болар екен?» деген пендешілік сұрақ та жұрт көңілінен кетер емес.

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты