Егер қажет болса, біз кез келген елге бара аламыз. 1-2 апта ішінде бағалау жүргізіп, тиісті жұмыстарға кірісеміз. Біз оқиға орнына өз командамызды әкелеміз және тазарту жұмыстарын жүргіземіз немесе ассистенттер, кеңесшілер ретінде көмектесеміз.
Арыс қаласында біз тазартуға қатыспаймыз. Тек Қазақстан Қорғаныс министрлігінің сұрау салуы бойынша жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін, яғни барлығының дұрыс, ретімен және барынша қауіпсіз атқарылуын бағалаймыз. Менің бағалауым бойынша барлығы дәл осылай, дәлірегі ретімен, қауіпсіз жасалынып жатыр.
Біз Арыста үш күн болдық. Алғашқы күні әскери бөлімнің аумағын аралап шықтық. Жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын қарадық. Екінші күні біз оқ-дәрілердің фрагменттері жойылатын полигонға бардық. Үшінші күні де тиісті жұмыстарымызды жүргіздік.
Арыста жүргізіліп жатқан жұмыс маған ауқымды болып көрінеді. Мен әртүрлі елдерде жергілікті жерді қауіпті жарылғыш заттардан тазарту жөніндегі операцияларға көп қатыстым. Бұл жерде пайдаланылып жатқан әдіс-тәсілдер өте дұрыс, тиянақты және барынша қауіпсіз екенін айта аламын. Жарылғыш қаупінің шкаласы, металл түріне қарай сұрыптау, тағы басқаларының барлығы тиянақты атқарылуда.
Мұндағы іс басындағы адамдар не істеп жатқандарын біледі. Әскери қызметшілердің 4 күн ішінде тазарту бойынша жұмыс жүргізіп, нәтижесінде тұрғындарды үйлеріне қайтара алғандары, әрине, үлкен жұмыс.
Оқ дәрілерді және олардың салдарларын жою бойынша мен қатысқан осыған ұқсас операция Конго Республикасында өткізілді. Конгодағы операция бұл жерге қарағанда әлдеқайда көп уақыт алды. Дәл осындай оқиға кезінде 300 метр радиуста толығымен барлығы қиратылды. 600 метр радиуста нысандар бұзылды, 1000 метр қашықтықта осындағы әскери бөлім жанындағыдай барлық шатырлар бұзылды.
Қиранды ауқымы көптеген адамдарға үйлеріне оралуларына мүмкіндік берген жоқ. Менің көріп отырғанымдай аталған аумақ маңындағы құрылыстарды қалпына келтіру бойынша жұмыстардың біршама бөлігі жүргізіліп те қойылды және адамдар әдеттегі өмірлеріне қайта оралды. Бұл басты басымдық. Адамдар тұрып жатқан қала тазартылды, ал қоймалар орналасқан техникалық аумақты біртіндеп тазартуға болады.
Мұндай оқиғаларды алдын ала білу, болжау мүмкін емес. Себебі, осы іспеттес оқиғалар болып тұрады. Алайда, қауіп-қатерді барынша азайту үшін оқ-дәрілерді сақтау мен дұрыс басқару жөніндегі жұмыстарға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларының сақталуына лайықты бақылау жүргізілуі тиіс. Оқ дәрілерді сақтау кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды. Кез келген оқ дәрілерді сақтау әрқашан қауіппен байланысты екенін, оның төтенше жағдайларға апарып соқтыруы ықтимал екенін түсіну қажет. Жарылыстар болмауы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, орын алып тұрады. Бұл Жаратқанның қалауымен болатын нәрсе және біз оны алдын ала біле алмаймыз.
Арыста барлық жұмыстар жақсы ұйымдастырылғанын байқап отырмын, барлық сақтау орындарының айналасында топырақ бар, ешқандай шөп жоқ. Үлкен превентивтік жұмыс көрініп тұр.
Халықты осындай, яғни қауіпті инфрақұрылымдардың жанында тұруынан қорғау аса маңызды. Қарапайым тұрғындардың аталған аумаққа өте жақын екенін көріп отырмыз. Халықтың қауіпті аумаққа өте жақын тұруына жол бермеу қажет. Бірақ, біз іс жүзінде бұған қарсы тұру қиын екенін түсінеміз.
Аталған операцияларға келер болсақ, әскери қызметшілер бұл жерде аумақты тазарту бойынша керемет жұмыс істеуде. Менің Үкіметке айтар басты ұсынысым әскерилерге уақыт және барлық қажеттіні беру, оларды асықтырмау, сол кезде барлығы өз деңгейінде жүзеге асырылады. Асығуға болмайды. Мұның маңыздылығын қайта бағалауға болмайды.
Үкімет қолдауымен олар орнықты әрі қауіпсіз бүкіл тазартуды жүргізіп шығады. Әскерилер барлығын дұрыс атқарып жатыр. Мен көптеген елдерде осындай жұмыстарға қатыстым. Аталған операциялардың сәтті жүргізілуіне үкімет пен қоғам тарапынан қолдау табуына, әскери қызметшілердің тәжірибесіне, сондай-ақ шетелдік көмектің тартылуына байланысты. Мәселен, Болгарияда осындай операцияны өткізген кезде оларда 2 жазатайым оқиға орын алды. Минадан залалсыздандыру бойынша олардың мамандары жекеменшік аумақтағы жұмыстарды атқаруға рұқсат берілген жоқ. Нәтижесінде, біз осы тазартуды өзіміз жүргіздік. Бұл ұзақ уақытты, яғни 8 айды алды. Аумақ бұл жерге қарағанда әлдеқайда кішкентай болды. Бұл жұмыс уақытты талап етеді.
АҚШ пен көптеген басқа елдер қажет болса қолдау көрсетуге әзір екенін білемін. Бірақ бұл жерде мен қазақстандық әскерилер өздері барлығын жасап, керемет жұмыс орындап жатқандарын көріп отырмын.
Бұл жұмысты адамдар жүргізуі тиіс. Аталған жұмыстарда робот-техникалық құралдардың пайдаланылуы мүмкін емес. Бұл жердегі заттардың барлығы қауіпті жарылғыш және кез келген ықпалға сезімтал. Роботтар оқ-дәрілердің және олардың қауіпті жарылғыш деңгейінің ара-жігін ажырата алмайды. Тек адамдар ғана олардың қауіпсіз немесе қауіпті екендігін анықтай алады. Мұндай жұмыстарды дұрыс әдістеме бойынша жақсы оқытылып-үйретілген адамдар орындауы тиіс. Бұл жерде адамдарға өздігінен қозғалатын машиналар, басқа да жабдықтар қажет. Ал роботтарды қолдануға болмайды емес.
Марк ТОБАЙОС,
АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын «Golden West» ізгілік қоры оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша жедел ден қою жасағының мүшесі