Әлем • 29 Қазан, 2019

ДАИШ жетекшісінің көзі жойылды

308 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен сенбіден жексенбіге қараған түні АҚШ әскерлері ДАИШ террористік тобының жетекшісі Әбу Бакр әл-Бағдадидің көзін жойды. Сирияның Идлиб провинциясындағы Бариш елді мекенінде жүргізілген әскери операция барысында жаһандағы «№1 террорист» екі әйелі және үш баласымен бірге өзін-өзі жарып жіберіпті. Бұл жайында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.

ДАИШ жетекшісінің  көзі жойылды

Бес рет «өлген» әл-Бағдади

АҚШ президентінің айтуынша ДАИШ жетекшісінің көзін жою опе­ра­циясы 26 қазан күні кешке ұйымдас­тырылған. Оның сөзіне қарағанда операцияға Америка әскерлерінің 8 тік­ұшағы қатысып, әскери шара бірнеше сағатқа созылған. Алдымен террорист орналасқан үйді бір жарым сағат бойы атқылаған тікұшақтар кері қайтып, қайта оралғанда әлгі аумаққа арнайы жасақ жауынгерлерін жеткізген. Бі­рақ, бәрібір әл-Бағдадиді тірідей қолға түсіре алмапты. Террорист өзін-өзі жарып жіберсе керек. Операция үшін Амери­ка әскерилері Түркияның әуе кеңіс­тігін қолданғаны туралы дерек бар. АҚШ президенті «Ресей, Түркия, Ирак пен Сирияға алғыс айта­мын» деп операция кезінде Ресей­мен және Түркиямен байланыста болға­нын мәлімдеді. Операциядан соң әл-Бағ­дадидің денесін алып кеткен америка­лықтар, ДНК зерттеуін жасап, мүр­денің террористікі екенін анықтаған. Осылайша АҚШ әскерилері жаһандағы тағы бір террористі өлтірді. 2011 жылы америкалықтар Пәкістан жерінде Әл-Қаида тобының жетекшісі Усама бен Ладеннің көзін жойған болатын.

ДАИШ террорлық тобы жетек­ші­сінің өлтірілуіне байланысты күні бүгінге дейін түрлі ақпараттар тарап келген болатын. Оның өлтірілгені жайлы алғаш рет 2015 жылы әл-Арабия телеарнасы мәлімдеген еді. Онда террорист АҚШ әуе күштерінің Ирак же­рін­дегі ДАИШ нысандарын бомбалауы кезінде көз жұмағаны айтылған. Бірақ бұл дерек дәлелденген жоқ. Кейін әл-Бағдадидің ауыр жараланып, соның салдарынан өлгені, уланып көз жұмғаны, аурудан қайтыс болғаны жайлы да деректер тараған. 2017 жылы Ресей Қорғаныс министрлігі орыс әскери әуе күштерінің Сирия жерін­дегі террористік топтарға шабуылы кезінде әл-Бағдади өлуі мүмкін еке­нін мәлімдегені бар. Алайда оның көзі жойылғаны жайлы бұған дейінгі бір­де-бір дерек дәлелденбеген еді. Ал тер­рорист болса 2014 жылдан кейін тек биылғы мамырда ғана видео арқы­лы жақтастарына өзінің аман екенін білдірген болатын. Содан да болса керек, оның өлі-тірі екенін біле алмай түрлі қауесет таратушылар аз болмаған-ды. Осы жолы америкалықтар террористің көзі жойылғанын «салтанатты» түрде жаһанға жар сала хабарлады.

 Президенттер ұнатататын тәсіл

Дүниені дүрліктіріп жүрген тер­рористерге қарсы операция­лар ұйымдастыру кезінде амери­ка­лықтардың «шоу» жасауға құмар екені бай­қалып қалады. Әсіресе, террорлық топ жетекшілерінің көзін жоюға бағытталған операцияларды АҚШ президенттері тікелей эфирлерден тамашалайтын әдеттері бар. Әрі әлеуметтік желілер арқылы жұртты елеңдетіп қояды. Одан соң арнайы мәлімдеме жасайды. 2011 жылы Усама бен Ладеннің көзін құртуға бағытталған операциядан соң сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама да мәлімдеме жасаған еді. Осы жолы Дональд Трамп алдымен twitter –ге «Жаңа ғана үлкен бір оқиға болды» деп жазып, жұртты елеңдетіп қойды да ертеңінде арнайы мәлімдеме жасады. Сөйтіп әскери операцияның бүге-шігесіне дейін айтып берді. Дегенмен, CNN бастаған бірқатар ақпарат құралдары террористің көзі жойылғанына күмән келтірмегенімен, операцияның ұйымдастырылу мерзімі мен нәтижесінің жарияланған сәтін АҚШ-тағы президент сайлауының алдындағы айла ретінде бағалап отыр. Тіпті CNN тілшісі Стэфэн Коллинсон террористің өлтірілуі Трампқа саяси тұрғыда қолайлы болғанымен, импичмент үшін жүргізіліп жатқан тексерулерге тоқтау бола алмайтынын жазды. Автор «әл-Бағдади кетті, ал саяси текетірес енді басталды» деген көлемді мақала жазды. Онда Трампты демократтардың құттықтауға асықпай отырғанын, өйткені олар да Усама бен Ладеннің өлімін Барак Обама қайта сайлану үшін пайдаланып кеткенін еске салады. «Бен Ладен өлді, General Motors тірі» деп айқайлап еді сол кездегі вице-президент, 2020 жылғы сайлауға президенттіктен үміткер болып тіркелген Джо Байден» деп жазды автор. Fox News болса демократ Джо Байденнің әскерилерді ғана құттықтағанын, Трампқа Сириядан әскерді шығармау туралы кеңес айтпаққа бекінгенін жазды. Әрі әл-Бағдадидің көзін жою операциясын «сәтті» деп бағалаған. Мұның өзі АҚШ масс-медиасының әл-Бағдади өлімін алдағы сайлау алдындағы саяси талас-тартыс үшін қазірдің өзінде пайдалана бастағанын көрсетіп отыр. CNN Ақ үй басшысына тіс қайрап жүргенін аңғартса, Fox Трампты жақтайтынын байқатып алды. The New York Times болса әл-Бағдадидің көзін құртуға бағытталған операция Трамп Сириядан АҚШ әскерін шығару туралы шешім қабылдаған соң жедел ұйымдастырылғанын жазды. Яғни әскерилер әл-Бағдадиден айырылып қалмау үшін барын салса керек. Басылым «әл-Бағдадиді жою операциясы Трамптың арқасында емес, Трамптың әрекеттеріне қарамастан жүзеге асырылды» деп жазды. Қалай болғанда да әл-Бағдадидің көзін құрту 2011 жылғы әскери операцияға қай жағынан қарастырсаңыз да қатты ұқсап тұр.

Операцияға күмән келтірушілер де бар

Әл-Бағдадидің өлтірілуіне байланыс­ты көптеген мемлекеттердің басшылары пікір білдірді. Көбі әл-Бағдадидің өлтірілгенімен, терроризммен күрес тоқтамайтынын айтқан. Сөйте тұра операцияға қатысты өзгеше «пікір» білдіргендер де болды.

Ұлыбритания премьері Борис Джонсон twitter арқылы «әл-Бағдадидің өлімі терроризммен күресте маңызды сәт, алайда ДАИШ-тың жамандығымен күресіміз әлі бітпеді. ДАИШ-тың қанішерлік, варварлық әрекеттерінің тамырына балта шабу үшін коалициядағы одақтастарымызбен бірге жұмыс істей береміз» деп жазды. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон болса әл-Бағдадидің өлімі ДАИШ ке жасалған үлкен соққы екенін, бірақ топты құрту жолындағы кезекті қадамдардың бірі болып қана қалатынын айтты. Ирак билігіндегілер әл-Бағдадидің Сирияда жасырынып жүргенін анықтауға көмектескендерін мәлімдеді. Ирак билігі «Барлау қызметіміз террорист Әбу Бакр әл-Бағдадидің жасырынған жері Сирияның Идлиб провинциясы екенін нақты анықтап берді» деді. Ал Сирияның солтүстігінде әскери операция өткізіп жатқан Түркия елінің президенті Режеп Тайып Ердоған twitterде «ДАИШ террорлық ұйымы жетекшісінің көзін жою одақтастарымызбен бірге терроризге қарсы күресіміздің маңызды бір кезеңі болды. Түркия бұған дейін жасап келгеніндей, бұдан кейін де терроризммен күреске үлес қосуын жалғастыра береді» деп жазды. Алайда «№1 террористің» өлтірілуіне қатысты күмәнді пікір білдірген мемлекеттер де бар. Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, генерал Игорь Конашенков террористің өліміне қатысты нақты дәлел жоқ екенін айтқан. Оның сөзіне қарағанда сенбіден жексенбіге қараған түні Идлиб маңында АҚШ немесе коа­лиция күштеріне қатысты ешқандай ұшақ, тікұшақ шабуылы тіркелмеген. Әрі РФ Қорғаныс министрлігіне АҚШ тарапынан ешқандай өтініш немесе құлаққағыс жасайтындай мәлімет келмеген. Сонымен қатар ДАИШ бас­шысының ұйымның бітіспес дұшпаны «Джабхат ан-Нусра» тобы бақылауда ұстайтын аймақта жүргеніне де орыс генералы таңғалып отыр. Ал Чешенстан президенті Рамзан Қадыров: «Әбу Бакр әл-Бағдади тағы өлтірілді ме? Есіме Тарас Бульбаның ұлына айтқан «Сені өзім туғыздым, өзім өлтіремін!» деген сөзі түсіп тұрғаны. Бен Ладен өлді, «Әл-Каида» тірі. Егер террористерді «жақсы» және «жаман» деп бөлетін болсақ, әл-Бағдадидің өлімі ештеңе өзгертпейді. Ең бастысы Сирияны ДАИШ-тен толық тазалау ғана» деп мәлім­деді. Өз кезегінде Иран үкіметінің баспа­сөз хатшысы Әли Ребеи атышулы терро­ристің өлімі ұйым мен террористік идео­логияға нүкте қоя алмайтынын айтты. Ол әлеуметтік желі арқылы «маңызды ештеңе болған жоқ, тек өздерің өсірген террористің ғана көзін құрттыңдар» деген сыңайда мәлімдеме жасады. Қысқасы, әл-Бағдадидің өлгеніне сенетіндер де, күмәнмен қарайтындар да бар.