Қазақстан • 28 Қазан, 2019

Баспасөзге жазылу басталды

778 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында «Қазпошта» акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалында кезекті мерзімді баспасөзге жазылу науқанына арналған акция өтті. Жыл сайын «Қазпошта» АҚ мерзімді басылымдардың өкілдері мен қалалық оқырмандардың арасында баспасөзге жазылу күнін өткізеді. Бұл күні оқырмандар өздерінің сүйікті газет-журналдарына жазылып, редакция өкілдеріне сауалдарын қойып, шара барысында жылы лебіздерін арнап, мәре-сәре болып қалады.

Баспасөзге жазылу басталды

Үстіміздегі жылдың 9 айы­­ның қорытындысы бойын­ша «Қазпошта» арқылы Қазақ­станда газет-журналдарға жа­зы­лудың жалпы көлемі 108 363 590 дананы құраған.

Айта кететін тағы бір жайт, Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Казах­станская правда» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірген. Аймақтық көшбасшылар арасында – «Жетісу», «Ақтөбе», «Ог­ни Алатау», «Аq Jol», «Юж­­­ный Казахстан» газеттері бар. Ел бойынша барлығы 204 рес­публикалық және 521 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 45%-ды, өңірлік басылымдардың үлесі 54%-ды құраған. Тираждың 1%-ы халықаралық мерзімді басы­лымдарға тиесілі. Қазақ­стандықтар Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның 3 мың­­нан астам газет-журналдарына Қазпошта арқылы жазылу мүмкіндігіне ие.

«Статистика жазылу тира­жының төмендегенін көрсетті. Өткен жыл қорытындысы бо­йынша жазылудың жалпы көлемі 127,8 млн дананы құ­рады. Биыл қараша мен желтоқ­сан айларына жазылу әлі жал­ға­суда және жыл соңында көр­сеткіштер шамалы өседі. Бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – қазақстандық статис­тиканы рас­тайтын жалпы әлемдік тренд екенін түсі­не­міз», деді «Қазпошта» АҚ «Нұр-Сұлтан» филиа­лы дирек­торы­ның орынбасары Жандос Жаңабергенұлы.

«Қазпошта» АҚ маманда­рының мәліметінше, газет-жур­налға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Барлық таралымның 73%-ы соларға тиесілі. Ауыл тұр­­ғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді. Жазылу бойын­ша Қазақстанның өңір­лері арасында Алматы, Қы­зылорда, Қарағанды және Жам­был облыс­тары көш бас­тап тұр. Қазірдің өзінде 2020 жылға жазылу бас­талып кетті. Баспасөзге жазылуды кез келген Қазпошта бөлім­шесінде ресімдеуге болады.