Руханият • 28 Қазан, 2019

Алматыда Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды

524 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, xалық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды. Асыл сөздің қасиетін емген өскелең ұрпақты Әбіш әлеміне жетелейтін дәрісхана заңғар жазушыны ең алғаш қанаттандырған Филология факультетінің  қабырғасынан салтанат құрды.

Алматыда Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды

Дәрісхана төрінде дәулетияр дарын иесінің бекзат болмысын көз алдыңа әкелетін айшықты портреті ілінген. Сан алуан тақырыпта, әр қилы жанрда қалам тербеген жазушының шығармашылық жолын, өмір жырын, көңіл сырын танытатын  түрлі естеліктер мен кітаптар Кекілбаевтың ұлт руханиятына қосқан теңдессіз үлесін танытып тұрғандай. Университет ұстаздары мұнда өтетін күнделікті дәрістерде тәлімгерлерді сөз зергерінің шығармашылығымен етене таныстыру жоспарланғанын айтады.

«Суреткер жазушы Әбіш Кекілбаев университет қабырғасында жүрген кездің өзінде жазған алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұртшылықтың назарын өзіне аудара білген кесек тұлға. Бүгін қуанышымыз ерекше. Өйткені аудиторияға кіріп-шыққан сайын, оның қасынан өткен сайын біздің студенттеріміз тебіренетін шығар деп ойлаймын. Әбіштің шығармаларының ең кереметі – Әбіштің кез-келген сөйлемі қайталанбайтын сөйлем. Мың қаламгер Әбіштің бір сөйлемін қайталай алмайды» - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бейсенғали Қабиұлы.

Жазушының жары Клара Жұмабаева мен қанаттас-қаламдасы Дулат Исабеков лентасын қиған аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі  «Әбіш Кекілбаев – замананың заңғар тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Онда ғалымдар мен жазушылар Кекілбаевтың қаламгерлік, қайраткерлік һәм азаматтық тұлғасы туралы тебірене толғап, көзін көргендер жарқын естеліктерімен бөлісті. Жазушы Смағұл Елубай, профессор Жанғара Дәдебаев, М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов өз баяндамаларына таным-тағылымы тереңде жатқан Әбіш Шығармашылығын арқау етті.

Жиын соңында жазушының жары Клара Жұмабаева сөз алып, қаламгердің студенттік жылдардағы белсенділігі мен өскен ортасы жайлы, ана тәрбиесінің оң ықпалы туралы ойларымен бөлісті.

–Жазушының жары болу қиын. Бірақ соны жеңу керек. Отбасы берекелі болмаса, азамат өспейді. Азаматтың ойлаған ойы да жүзеге аспайды. Әбіштің анасы 98 жасқа келіп қайтыс болды. Сол кісінің өсиетімен мен 50 жыл Әбішпен бірге жүрдім. Барлық шаруасын істедім. Төлен мен Дулат мені «Клара бәтеңкесінің бауын байлап, көйлегінің ілгегін салып жұмысқа жібереді» деп әзілдейді. Одан мен жаман болған жоқпын. Қасиетті шаңырақта жалауын көтерген бүгінгі шара Әбіштің әруағына ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіне жасалған құрмет деп есептеймін», - деді Клара Жұмабаева.