Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Шығыс жұрты шайырын ардақтады

942 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шығыс жұрты шайырын ардақтады

Ал жаза бер!

Менде қанша өмірбаян бар дейсің,

Арманы өлең, сүйгені күй мен ән дейсің.

Өзін өзі өртеп жүрген жан дейсің,

Жүрегі жомарт, ниеті әппақ таң дейсің.

...Қағазды жай, қаламыңды ал қолыңа,

Анкетаның әрбір үңіл жолына,

Айтқанымның бәрін толтыр торыңа.

Адам деп жаз, анықтап жаз оны да,

Ақын деген сөзді тірке соңына.

Жақында Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада кезінде осылайша жыр толғаған сыр­­шыл ақын, Хамит Балша­бе­ковтің 80 жылдығына орай «Таулар ұйықтамайды» атты кітабының тұсау­кесер рәсімі өтті. Сал­танатты шара барысында сөз алған Қазақстан Жа­зу­шылар одағы облыстық филиа­лының директоры Әлібек Қаңтарбаев «Шығыстың Мұқағалиы» атанған, Тар­бағатайдың тумасы Хамит ақын­ның шығармашылығына, тағдырына тоқ­талып: «Хамаңның өмір­ден өткеніне 12 жыл болса да, жырсүйер қауымға қалдырған мұралары аз емес. Ақынның кешін кітапхананың кіш­кентай залында емес, облыстық театрдың үлкен залында өткізсек те артық емес еді. Өйткені Балшабеков осындай құрметке лайық ақын. Мен білетін бір шындық бар. XX ғасырдың екінші жартысында Шығыста Хамиттан асқан ақын болған жоқ. Хамит ағаның бір ерекшелігі, оның поэзиясында сая­сат жоқ. Хамиттың өлеңдері тұнып тұрған лирика» деді.

Реті келгенде айта кетейік, ақын­ның «Таулар ұйықтамайды» кітабына ғалым Айжан Қартаева редакторлық етсе, туындының жарық көруіне күй­­ші Шалқар Рысқанов ұйытқы болыпты. Қайрат Малғаждаров, Зиядан Бекзадаұлы, Ершікен Ыдырышев, Дәу­рен Малғаждаров сынды азаматтар демеушілік жасапты.

 

ӨСКЕМЕН