Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Сән әлемінің саңлақтары

1031 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тараз қаласында ел көптен күткен «Aspara Fashion week TARAZ – 2019» сән апталығы өтіп, оған Еуропа мен Азиядан 15-тен астам сала сарапшылары мен әлемнің 10 мемлекетінен танымал дизайнерлер қатысты.

Сән әлемінің саңлақтары

Тараз топырағына келген дизайнерлердің ішінде «Milano fashion week» президенті Ма­рианна Мичели, миландық фэшн-фото­суретші Даглас Бассет, амстердамдық этни­­калық сән апталықтарының ұйымдасты­рушысы, «Asia fashion week» және «Africa fashion week» сән апталықтарының прези­денті Айдын Ачик, Бішкек қаласынан келген сән сарапшысы Наталья Султанова, Қырғызстанның «Podium» журналының басшысы Назира Бегім, этноди­зайнерлердің еуразиялық қа­уым­дастығының төрайымы Роза Халтуева, «Libos» дизайн орталығының басшысы, Өзбекстан сән апталығының серік­тесі Камола Гулямова, украиналық дизай­нер Оксана Хенда, «Мисс Болгария – 2017» бай­қауының жеңімпазы модельер, блогер Вероника Стефанова сияқты белгілі азаматтар болды.

 Бүгінде Қазақстандағы сән әлемінде «Aspara» брендінің алатын орны ерекше. Осы уақытқа дейін өтіп келген «Aspara fashion week» сән апталығының төр­тінші кезеңі тағы да Тараз ша­­һарында жалғасын тапты. Аталған сән апталығы осы уа­қытқа дейін Шымкент, Тараз жә­не Өзбекстанның Ташкент қалаларында ұйымдастырылған болатын. Мұндай ауқымды сән мерекесін елімізге ғана емес, Еуропаға танымал дизайнер, «Асыл-Дизайн» сән үйі мен «Ас­пара» модельдік өнер және бизнес колледжінің негізін қа­лау­шы Айдархан Қалиев ұйым­дастырды.

Тараз қаласындағы «Бала­сағұн» орталық концерт залында өткен шарада әуелі облыстық қолөнер бұйымдарының бай­қауында оза шапқан таланттар марапатталды. Байқау барысында түрлі табиғи және жасанды заттардан жасалған халқымыздың ежелгі салт-дәс­түрлерін дәріп­тейтін бұ­йымдар қазылар ал­қасының қы­зығушылығын тудырды. «Біз жастарды мәдени және ұлттық құндылықтарды дә­ріптеуге шақыру жолында қыз­мет етіп келеміз. Колледжді құрған 20 жыл ішінде біз 1500-ге жуық талантты дизайнер, шаштараз, визажис, стилис мен модельерді тәрбиеледік. Олардың барлығы бүгінде Таразды республикалық және халықаралық деңгейде танытып келеді», дейді Айдархан Қалиев. Ал, «Arai Plaza» бизнес орталығының салтанат сарайында өткен сән апталығының алғашқы күнінде дизайнерлер неофольклор стилінде әзір­леген топтамаларын сән са­­рап­шыларының назарына ұсынды. Атал­мыш сыннан сү­рінбей өт­кен таланттар ұлттық на­қыш­тағы киімдерді әлемге ашық экспорттауға мүмкіндік алады.

Сән апталығы кезінде ке­лушілер Айдархан Қалиевтің «Тараз перілері» топтамасының таныстырылымын тамашалады. Топтаманың басты нышаны ретінде қазақ халқы қасиет тұтқан ана кимешегі таңдалды. Неофольклор бағытын тек Ор­талық Азияға ғана емес, күллі әлемге танытқан дизайнердің туындыларына мәртебелі меймандар ерекше назар аударды. Ал «Асыл-Дизайн» сән үйінің басшысы Айдархан Қалиев бұл топтаманы әзірлеуде қазақ әйелдерінің, оның ішінде өз анасының киім үлгілерінен шабыт алғанын айтады. «Асыл-Дизайн» сән үйі­нің бұлай аталуы тегін емес. Асыл – менің анамның есімі. Ал кимешек – қазақ аналарының бас киімі. Кимешек киюдің өз жоралғысы, өзіне тән ерекшелігі, киесі бар. Бұл біздің ұлтымыздың дүниетанымы өте терең екенін аңғартады. Келешекте алдағы 5-6 жылдың ішінде заманауи стильдегі кимешектер Еуропада трендке айналса, мен әу бастағы мақсатыма жеттім деп білемін», дейді Айдархан Қалиев. Со­нымен қатар көршілес қырғыз елінен келген дизайнер Татьяна Воротникова көпшілікті ерекше бас киімдерімен таңғалдырса, нұрсұлтандық модельер Әлия Сағдидің топтамасында қанық түстер мен флористикалық эле­менттер көрініс тауып, көп­шіліктің көз­айымына айналды. Украинаның Львов қаласынан келген Наталья Яруш өз топта­масында славян халқының қа­рапайым әрі үйлесімді өрнек­терін қолданған болса, вар­шавалық Барбара Салидің топтамасында теріден тігілген киім­дер мен шілтер басым түсті. Әлем­нің әр қиырынан келген өзге де сәнгерлер өздеріне тән ерекшеліктерімен келушілерді таңдандырды.

 Сән әлемі саңлақтарының назарын Тараз шаһарына аудар­ған халықаралық шараның қорытынды бөлімінде «Neo folklore» бай­қауында үздік деп танылған дизайнерлерге қазылар алқасының мүшелері әлемнің ең үздік саналатын сән апталықтарына арнайы жолдама табыстады. Атап айтқанда, алматылық Раушан Әнуарбекова Миландағы, қызыл­ордалық Аида Керімқұлова Сер­биядағы, тараздық Қарлығаш Есболғанова мен Әсем Мусралиева Амстер­дамдағы, көршілес Қыр­ғыз­станнан келген Мақсат Сманов пен Болотбек Алишеров Кап­падокиядағы, нұрсұлтандық Дана Аши­мова Делидегі сән апталықтарына және Бол­гария­дан келген жас сәнгер Таня Ян келесі жыл­ғы «Aspara fashion week» сән апталығына тегін қатысуға мүмкіндік алды. Өз кезегінде қорытынды сөз алған Айдархан Қалиев мұндай сән апталығын елімізде әрі қарай да дәстүрлі түрде ұйымдастырыла беретінін жеткізді. «Мен екі мың жылдық тарихы тереңге тамыр тартқан Таразды ерекше сүйемін. Өз халқым­ның ұлттық негізін сақтау жолында осы кәсіпті қолға алып, сән саласында белгілі дәре­жеде абыройға ие болдым. Бұл – тек менің ғана емес, «Асыл-Дизайн» сән үйінің, «Ас­пара» колледжі қызметкерлерінің еңбегі», деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар Ита­лиядан кел­ген Марианна Мичели қазақтың ұлттық киім­деріне қызығатынын, сондықтан да Қазақ­станға жиі келетінін айтса, миландық фэшн-фото­суретші Даглас Бассет Таразға әр келген сайын көне шаһардың табиғаты тамсандыратынын жеткізді. Өзге де сәнгерлер қазақ халқына, Тараз қаласына деген игі тілектерін жолдады.

ТАРАЗ