29 Қазан, 2019

Түркімен туыс Рахманинов

1585 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Көзі тірісінде-ақ «орыс данышпаны» атанған әлемдік деңгейдегі әйгілі композитор, теңдесі жоқ пианист, дарынды дирижер, соңына музыкалық бай мұра қалдырған Сергей Рахманинов кеңестік жүйені мойындамай, алдымен Швеция, кейін Америка асып бара жатқанында, ақтың қашып, қызылдың қуып, қым-қуыт аласапыран шақ орнаған мазасыз мезгіл болатын.

Түркімен туыс Рахманинов

 

Адамның елден кету туралы шешімі аяқасты туа салмайды. Жүрегінің әрбір тамыр-талшығымен шексіз сүйген Отанын тастап кетуге тек революция емес, ұзақ толғаныстан туған Бірінші симфониясының тыңдарман тарапынан аяусыз сынға ұшырап, сыншы біт­кен­нің тас-талқан етіп, мазақ-мас­­қараға айналдырғаны қосымша қам­шы болып тигені рас. Бар болғаны 22 жастағы алып-ұшып тұрған Рахма­ни­нов өзін сынағандарды емес, лайық­ты шығарма тудыра алмаған өзін жек көрді. Өзін өзі жазғырудан жалықпады, бетімен жер бастырған ұятты өліммен бірдей санап, сұлқ түсіп жатып қалды. «Рахманиновтың музыкасы орыстың музыкасы емес» деген сүйек сындыра­тын жалалы сөз жан дүниесін тұтас қорлап, құр сүлдерін қалдырды. Та­лантты тұсаулауға бағытталған бі­рін­ші қадам сәтті орындалды – ком­позитордың тауы шағылғаны сон­дай, үш жылға дейін музыка жаз­бады, күйсандығына отырмады. Тағ­дыр­дан ауыр соққы алып, музыка үшін жаралған нәзік жанына жастай жара түскен композитор ендігі жерде өзін композитор деп атағандарды қабылдай алмайтын жағдайға жетті. Өзі туралы пікірі өте төмен болды, есіміне елең етіп «композиторсыз ба?» дегендерді еш намыстанбай-ақ «етікші деңіз» деп түзететін еді. Америкаға келген­нен кейін ондағылар пианистік талантын жоғары бағалап, әлемдік дәрежедегі талантты музыкант ретінде танығанымен, Рахманинов мұнда да он жылға жуық уақыт ешнәрсе жазбай, тосырқап, тоқырап жүріп алды. Тек Құрама Штаттардағы өмірінің он жылын түйіндейтін тұста ғана әйгілі пианиноға арнаған Төртінші симфониясынан бас­тап музыка жазуды қайта қолға алады. Өз Отанын жан-тәнімен сүйген Сергей Америка азаматтығын алудан саналы түрде бас тартқан, «сатқындығы» жанына сая таптырмаған болуы керек, ешқашан алуға талаптанбаған да.

Бүкіл әлемге мәшһүр ұлы компо­зитордың өмірбаян тарихына қыс­қаша шолу жасап, өткенді термелеп жатуымыздың өзіндік сыры бар. Қа­зақтың 1000 әні мен 500 күйін қағазға түсіріп, қаттап беріп кеткен музыка зерт­теушісі Александр Затаевич өт­кен ғасырдың басында Америкада тұра­тын Рахманиновпен ұзақ жылдар бойы хал-жағдай білісіп, хат-хабар алмасып тұрады. Бұл Затаевичтің те өз Отанынан қуғындалып, алдымен Орынборға, соңыра Қазақстанға біржола қоныстанып, қазақ даласының ені мен ұзындығын еркін көктеп, халық әнінің белгілі орындаушылары мен құймақұлақтардың қасынан табылып, қазақтың ән-күйін нотамен таңбалап, шығу тарихының сипаттамасын жазып, болашақ іргелі еңбегінің соңында ерінбей ізденіп жүрген кезі. Қазақтың үш мектептен тұратын ән өнерінің, төрт мектептің дәстүрімен қалыптасқан күй өнерінің ұшан-теңіз бай мұрасын жинақтап жүрген Затаевич мұншама мол қазынаның музыкалық, эстетикалық ләззатын Рахманиновпен бөліспей тұра алмасы белгілі.

Өзбекстан Мемлекеттік консер­вато­риясының профессоры, белгілі музы­ка зерттеушісі Тоқтасын Гафур­бе­ков А.Затаевич пен С.Рахманинов арасындағы достық, әріптестік байла­ныс тақырыбын ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан ғалым. Тоқтасын ағамыз тағдырдан ерте таланып қал­ған С.Рахманиновтың төңірегіндегі әріптестеріне, үзеңгілес замандастарына сенімсіздікпен қарағанын айтады. Ішкі әлемінде болып жатқан алапат жарылыс­тарды, жазылмастай болып түскен жан жарасын тірі пенде баласына сездірмей, мүмкіндігінше жасырын ұстап, ешкімді жақын тарт­паған. Жан әлемін тұмшалап алған ол сырын, мұңын тек таңдаулы адамдармен бөліскен. Соның бірі – А.За­таевич. Ал композитор, композитор бол­ғанда да, әлемдік өнер мен мәдениет туралы аста-төк білімге ие, музыка туралы сағаттап отырып ағыл-тегіл әңгіме айтудың асқан ше­бері, классикалық музыкаға қызмет ету­ді өмірінің мәні деп білген ұлы композитор мен далалық өнерді дә­ріптеген фольклоршының арасында қан­дай достық болуы мүмкін, оларды не ортақтастыра алар еді? Әрине музыка. Бұл кейбір музыкатанушылар айтып жүргендей, ешқашан бір қазанда басы піспейтін классика мен халықтық өнердің мәмілеге келуінің сирек те болса көрінетін бір мысалы. Рахманинов Затаевичтің «екі аяқты энциклопедиялығын» жоғары бағалаған. Өздерін басыбай­лы музыкаға арнаған, ойлау кеңістігі әлем­дік ілім-біліммен ұштасқан екі ұлы музыканттың арасын шы­ғар­­машылықтың төңірегіндегі пі­кір ұқсастығы байланыстыра, жа­қындастыра түскені анық. С.Рахма­ниновтың өтінішімен Затаевич қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт секілді түркі халықтарының жиырмадан астам әнін нотасымен бірге Америкаға жолдаған. Бүгінде музыка зерттеушілері бұл ән­дер­дің Рахманиновтың шалқар шабытына жаңа леп, тың өрнек болып із салуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Қазақтың әрбір әні дайын тұрған опера» деген сөзін Затаевич бекер айтпаған және Рахманинов алыстағы елдің сол әндерін аттай қалап бекер сұратпағаны да белгілі. Т.Гафурбековтің айтуын­ша, Рахманинов Американың аса ірі баспа ісі қожайындарының бірі Йор­генсоннан Затаевичтің музыкалық еңбегін жарыққа шығарып беруін сұраған. Өкінішке қарай, Рахманинов өмірінің қысқа қайырылғанына байланысты екеуі де бұл тілекке жете алмаған.

С.Рахманиновтың сорғалаған лири­калық сезімге тұнып тұрған «Япур-ай» әніне айрықша ықылас танытып, жо­ғары бағалағанын зерттеушілер тегіс қуаттайды. Ал ең қызығы, Сергей Ва­силье­вич музыкалық миссиясын, жалпы шығармашылығын «Япур-ай» әнінің сарынымен түйіндеген дейді. Қалай? Рахманинов астарында сағыныш, мұң-зары бар «Япур-ай» әнінің семантикасын бүкіл жан дүниесімен сезінген. «Жаз болса, жар­қыраған көлдің беті, көгеріп тол­қындайды, япур-ай, алыс шеті» деп бас­талатын әннің өзегіндегі мұңлы сезімді арғы Құрманбек Жандарбеков, Ришат Абдуллиндердің орындауынан тыңдай алмасақ та, берідегі Ермек Серкебаев, Бекболат Тілеухан, Шаба Әден­құл, Димаш Құдайбергенге дейін­гі әншілер әртүрлі нұсқада өзінше жеткізіп келеді. Осы әндегі сағыныш тербеген сарынды орыс композиторы апокалипсис символы Dies irae-мен қатар қолданған. Dies irae дегеніміз – еуропалық танымдағы Қаһар күні. Қарапайым түсіндіргенде, мұсылман дүниетанымындағы «қиямет күні», қазақшалап айтқанда, «ақырзаман» батыста «Dies irae» аталады. Өмірін орталай бастаған кезеңде кемел ой­лы композиторлардың көпшілігі, оның ішінде, Рахманинов та құдайға қа­рай жақындап, тіршіліктің шын мә­нін іздей бастаған шағында жазған шығармаларын хақтың мазмұнымен толтыруын зерттеушілер осы заңды­лықпен байланыстырады.

Өнер зерттеушілері арасында «Япур-ай» әнінің шығу тарихына бай­ланысты айтылып жүрген болжамдар өте көп. Бұл әннің екі нұсқасын А.Затаевич Орал өңірінен нотаға түсір­ген. Біріншісін Құл­сүйіндік ауылының тұрғыны Шом­бал Доспамбаевтан жазып алса, екіншісін Ғалымжан Шын­ғалиев деген әншінің айтуы­мен хатқа түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Мұны Тоқтасын Гафурбеков те айтып отыр. «О, Боже!» «О, Алла!» «Я, Құдай!» «Я, пірім!» Әр тілде, балама ұғыммен түр­леніп айтылғаны бол­маса, Dies irae үшін бұл бір үлгі, бір мысал – құдайлық шындықты тану, тез оңатын әсіреқызыл дүниенің жал­ғандығынан түңіліп, жа­ра­тылысқа қарай жақындай түсу, мәңгіліктің өзімен табысу. Қазақ әнінің археологы Ілия Жақанов та «Япур-ай» – қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге тұнған тіл байлар інжу-маржаны! Оның сол іңкәрлігіне қызыққан Сергей Рахманинов өзінің ең соңғы шырайлы шығармаларының бірі «Симфониялық билерінде» «Япур-ай» әнін өте әсерлі етіп қолданыпты» деп жазады.

Мұнымен бірге композитор «Скиф­тер» деген балет те жазу­ды да жоспар­лаған. Балетті ол аяқтай алмаған, бірақ балет музыкасында пайдаланған материалын «Симфониялық билерінде» қолданады.

Рахманиновтың тегі туралы әңгіме өте нәзік тақырып. Әлемдік музыка өнеріне құбылыс болып келіп, орыс ұл­тының даңқын шығарған санау­лы мақтанышының бірегейі болғандықтан олар оны өзге жұртқа қиғысы жоқ, әдетте сұрақты айналып өтуді қолайлы санайды. Ал түбірі «рах­ман» деп айғайлап тұр­ған текті өзіне қарай жақындатып икемдеуге түркі жұртына тән әдеп пен иба бұл жақтағы зерттеушілердің тілін байлап тұрады. Төлқұжат бойынша ол «орыс композиторы». Т.Гафурбеков «Восток и Рахманинов» деген мақала­сында Сергейдің Америкадан Ресейге жол­даған бір хаттарында: «Қырым мен Кавказдың әндері мен әуендері ғажап сұлулыққа тұнып тұр» деп жа­за­тынын айтады. Байқайсыз ба, «Кав­каз бен Қырым» деп алабөтен бөліп, мақтанышпен айтады» деп өзбек зерттеушісі әңгімесін аяқтады.

Ал Кавказ бен Қырымның аты атал­ған жерде міндетті түрде түркі дәуірі, түр­кілер билігінің үстемдігі орнаған жыл­дардың жадыдан жылт етіп қылаң беретіні бар. Волгоградтық ғалым Дильбар Әбдірахымқызы Рахимова да Рахманиновтың шығармашылығында орыс және шығыстық бастаумен біте қайнасқан синтез музыка мысалының аз кездеспейтінін айтады. Ол синтез композитордың әйгілі «Алеко» операсынан да, виолончель мен форте­пианоға арналған «Шығыс билерінен» де байқалады. Арада жүздеген жылдар ағып өтсе де, бастау-бұлақта тұрған ата тек мінезінің қалғымай, қандағы ақпарат арқылы хабар беретінін, қажет кезде атойлап көрінетінін осындай белгі-қасиеттер жақсы аңғартады.

Орыстың ұлы композиторы болып танылған Рахманинов тегінің құпиясын ашуға тарихшылар мен музыка зерттеушілері әр кезең сайын тал­пыныс жасап отырған. 1895 жылы Киевте басылып шыққан «Дворян Рахманиновтардың тегі туралы тарихи мәлеметтер» деген кітапта Рахма­ниновтар тегінің молдаван Драго­шынан тарайтыны айтылады. ХV ғасырда Сергейдің арғы атасы Иван Венчиннің ұлы Василий Молдавиядан Мәскеуге қоныс аударғанда «Рахман» болып келіп орнығады. Жалпы, Рах­манинов деген тек біздің санамызда бірден мұсылман қауымы үшін жа­ратушы Алла тағаланың 99 ұлық есімінің бірі «Рахман», «аса мейірімді» деген араб сөзімен байланысты орала кетеді. Ал В.Дальдың «Тү­сіндірме сөз­дігінде» «рахманный» сөзі бірнеше нұсқада кездеседі және бір-біріне кереғар мағына береді, олардың тек бірқатарын ғана санамалап шықсақ: «көңілді», «сөзшең», «қыдырымпаз», «мейірімді», «жақсы», «жомарт», «кең­­пейіл», «әлсіз», тіпті «кеміс» деп ай­мақ ерекшелігіне байланысты түрлі ұғымға орайлас мағынада қолданыла беретінін байқаймыз. Композитордың ата тегі туралы кітаптың 1-бөлімінде Мол­давия князьдығының негізін салған Драгоштар әулетінен Рахманиновтарға ауысудың үлкен бір себебі, екі ұл, екі қызы болған ұлы князь Стефан IV (1457-1504) билік құрған кезеңмен түсін­діріледі. Ол Польшамен, әсіресе түрік сұлтаны Сүлейменмен және Қырым ханы Меңлігереймен көп соғысады. Орыс тектері көп жағдайда лақап атауға (прозвище) байланысты пайда болғаны белгілі. Ал орыс жылнамаларындағы қыпшақ-түркі кісі атауларын зерттеп, дәйекті тал­дау жасаған белгілі түрколог ғалым Николай Баскаковтың «Түркі текті орыс есімдері» атты еңбектің негізін­де кісі атауы оның мінезімен, іс-әре­кетімен немесе жер жағдайы, қауым­дастықтағы орны мен әлеуметтік мәртебесіне қарай рулық, отбасылық лақап атауы негізінде қалыптасқаны дәлелденген шындық. Ұлы князь Стефанның екінші ұлы Иван Венчиннің кіндігінен тараған Василийге берілген араб-мұсылмандық «рахман» атауы оның мінезінің жұмсақтығы мен мейірбандығына орайлас берілуі мүм­кін деген болжам айтылады. «Рахман» деген лақап ат иеленген Василий өмір сүрген XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басы Молдавия мен Вала­хияның қырым татарларының үздіксіз шабуылынан шайқатылып, ақыры басыбүтін беріліп, құн төлеп тұрған кезі болатын. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, «Венчин» деген тектің өзі «тәуелді» деген мағына береді. 1453 жылы Константинополь құ­лағаннан кейін Молдавия түрік империясына да тәуелді болып қалады. Рахманиновтар тегін зерттегендердің тағы бір болжа­мы бойынша, оның ар­ғы бабалары Ва­силий «Рахман» атауын аралас некеден туған­дықтан немесе қыпшақ (немесе татар) әскерінің сар­базы болғандықтан иеленген. Себе­бі жауланған жердің христиандары түріктің яки татардың тегін иеленсе, салық төлеуден босатылатын болған.

Рахманиновтың тегіне байланыс­ты тағы бір қызықты дерек. Швей­ца­­рияда құрылған халықаралық «Рах­­­манинов қорын» ұстап отырған шөбе­ресі Александр Рахманинов ресей­лік басылымдардың біріне берген сұх­батында атасы мен атақты опе­ра әншісі Федор Шаляпин екеуінің қалжыңы жарасып, арасынан қыл өтпе­ген жақын дос­тар болғанын әңгімелей келіп, әншінің өле-өлгенінше атасын «ты моя татарская морда» деп атағанын айтады.

Кім білсін, Ресей жерінің таби­ғатын, халқын жан-жүрегімен сүйген Рах­манинов ең алғашқы күрделі шы­ғар­масымен жасындай жарқ ете қалғанында ризашылық пен рахметтің орнына, «оның музыкасы орыстың музыкасы емес» деп өре түрегелгендердің ауыр айыптауына тап болуының арғы жағында түркімен түбірлес тегіне көр­сетілген қарсылықтың қатар жатуы да әбден мүмкін екенін бүгінгі күні се­німмен айтуға болатын сияқты. XXI ға­сыр­да жаңа көзқарастар айтыла жатар. Орыс төлқұжатын иеленген Америка тұрғынының түбін түркілерге апарып тірегеннен адамзатқа ортақ азаматтың ата тек-өмірбаянына келіп-кетер зиян жоқ. Тек жақсыны жа­қын тарту – жаратылысқа тән мінез екенімен ешкім дауласа қоймас.

 

АЛМАТЫ