Қалалық ТЖД хабарлайынша, 28 қазанда 13 сағат 13 минутта «101» пультіне Абылай хан көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келіп жеткенде, 6 минуттан кейін аумағы 10 шаршы метрді қамтыған он қабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтердің қонақ бөлмесінде жиһаздардың жануы орын алған.
Кіреберіс қатты түтіндеді, соның салдарынан адамдардың өміріне қауіп төнді. Адамдарды эвакуациялау және барлау үшін газ түтіннен қорғау қызметінің буыны ұйымдастырылды. 10-ӨСБ өрт сөндірушілерінің жедел әрекет етуі мен үйлесімді іс-қимылдары, сондай-ақ өрт болған орында сапалы барлау жұмысын жүргізу мен шешуші бағытты дұрыс анықтай білуі арқасында 5 адам құтқарылды, оның 1-і бала.
Өрт 13 сағат 31 минутта ауыздықталып, өрттің ары қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды.
Өртті сөндіру барысында улы газдан жеңіл уланған әйел адам ауруханаға одан әрі тексеру үшін жеткізілді.