28 Қазан, 2019

Жазушы жас оқырмандарымен жүздесті

714 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пернебай Дүйсенбин оқырман қауымға балалар жазушысы ретінде белгілі. Ол әр жылдары ұйымдастырылған республикалық жабық бәйгелердің бірнеше рет жеңімпазы атанды. Қаламгердің қаламынан ауыл балаларының өмірін қамтыған бірнеше повесть, әңгіме, өлең, ертегілер туған. Сонымен қатар жазушы шығармашылығынан Жапо­нияның Нагасаки қаласына тасталған атом бомбасының зардаптары, халықтар достығы секілді мәселелер де тыс қалмаған.

Жазушы жас оқырмандарымен жүздесті

 

Жас оқырмандар үшін Пернебай Дүйсенбин шығармаларынан алатын шынайы дүние көп. Осы орай­да Жамбыл облыстық мектеп олим­пиадаларын және мектеп­тен тыс іс-шараларды өткізу орталығында Д.Қо­наев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйым­­дастыруымен жазушы шығар­машылығынан байқау өз мәресіне жетті. Байқаудың алғашқы кезеңіне қалалық, аудандық және ауылдық бала­лар кітапханаларының 7-10 жә­не 10-15 жас аралығындағы оқыр­мандары қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Оған жас ерекшеліктеріне қарай екі топта 18 үміткер қатысқан.

Байқауды Жамбыл облыстық мә­дениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Амалов құттықтау сөз сөйлеп ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде жасөспірім кітап­құмарлар «Мен кітапхананың тұрақ­ты оқырманымын» – өзін-өзі таныс­тыру, «Пернебай Дүйсенбин – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі» – автордың балалар өмірі туралы шы­ғар­маларынан үзінділерді жатқа айту, театрландырылған көрініс қою, «Портрет галереясы» – сомсуретте бей­неленген кісінің кім екенін табу, «Әдеби бәйге» – жазушы өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақ­тарға жауап беру кезеңдерінде бар білгенін ортаға салды. Сондай-ақ жас оқырмандар автордың «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Сол бір ер­тегі...», «Қайсар Қарындаш туралы хикая», «Есен-сау жүріңізші, әке», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Ойын­паз ойыншықтар отауында немесе Дәуреннің ойыншықтары» повестері мен «Ай айтқан сыр», «Көлбақа оқиғасы», «Өтпелі машина», «Достасу» секілді бірқатар әңгімелерін және ақ өлең түрінде жазылған «Алпамыс» драмасының үзінділерін жатқа айтып, жазушы шығармашылығымен жан-жақты таныс екендіктерін көрсетті.

Қазылар алқасы балаларды шы­ғарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, жан-жақтылығына және де сахнада өзін өзі ұстау мәдениетіне айрықша назар аударды. Іс-шара соңынан қазылар алқасының төрағасы, жазушы-драматург Елен Әлімжан жиналғандарды байқау қорытындысымен таныстырып, балалардың талабына тілек­тестігін жеткізді. Жеңімпаз және жүл­дегер атанған оқырмандар дип­лом­дармен, ал өзге қатысушылар Алғыс хаттарымен марапатталды. Жа­зушы Пернебай Дүйсенбин жас оқырмандарының барлығына да өзінің тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйлады.

 

Жамбыл облысы