Қазақстан • 29 Қазан, 2019

Ұлт рухының ұстыны – Ордабасы

737 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкенттен Түркістанға барар жолда немесе батыс­тан оңтүстікке келер бетте алыстан менмұндалап тұра­тын төбеге Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген анық­тама берсе, халық жазу­­шы­сы Әбіш Кекілбаев «қазақ ру­хы­ның қағбасына» те­ң­еген бо­ла­тын. Елбасы Н.Назар­баев «Бола­шаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» бағ­­дар­­ла­­малық мақаласында Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түр­­лі рөл атқарғанын атап өтті.

Ұлт рухының ұстыны –  Ордабасы

Бұл орайда ел тарихында ерекше маңызы бар басқосу 1726 жылғы көктемде Ордабасыда өткенін еске сала кетелік. Орда тігіліп, қазақтың Үш жүзінің игі жақсы­лары­ның басы қосылып, жоңғар басқын­шы­лығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған жиын ел тари­хын­дағы аса ауыр сын кезінде, ха­лық­тың рухын көтеріп, ұлттық на­мыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Тұңғыш Президент Н.Назар­баев­тың: «Аталы кесімге, әділ ше­шім­ге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге ба­ғынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәр­төбе мен Күлтөбеде келелі ке­ңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан са­йын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», деген сөздері де ел жадында. Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздік­тің ұлы тойы өтті. Ал 1997 жылы биік­тігі отыз метрге жуық зәулім мо­нумент орнатылып, онда ұлы бірліктің мұраттары, хандар мен билеріміздің, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленді. Ескер­т­кіштің ашылу салтанатына Ел­басы қатысып, сөз сөйлегенін де ел ұмыта қойған жоқ. Ордабасы та­ри­хына тоқталуымыздың себебі де жоқ емес. Өткен апта соңында құ­­рыл­ғанына 55 жыл болған ауданда «Қазақ рухының қағбасы – Орда­басы» мерекелік іс-шарасы өтті.

Көп балалы және аз қамтылған 20 отбасына пәтер кілті табыс етілді

Ордабасы ауданының 55 жыл­дығына орай өткен дүбірлі тойға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Түркі­стан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев қатысты. Аудан орта­лығы Темірлан қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен мереке­де түрлі бағдарламалар ұйым­дас­ты­рылды. «Алтын күз» айдары бо­йын­­ша ауыл шаруашылығы өнім­дері­нің, қолөнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің көрмесі ұсы­нылды. Мерейтойға арналған сал­танат­ты жиында облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеев Ордабасы ауда­ны­ның 10 азаматын «Ауданға сіңір­­ген ең­бе­гі үшін» төсбелгісімен, ал аудан әкімі Әліпбек Өсербаев жылдың үздік шаруаларын, ауыл­ша­руа­шы­­лық еңбеккерлерін аудан­ның 55 жыл­дық мерекелік медалі­мен мара­­пат­тады. Аудандық мәде­ниет үйін­де «Тарихқа тұнған Ор­даба­сы» ғылыми-танымдық кон­фе­рен­­ция­сы ұйымдастырылып, аудан әкімі Ә.Өсербаев, ардагерлер кеңе­­сі­нің төрағасы І.Жүсіп, ОҚО педа­го­ги­калық университетінің проректоры Б.Қашқынқызы баяндама жасады. Ал орталық стадионда Өз­бек­стан, Қытай елдерінен келген өнерпаздардың қатысуымен ха­лық­аралық ақындар айтысы өткі­зіліп, бас жүлдені түркістандық Ка­рима Оралова иеленді. Сондай- ақ атаулы мерекеге орай аудан ор­та­лығы Темірлан елді мекенінде жаңа­дан бой көтерген тұрғын үйден көп балалы және аз қамтылған 20 отба­сына пәтер кілті табыс етілді. Көп­ші­лікке «Күш атасын танымас» ұлт­тық спорт ойындары көрсе­ті­ліп, мере­келік іс-шара эстрада жұл­дыз­дарының шеруі­мен жалғасты. Аттың құлағында ойна­ған жігіттер, күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қал­мады. «Ән мен әнші» эстрада жұл­дыз­­дарының концерттік бағдарла­масы мерекенің шырайын ашып, Орда­басы жұртшылығына керемет көңіл күй сыйлады.

8 кәсіпорынның өнімі экспортқа жіберілген

Әрине кең ауқымда өтетін әрбір шараның негізінде жетістіктер мен қолға алынған жобалар жататыны мәлім. Ауданда барлық сала бо­йынша ілгерілеу бар. Күні кеше Түркі­стан қаласының облыс орталы­ғы ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңіріп, бүгінде Ордабасы ауда­нын басқарып отырған Әліпбек Өсер­баевтың айтуынша, аудан­ды си­паттайтын басты көрсеткіш – жал­пы өңірлік өнім көлемі биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 55 млрд 353 млн 500 мың теңге болған немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 24,1 пайыз (13,3 млрд теңге), ауылшаруашылық саласына 57,1 пайыз (31,6 млрд теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 8 пайыз (4,5 млрд теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 10,8 пайызы (5,9 млрд теңге) тиесілі. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 300 теңге болып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 700 теңгеге артқан. Өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд 313 млн 132 мың теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 3,5%-ды құраған. Өнеркәсіптің басым саласы өңдеу өнеркәсібінде 11 млрд 921 млн 456 мың теңгенің өнімі өндірілген. Аудан әкімінің мәлім­деуінше, биылғы 9 айда 8 кә­­сіп­орын жалпы құны 2 млрд 862 млн 800 мың теңге болатын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жі­бер­ген. Мысалы, «Ордабасы құс» ЖШС 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін Ресей­ге, «Ордабасы нан» ЖШС 721,3 тонна өндірілген жоғарғы сұрып­ты бидай ұнының 80%-ын Өзбек­станға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорын­дар мақта талшығын Чехия, Бело­рус­сияға экспорттаған. Ал ауданға тар­тыл­ған инвестиция көлемі 14 млрд 955 млн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3%-ды құрап отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларын­да ауыл шаруашылығы жалпы өні­мінің көлемі – 31 млрд 619 млн 900 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд 770 млн 600 мың теңгеге арт­қан. Мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мал басы мен өнімдерін ұлғайту­ға және асыл тұқымды мал басы­ның үлесін арттыруға бағытталған аудан­да қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың тиісті кезеңі­мен са­лыстырғанда, ірі қара мал – 110%-ға (72 мың бас), жылқы – 107,5% (24,1 мың бас) қой – 100,1%-ға (361,4 мың), ешкі – 13,4%-ға (15,5 мың) құстың барлық түрлері – 115,2%-ға (560,6 мың бас) өсті. Жыл қорытындысымен ауыл ­шаруашылығы жалпы өнім көле­мін 40 млрд 157 млн теңгеге, ауыл ­шаруа­шылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемін 7 млрд теңгеге жеткізу, жылы­жай көлемін 3,1 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл Бадам өндірістік аймағында орналасқан «Green Technology industries» ЖШС Шанхай, Гон­конг елдерінің инновациялық тех­ноло­гияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының екінші кезеңін іске қоспақ. Ал 2020 жылы 22 млрд 300 млн теңгеге 2 инвестициялық жоба 415 жұмыс орнымен ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ ауданда «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы шең­берін­де атқарылған істер бір төбе. Мәселен, «Тәрбие және білім» кіші бағ­дарламасы бойынша 1171 іс-шара ұйымдастырылса, «Өлке­тану» бағыты бойынша 250 түр­лі форматтағы іс-шара өткізі­ліп, оған 8125 адам қатысқан. Сондай-ақ «Отаным тағдырым», «Са­на­лы азамат» бағыттары бойынша да өткізілген іс-шаралардың ма­ғы­н­асы мен қамтылуына мән беріл­ген. Аудандағы 50 мектеп кітап­хана­сында «100 жаңа есім» бойын­ша көрме ұйымдастырылып, ақпараттық сабақтар өткізілген, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 50 аудио, бейне байқаулар ұйымдастырылған. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша 133 іс-шара өткен. Елбасы мақаласында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қам­қорлық жасағысы келген кәсіп­керлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйым­дастырып, қолдау керектігі, қалыпты және шынайы патриоттық сезімге тыйым салмай, керісінше ынталандыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл орайда ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде, демеу­шілер есебінен ауыл округ­терінде спорттық алаңшалар мен бөбекжайлар, 1 200 млн теңгеге емхана салынып, 700 млн теңгеге 70 жатын орнымен Бөржар ауыл округіндегі «Қайнар» емдеу-сауықтыру орталығы ұлғайтылды. Ал «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бөрте милка» ЖШС-нің директоры Н.Әбішев аз қамтамасыз етілген екі қызметкеріне тұрғын үй алып берсе, «Агро 5» ЖШС 2-топ мүгедектігі бар Дәрібаевтар отбасына қаржылай көмек берді. Жалпы аудан көлеміндегі 127 кәсіпкермен «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға жалпы соммасы 3 млн  750 мың теңгеге көмек көрсетілген. Бағдарлама аясындағы игі істер жалғасын табуда.

 

Түркістан облысы