Спорт • 28 Қазан, 2019

Күрес: Есенкелдіні еске алды

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде танымал балуан, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есенкелді Батырғаринды еске түсіруге арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Күрес: Есенкелдіні еске алды

Жасөспірімдер арасында өткен айтулы додада төменде есімдері аталған балғын балуандар өз салмақ дәрежелері бойынша бас жүлдені олжалады: 55 кило – Дінислам Сағитжан (Ақтөбе), 60 кило – Диас Әскербай (Шығыс Қазақстан облысы), 63 кило – Ержет Жарылқасын (Тараз), 67 кило – Алматбек Аманбек (Шаңырақтағы спорт мектебі), 72 кило – Емін Магомед Кунаев (Қостанай), 77 кило – Рахат Сағымбай (Республикалық спорт колледжі), 82 кило – Мақсат Сайлау (Нұр-Сұлтан), 87 кило – Ерзат Ерланов (Нұр-Сұлтан), 97 кило – Дәурен Аманғалиев (Қостанай) және 130 кило – Константин Рахимов (Қостанай).

Осы жарысқа құрметті қонақ ретінде арнайы келген елімізге еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде үш мәрте олжа салған Мейрамбек Айнағұлов пен атақты балуанның жеке бапкері Рақымжан Бақытжановтың иығына жерлестері шапан жауып, ақшалай сыйлық табыс етті.

Балуанның өзі жайында қысқаша мәлімет беретін болсақ, ол 1971 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туып-өсті. Өзінің елеулі табысының барлығына Есенкелді Батырғарин 1990-1991 жылдары аралығында қол жеткізді. Атап айтсақ, жастар арасындағы КСРО біріншілігі мен Чехославакияда өткен әлем біріншілігінде күміс медальді мойнына ілді. Аса жеңіл салмақта белдескен қандасымыз Бүкілодақтық Универсиадада жеңімпаз атанды. Ерсектер дуына еркін қосылған жас өрен әлем және КСРО кубогы жолындағы жарыстарда алдына жан салмады. 1991 жылы Украинаның Запорожье қаласында КСРО халықтары Спартакиадасы мен КСРО чемпионатының қатар өткені есімізде. Сол жарыстарда да Есенкелдінің жұлдызы жарқырай жанды. Чемпионаттың ақтық сынына дейін алқындай жеткен қазақ балуаны шешуші тұста Түменде туып-өскен қандасымыз Жоламан Дәуренбековке есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Ал төрт жылда бір өтетін Спартакиадада Батырғаринге тең келер балуан табылмай, ол алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, жас өреннің есімі айтулы жарысты ұтқан үшінші қазақ балуаны ретінде спорттық шежіреге жазылды. Ең ғажабы, жоғарыдағы атақтардың барлығына Есенкелді Батырғарин небары 20 жасында қол жеткізді!

Есенкелді шын мәнінде феномен еді! Туа біткен талант десек те, еш қаталеспейміз. Екеуміз Шалқардағы Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінде бірге жаттықтық. 1986 жылы Ереванда өткен маршал Иван Баграмяннің турниріне де бірге аттанған едік. Бұл жарысқа бізді менің әкем Мұрат Есенжолов бастап апарды. Сонда жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Батырғарин қол жеткізіп, көпшіліктің көзіне түсті. Содан Есенкелді Алматыға кетті. Алатау баурайында шеберлігі әбден шыңдалып, биік белестерді бағындырды. Ол – күрес түрлері бойынша Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сол рекорд ұзақ уақыт бойы сақталды. Тек арада тура 20 жыл өткеннен кейін барып халықаралық деңгейдегі додаларда жүлде алуға жарайтын балуандар Ақтөбе өңірінен шыға бастады, – дейді кейіпкеріміздің кезіндегі командалық әріптесі әрі досы, белгілі спорт комменаторы Аспандияр Есенжолов.